Қазығұртта «Достық дастарқаны» фестивалі өтті

Қазығұрт ауданы, Тұрбат ауылдық округінде 25 қазан – Республика күні мерекесі қарсаңында, сондай-ақ, Қазығұрт ауданының құрметті азаматы, тарихшы Зухриддин Темиров ағамызды еске алуға арналған «Достық дастарқаны» атты облыстық фестивалі өтті, деп хабарлайды аудан әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған oninfo.kz ақпараттық агенттігі.

Облыстық өзбек этномәдени орталығының іс-шарасына сәйкес, аудандық өзбек этномәдени орталығының ұйымдастыруымен өткізілген осы фестивальге тек ауданымыздан ғана емес, көршілес Өзбекстан Республикасы, Ташкент облысынан, Түркістан облысына қарасты Келес, Сауран аудандарынан да аспаздар келіп қатысты. Ұлтаралық татулыққа үлкен ықпалы бар осынау іс-шараға аудан басшылары қатысып, өздерінің құттықтау сөздері мен жылы лебіздерін білдірді.

Сондай-ақ, мерекеге орай осы күні аудан орталығындағы футбол алаңында Қазығұрт ауданы әкімінің жүлдесіне арналған футболдан аудан біріншілігі басталды. Спорттық іс-шараны ашып беру үшін аудан басшылары арнайы барып, барша футболшыларға сәттілік тіледі. Үш күнге жоспарланған біріншілікке ауданымыздың барша ауыл округтерінен 14 команда қатысып, 4 топқа бөлініп, өзара бақ сынайды. Әр топтан бірінші орын алған командалар ақтық сынға жолдама алады. Жеңімпаз болған командалар мен үздік ойыншылар аудан әкімінің Алғыс хаты, кубок, медаль және қаржылай сертификаттармен марапатталады.