Ажырасу неге жиілеп кетті?

     Біздің ауыл жүз шақты отбасыдан тұратын таза қазақи ауыл болатын. Ынтымағы мен бірлігі жарасқан ауылдастар бір-біріне мүмкіндігінше қарайласып, дәстүр мен әдет-ғұрыпты берік ұстанатын еді. Кішкене ауыл болғанымен, жаз шыға бойдақ ағаларымыздың көпшілігі үйленіп, бойжеткен әпкелеріміз тұрмыс құрып, той тойлап, мәре-сәре болатынбыз. Осылайша той әлегімен ауыл адамдары қалай қара күздің келгенін де байқамай қалатын. Біз, балалар да әжелеріміз бен шешелеріміздің тойдан алып келген жылы-жұмсағы мен тәттілеріне әбден тоятынбыз. Бір қызығы, сол жаңадан отау құрғандардың ең болмаса, арасынан бірінің «ажырасып кетіпті» дегенін мүлдем естімей ержеттік. Меніңше, бұл сол кездегі қазақ ауылдарына, жалпы ұлытымызға тән құбылыс еді. Ал, ол кезде ерлі-зайыптылардың ажырасуы екі жақтың ата-анасы үшін де, әрбір отбасы мүшелері үшін де ұят саналатын. «Сенің ағаң айырылысып кетіпті ғой», «Әпкең үйіңе қайтып келген бе?» деген секілді сөздерді естуі ата-анасын былай қойғанда, отбасының есі кірген ұлына да, қызына да ауыр тиетін.

Қазіргі ауыл адамдарына ажырасу да таңсық болмай қалды. «Пәленшенің баласы ажырасып кетіпті», «Түгеншенің қызы балаларымен қайтып келіпті» десе, ешкім аса елеңдей қоймайды. Айтып отырғаным, өткен ғасырдың 80-90 жылдарындағы болған жағдайлар. Содан бері бар-жоғы 20-25 жылдай ғана уақыт өтті. Айналдырған ширек ғасырдың ішінде қалайша тез өзгеріп кеттік?! Бұған себеп не?

Қазақстан Республикасы Статистика агенттігінің мәліметіне көз жүгіртсек, неге бұлай түңіліп отырғанымызды бірден түсінесіз. 2007 жылдың 10 айында республика бойынша 121 мың 313 неке тіркелсе, олардың 31 мың 72 отбасы ажырасап кеткен. Ал, 2008 жылы осы уақыт аралығында тіркелген 113 мың 121 некенің 30 мың 150-нің дәм-тұздары жараспаған. Қарапайым тілмен түсіндіретін болсақ, жаңадан отау құрған 10 отбасының 3-4-нің бір жылда шаңырағы ортасына түседі деген сөз! Ең өкініштісі, қазағы қалың оңтүстік аймақтарда да бұл көрсеткіш жоғарыда келтірген «көрсеткіштердің» о жағы мен бұ жағында екен. Мысалы, Тараз қаласында өткен жылы 3208 неке тіркелсе, осы уақыт ішінде 806 жұп ажырасып кеткен.

Ажырасудың басты себебі — имансыздықта

«Болашақ — жастардың қолында» дегенді жиі айтамыз. Расы солай. Бірақ, олардың көпшілігінде өмірге деген жауапкершілік азайып бара жатқандай. Тіпті, кейде олардың істеген тірліктеріне қарап отырып, отбасы деген киелі ұғымды жете түсінбей ме деген ойға қаламын. Жақында бір танысым мына оқиғаны айтып бергенде, не жыларымды, не күлерімді білмедім.

Бір қыз бен жігіт жергілікті АХАЖ бөліміне келіп, некеге тұруға өтініш білдіреді. Той күні заңды некеге тұратын болып тіркеледі. Межелі мерзім жеткенде АХАЖ қызметкерлері бар дайындықтарын жасап, екі жасты күтпей ме? Бірақ, олар белгіленген уақытта келе қоймайды. Арада бір-екі сағат өткенде ұнжұрғасы түсіп кеткен күйеу жігіттің өзі ғана кіріп келіп, мән-жайды түсіндіреді. Сөйтсек, қалыңдық АХАЖ бөлімінің ғимаратына жақындап қалғанда «шашымның бір жерін түзеп алайыншы» деп шаштаразға кіріп кетеді. Қалыңдық сол кеткеннен мол кетіпті… Болашақ күйеуі, ағайын-туыс, жора-жолдасы барлығы іздей бастайды. Содан анықтай келе «келініміз» шаштараздың артқы есігінен шығып, басқа жігітпен қашып кетіпті. Әлгі жерде үлкен айқай-шу болады. Бірақ, не істейді? Осылайша бүкіл ел-жұрттың алдында жастардың абыройы айрандай төгіледі. Бұл — балалық па, әлде жастық па? Әлде…

Басты бәле имансыздықта екені ақиқат. Ал имансыздыққа бастар жолдар да әртүрлі болатыны тағы белгілі. Осы тұрғыдан алып қарайтын болсақ, ажырасудың себептеріне көз жеткізе түсеміз. Әрине, отбасының ойраны шығуына жастардың бірін-бірі жете танымай шаңырақ көтеруі, туысқандардың ретсіз ортаға түсуі, материалдық қиындықтар сөзсіз әсер етеді. Көпке белгілі, мұндай жәйттерді талқылағанша, ажырасудың басқа рухани қырына үңілгенді жөн көрдік.

Ұлы сөзде ұят жоқ. Қазір жастарымыз, өкінішке орай, бірінші төсектес болып, кейін отау құратыны жаңалық болмай барады. Содан ойнап жүріп от басады да, барлығын «білдірмей жібереміз» деп асығып-үсігіп шаңырақ көтереді. Ал некесіз жыныстық қатынасқа баруды шариғат қатты айыптайды. Ол — харам. Тағы да еріксіз өткенге ораламыз. Бұрындары ұлтымыздың арасында ажырасу неге өте сирек болды? Өйткені, халқымызда «босағаны ақ болып аттау», «алғашқы түн» «ақ неке» деген түсінік болды. Бұдан некесі қиылмай тұрып, төсектес болмағанын байқамыз. Демек, ата-бабаларымыз шариғаттың талаптарын өзінің әдет-ғұрпымен, салт-дәстүрімен тамаша үйлестіре білген. Ислам қағидаларына адалдық танытқан. Сондықтан да, отбасының абыройы асқақтап, қасиетті ұғымға айналды.

Ақ неке қиылмай жыныстық қатынас жасау — зина. Зина — ең үлкен күнәлардың бірі. Құран Кәрімде: «Зинаға жоламаңдар» деп бұйырады Алла тағала. Ислам ғұламалары «жоламаңдар» деген сөзді зинаға апаратын жолдардың барлығы «харам» екендігімен түсіндіреді. Мысалы, некесі қиылмаған бойжеткенге бірнеше рет тесіле қарау, онымен оңаша қалу, белінен, білегінен ұстау. Бұл әрекеттердің біразының соңы зинамен бітетінін өзіңіз де байқап отырған боларсыз.

Себептердің тағы бірі — жігіт пен қыздарымыздың жасы есейіп барып (30-дан асқанша үйленбеу әдетке айналып барады) отбасы құруында емес пе екен деген ойға қаламын. Психологтардың айтуынша, отыздан асып барып бірінші рет шаңырақ көтергендер ақыл тоқтатты дегенімізбен, аса кінәмшіл келеді екен. Өйткені, олар жалғыз өмір сүруге дағдыланып қалған. Ол үшін барлық шаруа өзінің ойлағанындай болу керек. Әйтпесе, сылтау шығарып ұрысуға дайын тұрады. Әрине, көпке топырақ шашудан аулақпыз. Бірақ, мұндайлардың бар екені даусыз.

«Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар» деген. Соңғы кездері «Ата-бабаларымыздың ұстанған жолы» деп өтірік бірдеңелерді (тәрбиелік мәні, ақылға қонымды болса бір сәрі) тауып алып, болашақ құдаларымызды қатты қинап қоятынымыз да жасырын емес. Ал, мұның соңы ұрыс-керіспен, жастардың ажырасуымен аяқталатыны өте өкінішті. Осы жайында айтқан бір апамыздың мынадай әңгімесі есімді қалыпты. Енді бұл оқиғаны сол кісінің өз аузымен баяндайын:

«Жалғыз ұлым үйленетін болып, дайындықты бастап жібердік. Құдалар басында «Қазақтың салт-дәстүрін, ырым-жырымын жасаймыз» деді. Келістік. Соңынан «Ана сүтіне 3 мың доллар әкелесіңдер» деді. Оған да келістік. «Қызымызды қолдан ұзатамыз, қазақта мініс деген болады» деді. Бердік. 38 жасымда Құдайдан жалынып-жалбарынып, сұрап алған баламнан несін аяйын? Күйеуім де, өзім де банктен 2 жылға несие алып, ұлан-асыр той жасадық. Тойдан кейін құдаларды күтіп жатқанбыз. Олардың «қазақтың салт-дәстүрін, ырым-жырымын жасаймыз» дегендері бара-бара күшейіп кетті. Көкесін көрсетті. Бір уақытта «Атамыздың тақиясы жоғалды» деген шу шықты. «Ұят болды-ау, кім алды, беріңдер?!» деп тақия іздеп жүрсем, ол ырымдары екен. Онысы тақияны сатып алып (10 мың теңгеден кем емес), оны жастар бөлмесіне іліп қоюмыз керек екен. Сондағысы: «Менің балам осы қарияның жасына келіп, тақия кисін» дегендері. Тағы бір кезде: «Қызымыз күйеуге қашып кетті, сендердің ұлдарың алды»,- дейді. «Бізде бір-ақ ұл. Ол сіздердің қыздарыңызға үйленіп отыр»,- дедік жан-жақтан жамырап. Сөйтсек, бұл да ырым болып шықты. Мағынасы — «ұлым мен келінім осындай тойға жетсін, болашақ қыздары күйеуге шықсын» дегені екен. «Айтқандарың келсін!» деп бұған да 10 мың теңге бердік. Сонымен не керек, құдалар жағы ақшаны сыпырып ала бастады. Соңында араққа тойған олар қызды-қыздымен бізді түксіз қалдыруға айналды. Осыған дейін сабырлылық танытып отырған күйеуім шарт кетті. Отағасының сөзіне шамданған құдалар да қалысқан жоқ. «Қызымызды әкетеміз» деді салған жерден. «Жаңылдық, жаңылыстық» деп жүріп әупірімдеп келінімізді алып қалдық. Алайда, бұдан кейін құдалармен ара-қатынасымыз онша болмай, келін біржолата төркініне кетіп тынды. Жоғарыдағы жағдайлардың орын алуына басты себеп — имансыздық екені айтпаса да түсінікті шығар.

Отан — отбасынан басталады

Шариғатымыз ажырасуға рұқсат берген. Алайда, Алла тағала ең ұнатпайтын халал тірлік ретінде қарауды әрқашан естен шығармаған жөн. Жаратушымыз Құранда талаққа үш рет қана жол берілетіндігін айтады. Бұдан қандай қорытынды шығаруға болады? Ислам ажырасуға үзілді-кесілді тыйым салмаған және оны аса құптамайды да. Сөзімізді дәлелдеу үшін Құраннан мысал келтірелік:

«Әйелдеріңмен жақсы қарым-қатынаста болыңдар. Егер оларды жек көретін болсаңдар (ұмытпаңдар), Алла сендер ұнатпаған нәрсеге көп жақсы-лық жазған болуы да мүмкін» («Ниса» сүресі, 19-аят),- деп асығыс шешім қабылдамауға үндесе, мына аятта: «Егер ол әйелдер сендерге мойынсұнып жатса, ажырасуға сылтау іздемеңдер. Күмәнсіз Алла тағала Мәртебелі, әрі Ұлы» («Ниса» сүресі, 34-аят),- деп сабырлылыққа шақырады.

Жалпы, ажырасудың негізгі себептерінің бірі — ерлі-зайыптылардың өз міндеттеріне селқос қарауында. Олардың бір-бірінің алдында міндеттері бар. Ердің жары мен бала-шағасы алдындағы міндеті — тамағын, киімін, жалпы, қажеттіліктерін халалдан қамтамасыз ету, балаларын тәрбиелеу т.б. Ал әйелдің ері алдындағы міндеті — отбасы шаруаларымен айналысып, бала-шағасын тәрбиелеу, күйеуіне мойынсұну. Ал, нәзік жандардың барлығы күйеулеріне мойынсұнып жатыр деп айта алмаймыз. Осыдан барып, ұрыс-керіс, жан-жал шығады. Оған елімізде жүргізіліп жатқан гендерлік саясатты қосыңыз. Ал еркектеріміз жарына жұбайлық, балаларына әкелік міндетін толық атқарып жүр ме? Бұл да ойлантатын сұрақ.

Ислам ерлі-зайыптылардың өз міндеттерін толықтай көрсетіп берген. Тек соны орындай алмай жүрміз. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір хадисінде: «Сендердің ең ізгілерің — әйелдеріңмен жақсы қарым-қатынаста болғандарың»,- деп ер азаматтарға құлаққағыс етеді. Әйел — анаң. Сондықтан, өз анаңды қалай құрметтесең, жұбайыңа да солай қарауға міндеттісің. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Жәннат аналардың аяғының астында»,- деген. Яғни, жұмаққа кіргіміз келсе, әркім өз анасын, әйелін сыйлап, құрметтеуі тиіс. Сондай-ақ, ер кісіге әйелі мен бала-шағасы Алланың берген аманаты. Аманатқа қиянат жасасақ, Жаратушымыз алдында ақырет күні қалай жауап бермекпіз? Мемлекетіміздің іргесі берік, шаңырағы шайқалмасын десек, әркім өз отбасына ие болып, тату-тәтті өмір сүруі қажет. Өйткені, Отан — отбасынан басталады…

дерек көзң: oko-meshit.kz

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *