АЛАЯҚТАРҒА ЖЕМ БОЛМАУДЫҢ ЖОЛЫН БІЛЕ ЖҮРІҢІЗ

Қазір ақпараттық технологияның қарыштап дамып жатқан кезеңі. Сондай-ақ, түрлі жағдайларға байланысты экономикалық тұрақсыздық жиі орын алуда. Тиісінше, атап өткен екі жағдай да халықтың ақпараттық және қаржылық тұрғыдан сауатты болуын талап етіп отыр. Бұлай деуімізге, кейбір ел тұрғындарының қаржылық қиындықтарға тап болып, соның әсерінен оңай ақша табуды ұсынатындарға және ғаламтор арқылы арам пиғылын іске асыратын алаяқтарға жем болып жатқаны түрткі болуда. Себебі, ақпараттар ағынын бір шолып шықсаңыз, бір күнде кемінде 4-5 адамның сан соғып қалғанын оңай байқап жатамыз. Ал, бұл жағымсыз жағдайлар әрбір азаматтың өміріне ғана емес, мемлекетіміздің әлеуметтік, экономикалық ахуалына да қатер төндірмей қоймайды.

Сөз басында ақпараттық қауіпсіздікке тоқталып өтсек. Жасыратыны жоқ, бүгінде есін білетін адамның әрқайсысында бір-бір смартфон бар. Алайда, қанша жерден «смартфон ақпарат алмасатын құрал» дегенімізбен, оның қаржылық қиындыққа соқтыратын әсері де баршылық. Мәселен, дәл сол смартфонға қоңырау шалып, өздерін банк қызметкері ретінде таныстырып, банк шотына, картасына қатысты жеке деректерге қол жеткізетіндер бар. Өз кезегінде олардың сөзіне сеніп, шотындағы қаржысынан айырылып қалатындар да аз емес. Мұның басты себебі – кей азаматтардың банк қызметкерлерінің жеке деректерді сұрауына хақысы жоқ екендігін білмеуі. Осы орайда, бұл ақпаратты білетіндер алаяқтарға жем болмайтындығын айтып өткен жөн.

Сонымен қатар, ақпараттық технологияның «жілігін шаққан» кей хакерлер азаматтардың ақшасын жымқыруды түрлі қосымшалар және хабарландыру түрінде келетін сілтемелер арқылы іске асырады. Нақтырақ айтсақ, олардың теріс пиғылмен ойлап тапқан қосымшасын телефонға жүктесеңіз немесе сілтемеге кірсеңіз, алаяқтар сіздің смартфоныңызды қашықтан басқара алатын мүмкіндікке ие болады. Осылайша, банк қосымшасына оңай кіріп, ішіндегі қаржыны қалаған шотқа аудара алады. Сондықтан, смартфонға сенімсіз бағдарламаларды жүктеп, көрінген сілтемеге кірудің салдарын әрдайым есте ұстаған жөн.

Енді қаржылық сауаттылық мәселесіне келсек. Естеріңізде болса, осыдан бірнеше жыл бұрын елімізде қаржы пирамидасы қаптап, оларға алданған адамдардың қарасы көбейіп кеткен болатын. Тіпті, «ақшаңды еселеп көбейтіп қайтарамыз» дегендерге иланып, қолында барын пирамидаға құйып жібергендердің арасында өз өмірлеріне қол салушылар да болды. Әлбетте, құзырлы органдар ол пирамидалардың көзін жою үшін көптеген жұмыстар атқарды. Десе де, қазірдің өзінде осындай қаржы құрылымдары қарапайым тұрғындардың миллиондаған ақшасын жымқырып кеткенін оқтын-оқтын естіп тұрамыз. Демек, азаматтар арасындағы қаржылық сауаттылықты әлі де арттыру керек деген сөз.

Негізі қаржы пирамидаларының жұмыс жүйесін түсіну үшін көп ойланудың қажеті жоқ. Бірінші, өзіңіз ақша беріп тіркелесіз де, артыңыздан дәл солай екі адамды тіркейсіз. Сосын, олар да екі адамнан тіркеп, жалғаса береді. Соңында бірінші тіркелген адамдар әжептәуір пайда табады да, олардың ізімен жүргендер өз ақшасына зар болып қалады. Алайда, осындай жағдайдың болатынын біле тұра, көзсіз тәуекелге баратындар да көп. Өйткені, оларды тіркеген адам салған ақшасын көбейтіп қайтаратынына сендіреді. Ал, дәл осындай жағдайлардан зардап шекпеу үшін халыққа қаржылық сауаттылықтың көмекке келуі тиіс.

Жалпы, қаржы пирамидаларының қай түрі болса да адамдардың көпшілігін тоқырауға жетелейді. Ол аздай, ағайын-туыстың, жора-жолдастың арасына жік салады. Себебі, қаржы пирамидасына алғаш тіркелген азамат артынан адам тіркеу үшін өзіне сенетін жақын жандарды жағалайтыны анық. Сондықтан ел азаматтарының оңай табысқа қызыға бермегені абзал. Сонымен қатар, жоғарыда айтқан ақпараттық қауіпсіздік тұрғысынан да сақ болған жөн. Былай қарап тұрсаңыз, біз айтып отырған ескертулерді түсіну оп-оңай.  Бірақ, көпшілік осы бір қарапайым кеңестерге құлақ аспаудың салдарын ұғына бермейді.

 

ҚР Журналистер одағының мүшесі, Түркітілдес журналистер қорының мүшесі БАШИРОВ ДАСТАН АСҚАРҰЛЫ.

 

сурет inbusiness.kz сайтынан алынды