«ALASH PRIDE» ЖАС ЧЕМПИОНДАРЫ ЖЕТІСАЙДА

Ұлттық жекпе-жек өнері – тарихта даңқты ізі қалған нағыз батыр бабаларымыздың тарихпен ұштасқан спорт түрі.
Бүгін Жетісай ауданының әкімі Серік Үсенұлы Мамытов жас спортшыларды —  ережесіз жекпе-жектен «One Silat» және «Alash Pride» тұжырымының чемпионы Қаршыға Дәуітбекті, «Alash Pride» тұжырымының чемпиондары Бағдос Олжабай мен Рүстем Құдайбергеновты, спортшылардың менеджері Ернұр Төлебаевты қабылдады,  деп хабарлайды аудан әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған oninfo.kz ақпараттық агенттігі.
Аталмыш шараға аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Еркебұлан Сейдалиев пен спорт ардагері Бақыт Жаңбырбаев, Жетісай аудандық мәслихат депутаттары Елдос Ахметов пен Айбек Сұлтанмұрат қатысты.
«Сіздердің жеткен жетістіктеріңіз бүкіл жетісайлықтардың жеңісі, еліміздің абыройы.
Октагондағы жеңіс оңайлықпен келмейтіні белгілі. Үлкен рухани күш, тынымсыз дайындық, отансүйгіштік қасиеттер бір арнаға тоғысқанда ғана жоғары нәтиже болады. Жеңісті күндеріңіз көп болсын! Өздеріңіздей өр мінезді жігіттердің жеңісі – өскелең ұрпаққа өнеге болары сөзсіз» деген аудан басшысы чемпиондарды алғыс хатпен марапаттап, сый-сияпат жасады.
Сондай-ақ, ережесіз жекпе-жектен өз салмақ дәрежесінде ел ішінде қарсылас шақ келтірмейтін спортшылар балалар мен жасөспірімдер арасында қазақтың жекпе-жек спорт өнерін кеңінен тарату, әлемдік деңгейде мәртебесін көтеру, салауатты өмір салтын насихаттау, патриоттық тұрғыда тәрбиелеу, жастар арасында нашақорлыққа қарсы дағдыны қалыптастыру мақсатында Жетісай қаласындағы «Күлбала» спорт кешенінде де болды. Жас спортшылармен еркін сұхбат құрып, сұрақтарына жауап берді. Мастер-класстар өткізіп, естелік суретке түсті.
Жетісай ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі