ҚАЛАНЫ ЖАСЫЛ ЖЕЛЕККЕ АЙНАЛДЫРУ КЕРЕК — МҰРАТ ӘЙТЕНОВ

Қала әкімі Мұрат Әйтенов магистральды жолдар мен саябақтарды абаттандыру және көшелердің тазалығы бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды қадағалады.
Алдымен Бозарық айналма жолындағы көріктендіру жұмыстарын тексеріп, мердігерлердің жоспарымен танысты.
Мұнда қазір ұңғымалар орнатылып, жер қопсытылуда. Жоба бойынша 13 мың шаршы метр айналма жолдың жиегі қазақы ою-өрнек эскизінде қызыл сальвия, лимонды тагетис секілді гүлдермен көмкеріледі.
Мұрат Дүйсенбекұлы Бәйдібек би көшесіндегі этносаябақта да болып, ұңғымаларды қалпына келтіру жұмыстарын тексерді. Мұнда алдағы уақытта балалар автодромы орнатылып, шығармашылық орталық ашылады.
«Абаттандыру, көріктендіру жұмыстарына жұмылдырылған мердігерлер қала аумағындағы әрбір нысанға арнайы паспорт пен дизайн код жасайды. Ең алдымен ұңғымаларды қайта қалпына келтіреді.
Қазір мекемелер қалада жасыл желекті көбейту мақсатында түрлі ұсыныстар беруде. Мердігерлермен жасалатын келісім шарт мерзімінің 5 жылға ұзартылғаны да олардың жауапкершілігін артырып, жұмыс сапасын жақсартады» — деді қала әкімі.
Сондай-ақ Мұрат Дүйсенбекұлы жайлы ортаны дамыту басқармасының қала аумағындағы көшелер тазалығын жақсартуда жоспарларымен танысты. Бұл жұмыстар 5 бағытта жүргізілетін болады.
Бірінші санаттағы күре жолдарда механикалық, санитарлық тазалау жұмыстары күнделікті жүргізіледі. Екінші санаттағы орталық көшелер айына үш рет, аудандық маңызы бар орталық көшелер айына бес рет арнайы техникалардың көмегімен жуылады. Қосымша 50 адамнан құралған арнайы бригадалар сенбілік ұйымдастырады.
Абаттандыру жұмыстарын тексерген қала әкімі жауаптыларға жасыл желекті көбейтіп, көріктендіру жұмыстарын, көшелердің тазалығын үнемі бақылауда ұстауды тапсырды.