Кәсіпкердің мәселесі кеңес отырысында қаралды: мектепке дейінгі білім беру нысанын пайдалануға қабылдау тәртібі талқыланды

Түркістан облысы Кәсіпкерлер палатасында кәсіпкерлердің құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңес өткізілді. Жиында жұмыс істеп тұрған мектепке дейінгі білім беру нысанына қатысты туындаған мәселе талқыланды.

Жиынға Түркістан облысы Төтенше жағдайлар департаменті, Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасы, Түркістан қаласының Сәулет және қала құрылысы бөлімі, прокуратура өкілдері, «Ләйлә» балабақшасының құрылтайшысы және кәсіпкерлер қатысты.

Нақтырақ айтқанда, «Ләйлә» балабақшасының 2026 жылғы 8 сәуірде рәсімделген пайдалануға қабылдау актісіне байланысты құқықтық мәселе көтерілген. Даудың негізгі өзегі – нысанды қабылдау кезінде өрт қауіпсіздігі талаптарына сәйкестігі туралы қорытынды алу рәсімі талқыланды.

Мәселе, Қазақстан Республикасының «Азаматтық қорғау туралы» Заңы және ҚР Төтенше жағдайлар министрінің 2025 жылғы 26 тамыздағы №359 бұйрығымен бекітілген өрт қауіпсіздігі талаптарына сәйкестігі туралы қорытынды беру қағидалары аясында қаралды.

Кеңес барысында кәсіпкердің мүддесі мен қауіпсіздік талаптарының сақталуы қатар ескеріліп, мәселені заң аясында шешудің нақты жолдары талқыланды. Атап айтқанда, Мемлекеттік органның лауазымды тұлғаларының қателіктерінен орын алғанын сондай-ақ, қабылдау актісі қабылданған соң келісім/қорытынды берілмеу керек деген шектеу Заң нормаларында жоқтығын ескеріп, «Ләйлә» бөбекжай-бақшасы ЖШС-нің Мектепке дейінгі білім беруге арналған объектіні пайдалануға қабылдау актісіне келісім/қорытынды беру мәселесін қарастыруды ұсынды.

«Кәсіпкердің заңды мүддесін қорғау – Палатаның басты міндеттерінің бірі. Алайда бұл ретте қауіпсіздік талаптары бірінші орында тұрады. Сондықтан біздің мақсатымыз – екі тараптың да мүддесін ескеріп, мәселені заң талаптарына сәйкес шешуге ықпал ету», – деді Түркістан облысы Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Зухра Амирова.

Кеңес қорытындысында кәсіпкерге қажетті рәсімдерді орындау және мәселені қолданыстағы заңнама шеңберінде шешу бойынша ұсыныстар берілді.