ФАРМАЦЕВТИКА САЛАСЫНДАҒЫ ІРІ ЖОБАҒА СТАРТ БЕРІЛДІ
Түркістан облысында жоғары технологиялы өндірістерді дамытуға бағытталған тағы бір ірі инвестициялық жоба бастау алды. Сауран ауданындағы «Turan» арнайы экономикалық аймағына қарасты «Ораңғай» қосалқы экономикалық аймағында «Orzax Central Asia» ЖШС-нің биологиялық белсенді қоспалар өндіретін заманауи зауытының құрылысына арналған уақыт капсуласын салу рәсімі өтті.
Жоба Қазақстандағы фармацевтика өнеркәсібін дамытуға, импортқа тәуелділікті азайтуға және халықаралық стандарттарға сай өнім өндіруге бағытталған маңызды бастамалардың бірі болып саналады. Жаңа кәсіпорын іске қосылғаннан кейін ішкі нарықты сапалы өніммен қамтамасыз етіп қана қоймай, экспорттық әлеуетті арттыруға да мүмкіндік береді.
Салтанатты рәсімде сөз сөйлеген Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың экономиканы әртараптандыру, өңдеу өнеркәсібін дамыту және импортты алмастыратын өндірістерді көбейту жөніндегі тапсырмалары өңірде кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жатқанын атап өтті.
Өңір басшысының айтуынша, бүгінде Түркістан облысында мақта-тоқыма, жиһаз, ет өңдеу және жүгері кластерлері қарқынды дамып келеді. Соның нәтижесінде импортты алмастыруға бағытталған жалпы құны 176 миллиард теңгені құрайтын 31 жоба іске қосылған. Ал биыл жалпы инвестициялық құны 280 миллиард теңгені құрайтын 39 жоба жүзеге асырылуда.
Облыс әкімі Қазақстандағы фармацевтикалық өнімдер нарығының едәуір бөлігі әлі де импортқа тәуелді екенін айтып, осы бағыттағы өндірістерді дамыту стратегиялық маңызға ие екенін жеткізді. Оның айтуынша, Түркия Республикасына жасалған ресми сапар барысында қол жеткізілген келісімдердің нәтижесінде қолға алынған бұл жоба отандық фармацевтика өндірісін жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді.
«Orzax Central Asia» компаниясының құрылтайшысы Алимоглу Селман Қазақстан Үкіметіне және Түркістан облысының басшылығына көрсетілген қолдау үшін алғысын білдірді. Ол зауыт құрылысы белгіленген кестеге сәйкес жүргізілетінін айтып, болашақта кәсіпорын өндірген өнімдердің халықаралық нарыққа шығарылатынын жеткізді. Сонымен қатар Түркістанның инвестициялық әлеуеті жоғары өңір екенін атап өтіп, бұл жоба Қазақстан мен Түркия арасындағы экономикалық ынтымақтастықтың жарқын үлгісі болатынын айтты.
Жоба Сауран ауданындағы «Turan» арнайы экономикалық аймағында 10 гектар аумақта жүзеге асырылады. Кәсіпорын құрылысына жалпы 20,4 миллиард теңге инвестиция тартылып отыр. Құрылыс жұмыстары 2026–2027 жылдары жүргізіледі.
Зауыт толық пайдалануға берілгеннен кейін жылына 464 миллион дана биологиялық белсенді қоспа өндіру жоспарланған. Кәсіпорында 500-ге жуық жаңа тұрақты жұмыс орны ашылады. Бұл аудан тұрғындарын жұмыспен қамтуға, жаңа мамандар даярлауға және өңірдегі өндірістік әлеуетті арттыруға елеулі үлес қоспақ.
Кәсіпорында халықаралық сапа талаптарына сәйкес дәрумендер, минералдар және адам денсаулығын қолдауға арналған түрлі биологиялық белсенді қоспалар өндірілетін болады. Өнімдер ішкі нарықтың сұранысын қамтамасыз етумен қатар, шетелдік нарықтарға экспорттауға бағытталады.
Айта кету керек, «Orzax Central Asia» компаниясының құрылтайшысы – Түркиядағы биологиялық белсенді қоспалар өндірісі бойынша жетекші кәсіпорындардың бірі саналатын «Orzaks Pharmaceuticals and Chemical Industry Inc.» корпорациясы. Компания бүгінде әлемнің 50-ден астам еліне 150-ден астам өнім түрін экспорттап келеді.
Сауран ауданында жүзеге асырылатын бұл жоба өңірдің индустриялық әлеуетін арттырып, фармацевтика саласын дамытуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және жоғары технологиялы өндірістерді көбейтуге бағытталған маңызды инвестициялық бастама ретінде бағалануда.
