САУРАНДА ЖАҢА КОНДИТЕРЛІК ЦЕХ ІСКЕ ҚОСЫЛЫП, ӨНІМІ ЕЛІМІЗДІҢ БІРҚАТАР ӨҢІРІНЕ ЖӨНЕЛТІЛУДЕ

Сауран ауданында өңдеу өнеркәсібін дамыту және шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау бағытындағы жұмыстар жүйелі жалғасуда. Соның нәтижесінде ауданда азық-түлік өндірісі саласында жаңа кәсіпорындар іске қосылып, жергілікті тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамтуға және отандық өнім көлемін арттыруға үлес қосуда.

Солардың бірі – кәсіпкер Обиджон Омаровтың бастамасымен ашылған «Амина» кондитерлік цехы. Заманауи технологиямен жабдықталған өндіріс орны бүгінде кондитерлік өнімдердің бірнеше түрін шығарып, ішкі нарықты сапалы өніммен қамтамасыз етіп келеді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев экономиканы әртараптандыру, өңдеу өнеркәсібін дамыту және шағын және орта бизнестің үлесін арттыру мәселесіне ерекше мән беріп келеді. Президент кәсіпкерлікті қолдау арқылы жаңа жұмыс орындарын ашу, импортқа тәуелділікті азайту және бәсекеге қабілетті отандық өнім өндіру – ел экономикасының негізгі басымдықтарының бірі екенін бірнеше рет атап өткен болатын.

Осы мемлекеттік саясат аясында Сауран ауданында да өндіріс орындарын ашуға, кәсіпкерлерді қолдауға және өңдеу өнеркәсібін дамытуға бағытталған жұмыстар қарқын алып келеді. Жергілікті кәсіпкерлердің жаңа өндірістерді іске қосуы аудан экономикасының дамуына серпін беріп, халықты жұмыспен қамтуға оң ықпал етуде.

«Амина» кондитерлік цехында қазіргі таңда түрік пахлавасы, кептірілген нан, круассан, бисквит және түрлі тоқаш өнімдері өндіріледі. Кәсіпорынның өндірістік қуаты тәулігіне 600 қорапқа дейін немесе шамамен 1 тонна дайын өнім шығаруға мүмкіндік береді.

Өндіріс орнында бүгінгі таңда 20 жергілікті тұрғын тұрақты жұмыспен қамтылған. Бұл жаңа жұмыс орындарының ашылуына және аудан тұрғындарының әл-ауқатын арттыруға өз үлесін қосып отыр.

Кәсіпорын шығаратын өнімдер сапасы мен дәмінің жоғары болуына байланысты тек Түркістан облысында ғана емес, еліміздің басқа да өңірлерінде сұранысқа ие. Қазіргі уақытта «Амина» кондитерлік цехының өнімдері Алматы, Шымкент, Түркістан, Жетісай, Астана және Жезқазған қалаларына тұрақты түрде жөнелтіледі. Бұл кәсіпорынның өткізу нарығының кеңейіп келе жатқанын және өнімнің тұтынушылар тарапынан жоғары бағаланатынын көрсетеді.

Кәсіпорынның басты ерекшелігі – өндірісте франшиза негізінде Өзбекстаннан алынған заманауи технологияның қолданылуы. Осы технологияның арқасында өндірілетін бисквит өнімдері арнайы сақтау режимін қажет етпей, тоңазытқышсыз 30 күнге дейін өзінің сапасы мен дәмдік қасиетін сақтайды. Бұл өнімді еліміздің әртүрлі өңірлеріне тасымалдауға және ұзақ уақыт сақтауға мүмкіндік береді.

Өндірісте санитарлық талаптар толық сақталып, өнім дайындаудың барлық кезеңі тұрақты бақылауда жүргізіледі. Заманауи құрал-жабдықтарды пайдалану өнімнің сапасын арттырып қана қоймай, өндіріс көлемін ұлғайтуға және ассортиментті кеңейтуге мүмкіндік беріп отыр.

Алдағы уақытта кәсіпорын өндірілетін өнім түрлерін көбейтіп, өндірістік қуатын арттыруды жоспарлап отыр. Сонымен қатар өткізу нарығын кеңейтіп, еліміздің өзге өңірлерімен қатар экспорттық бағыттарды да қарастыру көзделуде.

Сауран ауданында шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту, өңдеу өнеркәсібін кеңейту және жаңа өндіріс орындарын ашу бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасатын болады. Мұндай жобалар аудан экономикасының тұрақты дамуына, жергілікті өндірістің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға және тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамтуға маңызды үлес қосады.