ҚАРАШЫҚ ӨЗЕНІНДЕ ТАЗАЛЫҚ АКЦИЯСЫ ӨТІП, ТАБИҒАТТЫ ҚОРҒАУҒА ҮНДЕУ КҮШЕЙДІ
Сауран ауданында қоршаған ортаны қорғау, табиғи ресурстарды сақтау және экологиялық мәдениетті қалыптастыру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. Табиғат – келешек ұрпаққа аманат екенін насихаттау, өзен-көлдердің тазалығын сақтау және тұрғындардың қоршаған ортаға деген жауапкершілігін арттыру мақсатында аудан көлемінде түрлі экологиялық іс-шаралар тұрақты ұйымдастырылып келеді.
Осы бағыттағы кезекті іс-шара Оранғай ауылдық округінің аумағындағы Қарашық өзені бойында өтті. «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық бағдарламасы аясында ұйымдастырылған «Таза су айдындары» акциясына мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері, ауыл тұрғындары, жастар мен еріктілер белсене қатысты.
Акцияның басты мақсаты – өзен жағалауларын тұрмыстық қалдықтардан тазарту, су айдындарының экологиялық жағдайын жақсарту, табиғи ортаның ластануына жол бермеу және тұрғындардың табиғатты қорғауға деген белсенділігін арттыру.
Тазалық жұмыстары барысында Қарашық өзенінің жағалауы мұқият тазартылып, бейберекет тасталған тұрмыстық қалдықтар жиналды. Жиналған қоқыстар арнайы техникамен белгіленген орындарға шығарылып, өзен маңының санитарлық жағдайы жақсартылды. Сонымен қатар жағалау аумағы ретке келтіріліп, табиғи ортаның тазалығын сақтауға бағытталған кешенді жұмыстар атқарылды.
Акцияға қатысушылар мұндай игі бастамалар табиғатты қорғауға ғана емес, тұрғындардың экологиялық санасын қалыптастыруға да оң әсер ететінін атап өтті. Су көздерінің тазалығы – халық денсаулығының, қоршаған ортаның және биоалуантүрліліктің сақталуының маңызды кепілі екені айтылды.
Экологиялық акция барысында қатысушылар қоршаған ортаны таза ұстау әрбір азаматтың ортақ міндеті екенін көрсетіп, туған өлкенің табиғатын сақтау ісіне өз үлестерін қосты. Осындай шаралар арқылы жастар арасында табиғатқа жанашырлық көзқарас қалыптасып, қоғамдық жауапкершілік нығая түсуде.
Сауран ауданында елді мекендерді абаттандыру, санитарлық тазалықты сақтау және табиғатты қорғауға бағытталған жұмыстар тұрақты түрде жүргізіліп келеді. Ауылдық округтерде өзен-көлдерді, арық-атыздарды, қоғамдық орындарды және көшелерді тазарту жұмыстары жүйелі түрде ұйымдастырылып, тұрғындардың белсенді қатысуымен жүзеге асырылуда.
Аудан әкімдігі қоршаған ортаны қорғау – баршаға ортақ міндет екенін атап өтіп, тұрғындарды тазалық шараларына белсенді қатысуға және табиғатты аялауға шақырады. Алдағы уақытта да «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында экологиялық акциялар жалғасып, ауданның экологиялық ахуалын жақсартуға бағытталған жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асырыла бермек.
