Түркістан қаласының кәсіпкерлері назарына!

Түркістан облысының Кәсіпкерлер палатасына Түркістан қалалық әкімдігінің «Түркістан қаласының дизайн-кодын бекіту туралы» қаулы жобасы қарауға келіп түсті. Бұл құжат қала көшелерінің, ғимарат қасбеттерінің (фасад) және қалалық инфрақұрылымның сыртқы келбетін қалыптастыруға арналған бірыңғай қатаң ережелерді енгізеді.

Қазіргі уақытта Палата бизнес мүддесін қорғау тұрғысынан жобаға сараптама жүргізуде және сіздерді ресми түрде бекіту жоспарланып отырған негізгі талаптармен танысуды сұрайды:

Дизайн-кодтың бизнеске қоятын негізгі талаптары:

Маңдайшаларды келісу: Кез келген маңдайша мен жарнаманы орнату тек уәкілетті органмен (әкімдікпен) алдын ала эскизді жолдау және хабарлама беру арқылы ғана мүмкін болады.

Маңдайшаларға қойылатын талаптар: Маңдайшалар қатаң түрде фриздерде немесе кіреберіс топтың үстінде, есік осі бойынша орналасуы тиіс. Екінші қабаттарда астына төсем (подложка) салуға, жарық қораптарын (световой короб) және панель-кронштейндерді қолдануға тыйым салынады. Витриналар мен терезелердегі жарнама оның жалпы ауданының 30%-ынан аспауы керек. Жүгіртпе жолдар мен электронды таблоларға толықтай тыйым салынады (шатырға орнатылатын конструкциялардан бөлек).

Қасбеттер (фасад) мен кіреберістерді рәсімдеу: Ғимарат қабырғаларын бөлек-бөлек («заплаточный» әдіспен) жөндеуге және әртүрлі түске бояуға тыйым салынады. Кіреберіс топтар ғимараттың жалпы стиліне және түсіне сәйкес келуі керек, есіктер мөлдір әйнектен жасалуы тиіс. Бірінші қабаттың фасадтарын пленкамен немесе баннермен жауып тастауға жол берілмейді.

Кондиционерлер мен кабельдер: Магистральды және транзиттік көшелердегі ғимараттардың бас қасбеттеріне (көше жақ бетіне) кондиционерлер мен спутниктік табақшаларды орнатуға толықтай тыйым салынады. Барлық сымдар қабырға ішіне немесе фасад түсіне сәйкес келетін арнайы қораптарға жасырылуы тиіс.

Сыртқы жиһаздар мен жылжымалы конструкциялар: Штендерлерді (жарнамалық тіреуіш) кіреберістен 5 метрден асырмай орналастыруға рұқсат етіледі және олар жаяу жүргіншілерге кедергі келтірмеуі тиіс. Велосипед пен самокат тұрақтары кіреберістер мен жиектастардан (бордюр) белгіленген арақашықтықта орнатылуы керек.

Маңызды: Түркістан облысының Кәсіпкерлер палатасы бұл жобаны мұқият зерттеуде. Бұған дейінгі отырыстарда (№7 және №8 Хаттамалар) бизнес өкілдері маңдайшалардың нақты өлшемдерін бекітуді, бұрын орнатылған конструкциялардың құқығын қорғауды («дедушкина оговорка») және ресми бас тартулардың алдын алу үшін WhatsApp-та алдын ала келісу чаттарын енгізуді талап еткен болатын. Алайда, жобаның қазіргі нұсқасында бұл қорғау тетіктері ескерілмеген.

Бизнестің ортақ позициясын қалыптастыру және сіздердің құқықтарыңызды қорғау үшін жобаға қатысты өз ескертулеріңізді, ұсыныстарыңыз бен толықтыруларыңызды Кәсіпкерлер палатасына жолдауларыңызды сұраймыз!