Түркістан облысында шегірткеге қарсы күрес науқаны күшейтілді

Түркістан облысында биыл үйірлі шегірткеге қарсы күрес науқаны ерте басталып, кең ауқымда жүргізілуде. Бұл бағыттағы жұмыстар өңір басшысы Нұралхан Көшеровтің тікелей бақылауында. Мамандардың мәліметінше, соңғы жылдары қалыптасқан құрғақшылық шегірткелердің жаппай көбеюіне қолайлы жағдай туғызған. Осыған байланысты фитосанитариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету өңірдегі негізгі міндеттердің біріне айналып отыр.

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Келес ауданына жұмыс сапарымен барып, шегіртке зиянкестеріне қарсы күрес шараларының барысын бақылады. Сонымен қатар Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің төрағасы Сәкен Қаныбеков, аудан әкімдері, салаға жауапты тұлғалар және мердігер мекеме басшылары қатысып, жүргізіліп жатқан жұмыстарды пысықтады.

Өңір басшысына шегірткеге қарсы қолданылатын арнайы техникалар мен препараттар таныстырылып, зиянкестер шоғырланған ошақтарда жүргізіліп жатқан химиялық өңдеу жұмыстары көрсетілді. Облыс әкімі жауапты тұлғаларға жұмысты сапалы әрі уақтылы атқаруды тапсырды.

– Шегіртке зиянкесіне қарсы күрес – уақытпен санаспайтын жұмыс. Барлық шаралар дер кезінде және бірлесе атқарылса ғана нәтиже береді. Бұл – тек ауыл шаруашылығын қорғау емес, өңірдің экономикалық және экологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі. Сондықтан іске формалды түрде қарауға жол берілмейді. Әрбір аудан, әрбір ауылдық округ өзіне жүктелген міндетті толық әрі сапалы орындауы тиіс. Біз нақты нәтиже көруіміз қажет. Ол үшін барлық ресурсты тиімді пайдалану маңызды. Техника жеткіліксіз болса толықтыру керек, маман жетіспесе тарту керек. Қажетті жағдайдың бәрін жасап, жұмысты тоқтаусыз жүргізу – басты талап. Уақыт жоғалтуға болмайды, – деді Нұралхан Көшеров.

Биылғы ерекшеліктің бірі – заманауи технологиялардың кеңінен қолданылуы. Дрондар мен авиация көмегімен жүргізілетін өңдеу жұмыстары уақытты үнемдеп қана қоймай, тиімділікті арттыруға ықпал етуде. Жүргізілген шаралардың биологиялық тиімділігі 85–95 пайызға дейін жеткен.

Химиялық өңдеу жұмыстары облыстың 11 ауданында 421,5 мың гектар аумақты қамтиды. Оның ішінде италиялық прусқа қарсы – 4,9 мың гектар, азиялық шегірткеге – 7,1 мың гектар, ал мароккалық шегірткеге қарсы 362,1 мың гектар жер өңделеді.

Күрес шараларына 2 мыңнан астам адам жұмылдырылған. Олардың қатарында фитосанитариялық инспекторлар, болжам орталығының мамандары, жергілікті әкімдіктердің қызметкерлері, ветеринария және табиғат қорғау саласының өкілдері, сондай-ақ уақытша жұмысшылар бар.

Дайындық аясында штаб отырыстары өткізіліп, шегіртке таралған аумақтар 65 аймаққа бөлінді. Осыған сәйкес 65 жұмыс тобы құрылды. Жедел штаб Келес ауданының Бірлік ауылдық округінде орналасқан.

Күрес жұмыстары тек химиялық өңдеумен шектелмейді. Агротехникалық шаралар да қатар жүргізілуде. Атап айтқанда, 2,2 мың гектар аумақта жер жырту жұмыстары жоспарланып, оның бір бөлігі орындалған. Бұл тәсіл зиянкестердің көбеюін 35–50 пайызға дейін төмендетуге мүмкіндік береді.

Сондай-ақ шегіртке дернәсілдерін анықтау мақсатында 1 миллион гектардан астам аумақта мониторинг жүргізу жоспарланған. Бұл алдын алу шараларының тиімділігін арттыруға бағытталған.

Техникалық қамту да күшейтілген. Өңдеу жұмыстарына 400-ден астам жер үсті бүріккіш, ұшақтар мен ауыл шаруашылығы дрондары, 1 мыңнан астам аспалы бүріккіш тартылған. Сонымен қатар 72 су тасушы көлік пен 48 арнайы палатка дайындалған.

Жалпы алғанда, Түркістан облысында шегірткеге қарсы күрес жүйелі түрде ұйымдастырылып, барлық қажетті ресурстар кезең-кезеңімен іске қосылуда. Ендігі міндет – әр аудан мен ауылдық округ деңгейінде жұмысты үйлестіріп, науқанды сапалы әрі мерзімінде аяқтау. Кешенді шаралар нәтижесінде өңірдегі фитосанитариялық ахуалды тұрақты деңгейде ұстап тұруға толық мүмкіндік бар.