Жол қауіпсіздігі жол төсемімен ғана шектелмейді
Азаматтардың қауіпсіздігі тек жолдың сапасына емес, жол жиегіне орнатылатын жол белгілеріне де тікелей байланысты. Дұрыс әрі стандартқа сай қойылған белгі — апаттың алдын алатын маңызды фактор.
2025 жылы «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» РМК Шымкент қалалық филиалы қала аумағындағы 463 жол белгісіне сараптама жүргізді. Тексеру нәтижесінде 452 жол белгісі нормативтік талаптарға сай деп танылса, 11 белгі талапқа сәйкес келмейтіні анықталған.
Мамандардың айтуынша, жол белгілерін тексеру визуалды және өлшемдік бақылау әдістері арқылы жүзеге асырылады. Бағалау ҚР СТ 1125–2021 ұлттық стандарты талаптарына сәйкес құжаттық және көзбен шолу арқылы жүргізіледі.
— Жол белгісі дұрыс орнатылған болуы, алыстан анық көрінуі, стандартты өлшемде жасалуы, түстері айқын әрі жарыққайтарғыш қабаты болуы тиіс. 452 белгінің талапқа сай болуы — оң көрсеткіш. Бұл қаладағы жол қауіпсіздігінің жақсарып келе жатқанын білдіреді. Бұрын ескі, тозған белгілер көп болса, бүгінде стандарттар күшейіп, бақылау жүйелі жүргізіліп жатыр, — дейді Жол активтері сапасының ұлттық орталығы РМК Шымкент қалалық филиалының инженері Ернарбек Мамет.
