Сауран ауданында өрт қауіпсіздігі шаралары күшейтілді
Өрт қауіпті маусымның басталуына байланысты Сауран ауданында табиғи аумақтардағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету және өрттің алдын алу бағытында нақты әрі кешенді шаралар қолға алынуда. Бұл жұмыстардың басты мақсаты – орман, дала және ауыл шаруашылығы алқаптарында өрттің туындауына жол бермеу, тұрғындар мен экожүйені қауіптен қорғау.
Атап айтқанда, аудан аумағындағы өрт қаупі жоғары аймақтарда арнайы минералды жолақтар жыртылып, өрттің таралуын шектеу жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Бұл жолақтар құрғақ шөп пен жанғыш заттардың арасында оттың таралуына тосқауыл болатын тиімді қорғаныс шарасы. Жалпы ұзындығы 119 шақырымды құрайтын минералды жолақтар аудандық маңызы бар автомобиль жолдарының бойына орналастырылды. Бұл жұмыстарға 8 ауылдық округтен 8 арнайы техника жұмылдырылып, өрттің алдын алу ісіне зор үлес қосуда.
Сонымен қатар, аудан әкімінің тапсырмасымен өртке бейім аумақтар алдын ала анықталып, картаға түсіріліп, жоспарлы түрде өңделді. Бұл ықтимал қауіптің алдын алуға бағытталған нақты әрі жүйелі қадам саналады.
Тек техникалық шаралармен шектелмей, тұрғындар арасында өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтау туралы түсіндіру жұмыстары да жүргізілуде. Мамандар халықты отпен абай болуға, қоқыс пен шөп өртемеуге, күдік тудыратын жағдайлар туындаса, дереу жауапты органдарға хабар беруге шақырып отыр.
Қазіргі таңда ең маңызды мәселелердің бірі – жаз мезгіліндегі орман және дала өрттерінің алдын алу. Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлердегі құрғақ шөптің жыл сайынғы бақылаусыз жануы — ірі орман өрттерінің негізгі себебі. Мұндай өрттер экожүйеге, ауыл шаруашылығына және халықтың өміріне айтарлықтай қауіп төндіреді.
Орман және дала өрттері кезінде шөп, торф және басқа да жанғыш материалдар бақылаусыз жанып кетеді. Орман өрттері ағаштарды, орман өнімдерін, тіпті кейбір құрылыстар мен ғимараттарды жояды. Өрттен әлсіреген өсімдіктер түрлі ауруларға ұшырап, жалпы орманның қорғау, ылғал сақтау және басқа да экологиялық функциялары жойылады. Нәтижесінде, табиғи фауна зардап шегеді.
Зерттеулер көрсеткендей, орман және дала өрттерінің 80%-ы адам факторынан туындайды. Нақтырақ айтсақ, тұрғындардың абайсыз әрекеттері, жарамсыз техниканың қолданылуы, сөндірілмеген темекі немесе от көздері өртке себеп болады. Сонымен қатар, табиғи себептерден де — мысалы, найзағай түсуінен — өрттер басталуы мүмкін.
Өрттің алдын алу үшін:
-
Далада немесе орманда от жағуға болмайды.
-
Сөндірілмеген темекі немесе сіріңке тастамаңыз.
-
Қоқысты ашық алаңда жақпаңыз.
-
Шыны бөтелкелер мен әйнек қалдықтарын тастамаңыз (күн сәулесін шоғырландырып, өрт шығуы мүмкін).
-
Отты тек арнайы қауіпсіз жерде жағып, оны толық сөндіріп кетіңіз.
-
Майланған шүберектерді немесе жанғыш материалдарды орманда қалдырмаңыз.
Есіңізде болсын: өртті сөндіргеннен гөрі, оның алдын алған әлдеқайда оңай. Бұл – табиғатты қорғаудың және адам өмірін сақтау жолының ең тиімді тәсілі.
Өрт шыққан жағдайда не істеу керек?
-
Үрейге салынбаңыз, сабыр сақтаңыз.
-
Жоғары жерге шығып, өрттің таралу бағыты мен ауқымын анықтауға тырысыңыз.
-
Желдің бағытына қарсы жаққа қарай шығып, отты айналып өтіңіз.
-
Егер өрттен қашып құтыла алмасаңыз, биік төбелерге немесе батпақты жерлерге барып тығылыңыз.
-
Жан-жағыңызды шөптен, бұтақтардан тазалаңыз, жанғыш заттардан арылыңыз.
Дала өртіне қарсы әрекет тәсілдері:
-
Бұтақпен ұру: 1-2 метрлік бұтақтармен отты ұрып өшіру.
-
Күрекпен топырақ лақтыру: Жалынды топырақпен көміп, ауаның жетуін шектеу.
-
Аяқпен таптау: Шағын от көзін сөндірудің ең қарапайым жолы.
-
Сумен сөндіру: Қолыңызда ыдыс немесе шелек болса, ең тиімді әдіс.
Дала өрті жақындап келе жатқанын қалай білуге болады?
-
Желмен келген түтін иісі;
-
Көкжиектен байқалатын жарқыраған жарық;
-
Құстар мен жануарлардың мазасыздануы және аумақтан кетуі;
-
Аспанда түтін тәрізді тұман.
Құрметті аудан тұрғындары!
Егер дала немесе орман өртінің белгісін байқасаңыз, бірден 112 немесе 101 нөміріне хабарласыңыз. Шағын ошақтар байқалса, қолда бар құралдармен сөндіруге әрекет жасаңыз.
Сауран аудандық әкімдігі барлық азаматтарды өрттің алдын алу шараларына жауапкершілікпен қарауға, қауіпсіздікке бейжай қарамауға шақырады.
Өрт – тілсіз жау. Оның алдын алу – әр азаматтың борышы!