2024-2025 ОҚУ ЖЫЛЫНЫҢ АЯҚТАЛУЫ ЖӘНЕ ЖАЗҒЫ САУЫҚТЫРУ ДЕМАЛЫСЫ
2024–2025 оқу жылының аяқталу мерзімі 23 мамыр деп белгіленді. ҚР Оқу-ағарту министрлігінің 24.04.2025 жылғы №82 бұйрығына сәйкес, мектептер оқу жылын «Білімім – Отаныма!» атты сынып сағатымен аяқтайды. Бұл сынып сағаты барысында оқушыларға «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасының құндылықтары түсіндіріліп, оқуға арналған кітаптар тізімі ұсынылады. Сонымен қатар, қауіпсіздік шаралары, демалыстың артықшылықтары, қосымша білім беру ұйымдарына қатысудың пайдасы және еңбек етудің маңызы жайында ақпарат беріледі.
Оқу жылының соңында 11-сынып түлектері үшін салтанатты іс-шара ұйымдастырылады.
Шымкент қаласы бойынша жалпы 290 мектепте 271 316 оқушы білім алуда, оның ішінде 162 мемлекеттік мектепте 207 288 оқушы, 128 жекеменшік мектепте 64 028 оқушы бар. 2024-2025 оқу жылында 9-сыныпты 24 264 оқушы бітіреді. Бұл көрсеткіш 2024 жылмен салыстырғанда 10,3%-ға артқан (2024 ж. – 21 773 оқушы). Үздік аттестатқа үміткер 1 423 оқушыны құрайды, бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 27,3%-ға артқан (2024 ж. – 1 035 оқушы).
Жазғы сауықтыру демалысы
Шымкентте 2024 жылы 240 516 оқушының жазғы демалысын ұйымдастыру жоспарланған. Бұл қаладағы мектеп оқушыларының 94,8%-ын қамтиды. Жергілікті бюджет есебінен 9 693 баланы сауықтыру және бос уақытты тиімді өткізу мақсатында 759,4 млн теңге бөлінген. Бұл қаржы әлеуметтік аз қамтылған отбасы балаларына басымдық беріле отырып, қала сыртындағы лагерьлерде демалуға жұмсалады.
Атап айтқанда, 8 198 бала жалпы орта мектептерден, 135 бала балалар үйінен, 160 дарынды бала және 1 200 бала «Ақсу» лагерінде демалатын болады.