ОТЫРАРДА ҰЛТТЫҚ ТЕҢГЕ КҮНІ АТАЛЫП ӨТТІ

15 қараша ұлттық валюта – теңгенің айналымға енген күні. Бұл қаржы секторы қызметкерлерінің кәсіби мерекесі – Қаржыгерлер күнімен де тікелей байланысты. Биыл ұлттық валютамыз – теңгенің айналысқы енгеніне сонау 1993 жылдан бастап 30 жыл толды. Осы отыз жыл ішінде ауданның қаржыгерлері де ел экономикасының темірқазығы саналатын теңгенің тұрақтануына елеулі үлес қосты.
Осы орайда бүгін аудандық мәдениет сарайында Ұлттық валюта — Теңге күні мен қаржыгерлер күні мерекесі салтанатты жағдайда аталып өтті. Аталған шараға аудан әкімі Сәкен Сұлтанханов пен аудандық мәслихаттың төрағасы Уәлихан Ұзақов арнайы қатысып, қаржыгерлерді төл мерекелерімен құттықтады.
Аудан әкімі өз сөзінде: «Бүгінгі күн тек қаржыгерлердің ғана емес, Ұлттық валютаны, яғни теңгемізді күнделікті қолданатын барша қазақстандықтардың мерекесі деуге әбден болады. Осыдан 30 жыл бұрын, яғни 1993 жылдың 15 қарашасында Егемен еліміздің төл теңгесін айналымға енді.Тәуелсіздігіміздің даңғыл болашағына түскен мемлекетіміздің экономикасы бүгінде қарқынды дамып келеді. Мұның бәрі қаржыгерлеріміздің Қазақстан экономикасының қаржылық әлеуетін дамытуға және оны күшейтуге, сондай-ақ кәсіпкерлік секторының қаржы жағынан ырысты-берекелі болуына мүмкіндік туғызуға бағытталған ерен жұмыстарының арқасы деп білемін»,-дей келе қаржы саласы мамандарының алдағы жұмыстарына сәттілік тіледі.
Мұнан соң аудандық мәслихат төрағасы ел экономикасын дамыту туралы сөз қозғағанда оның күре тамыры қаржы жүйесін айналып өту әсте мүмкін емес екендігін айта келе, мемлекетіміздің рәміздері бейнеленген ұлттық теңгеге деген құрмет қашанда да жоғары болуы керектігін атап өтті.
Одан әрі аудан басшысы Сәкен Асылханұлы мен Уәлихан Жамалханұлы ауданымыздың экономикалық дамуы жолында аянбай еңбек етіп келе жатқан бір топ қаржыгерлерді «Алғыс хаттармен» марапаттап, сый-сыйапаттарды табыстады.
Мерекелік жиында аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Асқар Көлбай қолданыстағы теңгенің шығу тарихымен таныстырып, оның нарықтағы рөлі туралы баяндады. Сондай-ақ, қаржы саласында 40 жылға жуық еселі еңбек еткен ардагер Әліш Салхутдин Мұхитдинұлы еліміз алғашқы егемендік алған жылдарда ел экономикасын көтеруге бағытталған ұлттық теңгені енгізудің маңызды қадамдардың бірі болғанын жеткізді.
Салтанатты шара аудан өнерпаздарының концерттік бағдарламасына ұласып, патриоттық әуезді әндерің қызығына батқан көпшілік көтеріңкі көңіл-күймен тарқасты.