Еріктілер қызметі — ерекше қайырымдылық

Халқымызға ағайынның ауыртпалығын еңсеруге бел шешіп кірісіп кету, асарлатып қол көмегін көрсету әрекеттері жат болмағанымен, ерікті ұғымы аса таныс емес еді.

Бірақ соңғы жылдары қоғамда еріктілердің игілікті істері жиі көрініп, жүректі жылытуда. Өз еркімен қоғамға пайдасын тигізуді қалайтын еріктілердің қатары  елімізде  жыл санап артып келеді. Олар еліміздің бір бұрышында көктемде ағаш отырғызып жатса, енді бір өңірде жоғалып кеткен бүлдіршінді іздеуде белсенділік танытуда. Өткен жылы карантинде әлеуметтік жағдайы қиындаған отбасыларға азық-түлік таратып, індет өршіп кеткен кезеңде ауруханаларда науқастарға қарайласқан еріктілер аз болмады.

Елдегі қуаңшылықтан зардап шеккен аймақтарға шөп шауып, жөнелту ісінде де ешкімнің күштеуінсіз, алғаш болып өз еріктерімен, ерлікке бергісіз әрекеттерге барған да еріктілер болатын. Елімізде еріктілер ісінің жандануына  2020 жылдың «Еріктілер жылы» болып аталуы да ерекше серпін берген секілді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «ҚР президенті ретінде мен әрқашан волонтерлердің қозғалысын қолдайтынымды жеткіземін. Еріктілер – жаны таза адамдар. Олар елдің шынайы патриоты, сол үшін де құрметім шексіз. Белсенді азаматтық ұстанымдарыңыз мемлекеттің дамуына айтарлықтай септігін тигізетіні сөзсіз», – деп, еріктілерді қолдайтынын білдіріп,  өткен жылды «Волонтер жылы» деп жариялаған болатын.

Оған дейін, 2016 жылғы 22 желтоқсанда өткен сенат отырысында «Еріктілер қызметі туралы» заң қабылданды. Заң аясында «Еріктілер қызметі  жеке тұлғаларға, кәсіпорын-компанияларға, әлеуметтік топтарға көмек көрсету, қоршаған ортаны қорғау, азаматтық позицияны қалыптастыру, өзін-өзі ұйымдастыру, әлеуметтік жауапкершілік, өзара көмек көрсету және қоғамда қайырымдылық жасау» деп көрсетілген болатын. Сондай-ақ олардың қызметін мемлекеттік тұрғыда реттеу, волонтер жұмысын ұйымдастыру және Қазақстан Республикасының волонтерлік қызметі туралы заңнамасын бұзғаны үшін жауаптылық сынды көптеген маңызды дүниелер заң жүзінде нақтыланып, елімізде еріктілер әрекеті құқықтық тұрғыдан реттелді. Осылайша елімізде еріктілер қызметі жандана бастады. Бүгінгі таңда елімізде  200-ге жуық волонтерлық ұйым жұмыс істейді. Басқа адамдардың игілігі үшін саналы түрде қадам жасап, өз еркімен және ақысыз қызмет ету кім көрінгеннің қолынан келе бермесі анық. Осы орайда, еліміздегі жігерлі жастардың ерікті болуға құлшынысы, белсенділігі қуантпай қоймайды.

Еріктілердің әрекеті, белсенділігі адамзатты еркіндікке, қауіпсіздікке, әділдікке, мейірімділікке шақырып және барлық адамдарды көмек көрсетуге баулиды, шақырады. Олар арқылы «әлемді мейірімділік құтқаратынына» көзің жете түседі. Өйткені қоғамымызда еріктілердің қолдауына зәру  қарт және дәрменсіз адамдар, мүмкіндігі шектеулі жандар, жетімдер жетерлік. Олардың көмегі қарттар үйінде, ауруханаларда, балабақшаларда, мектептерде ауадай қажет.

Қоршаған ортаның ластануы мен ормандардағы ағаштардың көптеп оталуы кезінде де еріктілердің басқаларды қамқорлыққа шақырған әрекеттері аса маңызды. Осы орайда, еліміздің экологиялық мәселелерін шешуде де  еріктілердің ерен еңбегі сезілетінін атап өту керек. Сондықтан елімізде еріктілердің істерін қолдау мақсатында түрлі бастамалар көтерілуде. Мәселен, өткен жылы «Еріктілердің қызметі еңбек өтіліне кіруі тиіс» деген бастама көтерілді. Еріктілер қозғалысын кеңінен насихаттау мақсатында еріктілер қатарына халықтың әртүрлі топтарын, атап айтқанда: студенттерді, дәрігерлер мен мұғалімдерді және аға буын өкілдерін тарту арқылы корпоративті еріктілер ұйымын дамыту мәселесі айтылды. Мұның барлығы елімізде еріктілер ұғымының, олардың қызметінің кеңінен қанат жайып келе жатқанын аңғартады. Алдағы уақытта волонтерлердің халықаралық деңгейдегі шараларға қатысуына мүмкіндік беретін, еліміздегі еріктілердің қатарын көбейтетін мұндай бастамалардың маңызы зор.

«Еріктілер» немесе «қоғамдық» жұмыс деп аталатын жұмыс түрі көпшілікке таныс.  Дегенмен, бұл туралы ештеңе естімеген және «қандай жұмыс екендігін» де білмейтіндер де бар. Еріктілер жұмысына берілген анықтамалар да көп, мысалы:
«Еріктілер жұмысы – дегеніміз, қауымдастық немесе оның институттары мүддесінде жеке тұлғалардың немесе ұйымдардың өз еркімен атқарған қызметтері».

«Еріктілер жұмысы – бұл басқа адамдардың игілігі үшін саналы, ерікті және ақысыз қызмет ету. Саналы және риясыз басқа адамның игілігі үшін еңбек етіп жүрген кез-келген адам ерікті болып саналады» (М. Олчман, П. Джордан. Еріктілер – құнды көздер, Джона Хопкинс Университеті, 1997ж).

«Еріктілер қызметі – дегеніміз, мұқтаж адамдарға риясыз, ерікті көмек көрсету, қалтқысыз қолдау көрсетуге бағытталған адам қызметінің ерекше үлгісі». Сонымен, «Ерікті» (ағылшын тілінен аударғанда volunteer – «өзі тіленіп жұмыс істеуші») – мұқтаж адамдардың немесе жалпы қоғамның мүддесінде тегін, ерікті түрде еңбек ететін адам. Еріктілердің халықаралық белгісі – қызыл V әрпі.

«Ерікті» немесе «өзі тіленіп жұмыс істеуші» терминдері өткен ғасырдағы 80-ші және 90-шы жылдардың басында Қазақстанда алғашқы ҮЕҰ (үкіметтік емес ұйымдар) қалыптаса бастаған кезден бастап кеңінен қолданыла бастады. Біздің елдегі еріктілерге арналған «Қазақстандағы еріктілер» атты зерттеудің авторлары «еріктілер» немесе «өзі тіленіп жұмыс істеуші» түсініктерін қоғамдық ұйымда жұмыс істейтін (немесе мемлекеттік секторда), белгілі бір міндеттерді орындайтын және еңбекақы және басқа да ақшалай дотация түрінде материалдық сыйлықақы алмайтын адам деп анықтайды»
БҰҰ сарапшыларына сәйкес, еріктілер жұмысының үш негізгі белгісін анықтауға болады
1) Еріктілердің жұмысына ақы төленбейді;
2) Еріктілердің қызметі ерікті әрі мәжбүрлеусіз жүзеге асырылады;
3) Еріктілердің қызметі адамдарға немесе жалпы қоғамға және еріктілерге пайда алып келеді.

Еріктілер жұмысы адамзаттың әлемге, еркіндікке, қауіпсіздікке, әділдікке және барлық адамдарға көмек көрсетуге деген мәртебелі қасиеттерін дамытады. Жаһандану және тұрақты өзгерістер дәуірінде әлем бір-бірімен өзара тәуелді, тығыз және шиеленісті болады. Қоғамда шешімі табылмаған көптеген мәселелер туындауда – мысалы экологиялық (қоршаған ортаның ластануы, ормандардағы ағаштарды кесу), және әлеуметтік (қарт және дәрменсіз адамдар, мүмкіндігі шектеулі адамдар, жетімдер). Балалар үйінде, ерекше қажеттілігі бар адамдарға арналған интернаттарда, қарттар үйінде, ауруханаларда, балабақшаларда, мектептерде ауадай қажет.

Біріккен Ұлттар Ұйымының шешімімен 5 желтоқсан — Халықаралық еріктілер күні деп белгіленгені белгілі. Ол 1985 жылдан бері атап өтіледі. Ресми деректерге сәйкес, БҰҰ жыл сайын 8 мыңға жуық кәсіби біліктілігі жоғары мамандарды әлемнің дамушы 140 мемлекетіне жіберіп отырады. Әлемде еріктілердің 60-70 пайызы — дамушы елдердің, 33 пайызы дамыған елдердің азаматтары. Бүгінде Қазақстанның еріктілері өзге елдерге барып жатса, шетелден де Қазақстанға келушілер біршама.

Елімізде еріктілер өткен ғасырдың 80-90-шы жылдары, үкіметтік емес ұйымдар еңсесін енді тіктеп келе жатқан уақытта пайда бола бастады. Сол уақыттан бері олардың қызмет көрсету ауқымы да айтарлықтай өзгерді: әлеуметтік-экономикалық қана емес, экологиялық бағытта да жәрдемдесетіндер кездеседі. Сондай-ақ, соңғы 10-15 жылда маңызды мемлекеттік іс-шараларды да еріктілерсіз елестету қиынға соғатындай. Дүниежүзілік деңгейдегі Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Саммиті, Ислам конференциясы, VII қысқы Азия ойындары, «ЭКСПО-2017» көрмесі, т.б. айтулы шараларға аталған топтағылар белсенді атсалысты. Олардың арасында өзіміздің ақтөбеліктер де баршылық… Осыдан барып еріктілердің сан алуан бағытта көмек көрсететінін байқауға болатындай.