Волонтерлік — әрекетпен дәлелденетін патриотизм
Қазақстанда 2016 жылы 30 желтоқсанда «Волонтерлік қызмет туралы» заң қабылданды. Содан бері еріктілер қызметін дамытуға көңіл бөлініп, арнайы мемлекеттік тапсырыспен жобалар орындала бастады. 2020 жылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Волонтер жылы» деп бекітті. Бұл респубиликадағы еріктілер қозғалысын жандандырып, оны танымал етуге септігін тигізді. Қоғам мүшелеріне қолғабыс еткісі келетін жастардың белсенділігі артты. Бұл туралы abai.kz порталына сілтеме жасаған oninfo.kz ақпараттық агенттігі жазады.
Президент волонтерлікті нақты әрекетпен көрінетін патриотизмнің бір түрі деп баға берген болатын.
«Отанға деген махаббат үлкен ұрандар мен бос декларациялар емес, бұл – күнделікті еңбек, соның ішінде халықтың игілігі үшін шынайы атқарылатын қайырымды іс. Бұл – адамның болмысы, бұл – терең білім, жоғары мінез-құлық мәдениеті. Өзгенің дүние-мүлкіне қол сұғатын, тонаумен айналысатын, жалған патриоттық ұрандарды тарататын адамдар патриот еместігін түсінуіміз керек. Өзгелердің мүлкін тонап, олардың өміріне қауіп төндірген азаматтар халқымыздың патриоты емес. Мұндай адамдар – заңды өрескел бұзған қылмыскерлер. Сондықтан олар қоғам мен мемлекет алдында заңға сәйкес жауап беруі тиіс»,-деді Қ.Тоқаев.
Мемлекет басшысының айтуынша, патриотизм, қоғамға қызмет ету және игілікті іс – адамның тұлғалық және рухани дамуының жоғары деңгейінің жарқын көрінісі.
«Волонтерлік – мемлекет пен қоғам ілгерілеуінің жарқын көрінісі. Елдің дамуы мен жетістігі халықтың патриоттық белсенді әрекетіне тікелей байланысты. Олар күн сайын маңызды қызмет етеді. Мұндай азаматтар бізде аз емес. 16 мың адам – бастапқы меже. Келешекте жүз мыңдаған, миллиондаған адам жан-тәнімен, ерікті түрде волонтерлікпен айналысатынына сенімдімін. Мемлекеттің, атқарушы биліктің және Парламент депутаттарының міндеті – волонтерлік қозғалысқа атсалысуға мүмкіндік беру.
Волонтерлік қызмет реформаларды жүзеге асыруда, жалпы мемлекетімізді жаңғыртуда маңызды рөл атқарады. Яғни волонтерлер өздерінің іс-әрекетімен аса маңызды реформаларды жүзеге асыруға нақты үлес қосады. Еңбекқорлық, әлемге ашықтық арқылы озық технологияға және жоғары еңбек өнімділігіне негізделген жаңа экономика құра аламыз. Волонтерлік идеясын белсенді ілгерілету отандастарымыздың ой-санасының жаңа парадигмасын жаңғыртуға ықпал етеді», -деді Президент.
2022 жылы «ҚР кейбір заңнамалық актілерге волонтерлік қызмет, қайырымдылық, мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс және үкіметтік емес ұйымдарға арналған гранттар мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасы қабылданды.
Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі Вера Кимнің сөзінше, заң жобасы «волонтерлік қызмет», «волонтерлік қызмет саласындағы уәкілетті орган», «қайырымдылық волонтері» ұғымдарын нақтылап, айқындап берді.
«Заң жобасы мемлекеттік грант саясатын, қайырымдылық және волонтерлік қызметті жүзеге асыру салаларындағы заңнаманы жетілдіруге, сондай-ақ мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдардың «стратегиялық әріптестік» түріндегі өзара іс-қимылының жаңа тетігін енгізуге бағытталған. Заң жобасымен жұмыс барысында депутаттар «волонтерлік қызмет», «волонтерлік қызмет саласындағы уәкілетті орган», «қайырымдылық волонтері» ұғымдарын нақтылады, қайырымдылық бағдарламасын әзірлеу, бекіту және орындау жөніндегі нормалар қайта қаралды, халық арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізуге қатысу құқығы кеңейтілді», — деді ол.
Сондай-ақ, азаматтық қоғамды кірістіре отырып, мемлекеттік гранттардың тиімділігіне бағалаулар нормалары қатаңдатылған. Волонтерлік қызметті есепке алу тізілімін жүргізу бойынша жұмыстар ендігі жерде Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің құзыретіне кірмек.
Волонтерлерді «ҚР-дағы мемлекеттік наградалар туралы» заңда көзделген тәртіппен марапатталмақ.
Жаңартылғанған заңға еріктілердің бастамаларын қолдау мен дамыту, жан-жануарларға жауапкершілікпен қарау түсінігін қалыптастыру сияқты бөліктер қосылған. Сонымен бірге, жәрдемге мұқтаж жандарға қайырымдылық көрсету мақсатында қаражат жинау жүйесі бір қалыпқа түскен. Қайырымдылық істі жүргізетін адамның қызметі нақтыланды. Бұл қызмет волонтер және көмекке мұқтаж жеке тұлғаның, волонтерлік ұйым мен волонтердың арасында жасалған азаматтық-құқықтық шарт негізінде ғана жүзеге асырылады. Ерікті кәмелетке толған болуы міндетті.
Қайырымдылық саласын ынталандыру тұрғысынан заңға бірнеше толықтырулар енгізілді. Қайырымдылықпен айналысатын еріктілер ұйымдары мемлекет тарапынан коммуналдық мүлік есебіндегі қолдауға ие бола алады. Мысалы, волонтерлер қайырымдылыққа арналған заттар жинаумен айналысатын болса, әкімдікке өтініш жазу арқылы қойма сұрай алады. Ол үшін өзінің талаптары көрсетілген.
Үкіметтік емес ұйымдар базасында қайырымдылық немесе волонтерлік саласында кемінде 3 жыл жұмыс тәжірибесі болуы керек.
Тағы бір айта кетерлігі, волонтерлыққа қатысушыларды награда берумен ынталандыру жұмыстары қарастырылған. Қайырымдылықпен айналысатындарды Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі қайырымдылық саласындағы уәкілетті орган ретінде марапаттайды. Оған қайырымдылық жасаушылар, қайырымдылық ұйымдары, коммерциялық емес сектор, бизнес өкілдері және қайырымдылық волонтерлері үміткер бола алады. Бұдан бөлек корпоративтік волонтерлік, корпоративтік қайырымдылық және электрондық қайырымдылық бөлігіне де өзгерістер енгізілді. Мысалы, заңда қайырымдылық волонтері деген волонтерліктің жаңа түрі аталған. Ол өз тәжірибесін, білімін, дағдыларын қолдану арқылы қайырымдылыққа ақша жинауға қатысатын жеке тұлға. Қайырымдылық волонтері қызметін атқару үшін қайырымдылық ұйымымен немесе бенефициармен шартқа отыруға тиіс.
«Дара» жеке қорының атқарушы директоры Айнұр Аймурзинаның айтуынша, ендігі жерде қайырымдылық ұйымдары өздерінің шығындары мен табыстары туралы, сондай-ақ қайырымдылық бағдарламаларында қол жеткізген нәтижелері туралы жылына кемінде 1 рет есеп беріп отыруы тиіс. Бұл мәліметті олар өз сайттарында немесе БАҚ-та жариялайтын болады. Сонымен қатар қайырымдылық жасаушы көмек алушыдан қаражаттың мақсатты жұмсалуы жөнінде де есеп сұрай алады.
2020 жылы жылы пандемия таралып, әлемде еріктілердің маңызы артты. Волонтерлер мұқтаж жандарға көмектесу, өңірлерге медициналық жабдықтар, дәрі-дәрмектер жеткізуге, құзіретті органдармен бірлесіп рейд жұмыстарын жүргізуге көмектесті.
Әлеуметтік желілердің дамуы өңірлердегі қайырымдылық қауымдастықтары, қайырымды клубтарды дамытты. Олар мұқтаж жандарға қаражат жинаумен, сенбіліктер өткізіп, акциялар ұйымдастырумен айналысады, ауыр науқас адамдарға, қарттар үйі мен ҰОС ардагерлеріне көмек көрсетеді.
Маңызды әлеуметтік бағдарламаларды іске асыруға волонтерлердің саны көп болғаны қажет. Қайырымдылық жасауға тек жастар деп жас шектеуін қою дұрыс емес. Орта жастағы адамдар арасында да ерікті болуға насихат жұмысын жүргізу артық болмайды.
Қазіргі таңда Қазақстанда волонтерлік мақсатта құрылған және елдегі маңызды іс-шараларды ұйымдастыруға атсалысып жүрген волонтерлік топтар аз емес. Мысалы Ұлттық еріктілер желісі, Rina.KZ, «Команда SOS» еріктілерді үйлестіру орталығы т.б. волонтерлік ұйымдардың қызметтерін атап өтуге болады. Осы аталған және өзге де волонтерлік топтар елімізде өткен көптеген ірі шараларда (ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі, VII қысқы Азия ойындары, ЕҚЫҰ саммиті т.б.) жемісті қызмет еткенін айта кету керек.
Пандемия кезінде 1 млн-ға жуық адам ерікті болуға ниет білдірген екен. Бүгінде толық емес мәлімет бойынша елімізде 200 мыңдай волонтер бар. Ақпарат және коғамдық даму министрлігінің өкілі Мадияр Қожахметтің айтуынша, еріктілердің саны туралы нақты статистика жоқ.
«Өзіміз бірге жұмыс істейтін 200 мыңға жуық адам волонтер деп санайды. Бірге іс-шараларды атқаруға тырысамыз. Бір адам 1 сағат жұмыс істеп, өзін волонтер деп есептесе, кейбіреулер бірнеше жыл болып осы салада қызмет істеген соң өзін волонтер деп санайды»,-дейді ол.
2019 жылы qazvolunteer.kz волонтерларды тіркейтін сайт ашылды. Бүгінде порталға 56 339 адам тіркеліп тұр. Бұл платформа волонтерлік ұйымдар мен жобаларды іздестіруді жеңілдету үшін құрылған. Яғни, ерікті болғысы келетін кез келген адам осы платформаға тіркеле алады. Волонтерлік ұйымдар, органдар немесе мекемелер жобаға қандай да бір бағыт бойынша волонтерді шақыра алады. Волонтер өзіне жүктелген функциялар мен міндеттерді орындаған жағдайда оны шақырған орган волонтердің жұмысын бағалай алады. Әрі қарай, еріктінің портретіне қарай отырып, кез келген басқа ұйым бұрынғы тәжірибесі мен бұрынғы волонтерлік ұйымның бағасын ескере отырып, оны басқа жобаларға шақыра алады.
Дегенмен қоғамда қайырымдылық жасауға ұмтылу, әлеуметтік көмекке мұқтаж жандарға көмектесу, табиғатты аялау тек еріктілерді міндеті ғана емес, бүкіл адамзаттың жауапкершілігіндегі дүние екенін ұмытпауымыз керек.