ТҮРКІСТАН: ТӨЛЕБИДЕ 80 ОРЫНҒА АРНАЛҒАН ОҚУШЫЛАР ҮЙІ САЛЫНУДА

Төлеби ауданында жаңадан салынып жатқан оқушылар үйінің құрылыс жұмыстары қызу қарқынмен жүргізіліп жатыр. Қазіргі таңда екі қабатты еңселі ғимараттың ішкі әрлеу, қабырғасын қаптау жұмыстары жүргізілуде. Құрылыс нысанына тапсырыс беруші – Түркістан облыстық құрылыс басқармасы. Мердігер мекеме – «Авторемстрой ЛТД» ЖШС.
80 орындық оқушылар үйінің құрылысын жобаға сәйкес жыл соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр. Заманауи ғимаратта мүмкіндігі шектеулі балаларға жедел саты (лифт) да қарастырылған, сондай-ақ 25 түрлі үйірмелер қызмет көрсетеді деп жоспарлануда.
Құрлыс жұмыстарының барысымен танысқан аудан басшысы Төлеген Телғараев мердігер мекеме өкілдеріне аудандық оқушылар үйінің ғимаратын жобада көрсетілген мерзімде аяқтауды тапсырды.
Бұдан өзге аудан әкімі күрделі жөндеуден өтіп жатқан «Жастар ресурстық орталығы» ғимаратының құрылысына барды. Мердігер мекеме «Construction Group SAMRUK» ЖШС өкілі құрылыс жұмыстарының барысымен таныстырып, туындаған мәселелерді сөз етті.
Аудан әкімі ескі ғимараттың еденінен бастап шатырына дейін, толық жаңалануы тиіс екенін айтып, мәжіліс залы, мамандар отыратын жеке бөлмелер де жөндеуді қажет ететіне тоқталды.
–Тамыз айында басталған құрылыс жұмыстары белгіленген мерзімде аяталуы қажет. Жобаға өзгеріс енгізу үшін арнайы техникалық кеңес өткізіп, ғимарат талапқа сай болуын қадағалау қажет, – деді аудан басшысы.
Аталған құрылыс нысанының басында болған аудан әкімі атқарылып жатқан жұмыстардың барысын бақылап, тиісті тапсырмалар берді.