Тәрбие мен білім – егіз
Бүгінгі оқушы – егеменді еліміздің болашағы екенін ескерсек, осы балалардан қоғамның тұлғасы болар білімді, тәрбиелі, мәдениетті азаматтар шығару көпшілігімізді, әсіресе, тәрбие негізі қаланатын мектептегі ұстаздар қауымын толғандыруы тиіс. Себебі, тәуелсіз мемлекетіміздің ертеңі ұрпақтың рухани байлығы, мәдениеті, саналы ұлттық ойлау қабілеті мен біліміне байланысты. Өйткені, әрбір халық ұрпағымен көктеп, өркен жаяды. Әрбір мемлекет рухы таза, санасы биік, білімді де білікті ұрпағынан қуат алады, ол өзінің әрбір жаңа буын жас ұрпағы жетілген сайын дамудың жаңа биіктеріне көтеріледі. Ал, бүгінгі қоғам алдында тұрған ең жауапты міндет – еңселі еліміздің кірпіші боп қаланатын әрбір қоғам мүшелерін, яғни жас ұрпақты адамгершілік қасиетке тәрбиелеу һәм жан-жақты білім беру. Адам бойында адамгершілік құндылықтар болмаса, олардың орнын ешқандай терең білім толтыра алмайтынын өмірдің өзі дәлелдеуде.
Сондықтан қатардағы пендені нағыз толыққанды тұлғаға айналдыру үшін ұлттық құндылықтар арқылы тәрбие берудің маңызы зор. Құндылық дегеніміз не? Құндылық – тәрбие мен оқытудағы адамгершілікке бағытталған мұраттар. Оларға меймандостық, кісілік, сыйластық, имандылық, кішіпейілділік, салауаттылық, қайырымдылық, ізгілік, еркіндік, өнерпаздық, шешендік, ақынжандылық, сыпайылық, мәдениеттілік, шығармашылдық, рухани байлық, махаббат сынды қасиеттер жатады. Құндылықтар – шынайы болады, ол адамға тәуелді емес, дей тұрғанмен ол адам санасында орын алады. Құндылықтар сезім арқылы қабылданады, ал, сана арқылы оны түсінуге болады, соның нәтижесінде тұлға құндылықты игереді, соған сай әрекет етеді.
Осы орайда мен де оқыту мен тәрбие ісінде ұлттық сипатымызды айқындайтын халықтық педагогиканы, атап айтсам, ұлттық ойындар мен салт-дәстүрлеріміздің бөлшектерін баланың деңгейіне қарай пайдаланып отырамын. Мұндағы мақсатым, біріншіден, әрбір бала өзінің қазақ елі азаматы екенін, қазақ елінде туып-өскенін мақтаныш ете алатындай етіп тәрбиелеу, қазақ мәдениеті мен өркениетінің ешбір елден кем болмағандығына көздерін жеткізу;
Екіншіден, балаларға қазақ халқының тарихын, ірі тұлғаларды, олардың ел ісіне қосқан үлесін өнеге ету, солар арқылы адамгершіліктің биік шыңына жетелеу;
Үшіншіден, оқыту барысында апталықтарда, спорттық шараларда, кештерде ұлттық ойындарды, салт-дәстүрді, ауыз әдебиетінің әртүрлі жанрларын пайдаланып, балалардың қиялын, ой-өрісін, әдеби сөздік қорын дамыту;
Төртіншіден, халықтық педагогика арқылы қазіргі қоғамда болып жатқан келеңсіз оқиғалардан сақтандыру, салауатты өмір салтын насихаттау, дені сау, саналы, қоғам істеріне бей-жай қарамайтын өскелең ұрпақ тәрбиелеу;
Осы мақсаттарыма қол жеткізу үшін өткізілген іс-шаралар болсын, пікір-таластар мен сайыстар болсын, спорттық жарыстар, ойындар болсын халықтық педагогикамен, ұлттық тәрбиемен ұштастырып отырамын. Қай бала болмасын әр нәрсеге қызығушылықпен қарайды. Осыған байланысты баланы ұлттық қасиеті жоғары, маңызын жоғалтпаған дәстүрдің озық үлгілерімен сусындатып, оның мағынасын ашатын іс-шараларды да өткізіп отырамыз.
Әлемдік жаһандану үрдісіне қадам басқан жаңа ғасырда әр халық ұлтын, дінін, тілін, мәдениетін, тарихын мейлінше сақтап қалуға тырысады. Олай болса салт-дәстүр өсіп келе жатқан баланың ой-санасын қалыптастыруға, өзінің ұлт өкілі ретінде өсіп, үлгі-өнеге алуына әсерін тигізеді.Сондықтанда осы бағытта жұмыс жасауда мектеп ұжымы болып жоспарлап жатырмыз.
Тәрбие мен білімді бөліп қарауға болмайды. Бұл дүниелер бірін-бірі толықтырып тұратын ажырамас сапа болып саналады.
Халқына қаралы күн туғанда елін қорғап, Отаны үшін жан қиюға даяр адам – тәрбиелі, білімді деп санасақ болады. Отанды сүю отбасынан басталады. Жаңа дүние есігін ашқан балаға жақсы тәрбие беріп, елін-жерін қорғауға дайын болуға насихаттап, үлкенді құрметтеуге үйрету ата мен ананың Отан алдындағы борышы іспеттес.
Ш. ӘБІЛДА,
Абай атындағы №31 ЖОМ мұғалімі.
Түркістан қаласы.