Жуас баб кесенесі

Төлеби ауданы, Қайнарбұлақ ауылдық округіне қарасты Құрлық ауылының қорымында орналасқан. Тарихи жазбаларда Жуас баб біздің жыл санауымызбен 766 жылы Әзірет Сұлтанның ұрпағы Ысқақ баб, Әбдіжәлел баб, Әбдірахым бабтармен бірге жүз мыңнан астам әскер-мен келіп, Исфиджабқа Ислам дінін таратты. Ысқақ баб Жуас бабтың Ислам дінін таратудан басқа білімін, қабілетін ескеріп, Исфиджаб қаласына және оның төңірегіне қазылық ету қызметін қоса тапсырған екен.
Жәлел ата
Манкенттіктер арасында Жәлел атаны сайрамдық Ибрагим шейхтің туысы еді деген сөз бар. Бұл туралы жазба деректер қазірше табылмаған. Көпшілік қадір тұтқан Жәлел ата тақуа, өте діндар, ғылымға ден қойған адам екен. Манкент өңіріне Құран кәрім мен хадис негіздерін уағыздап, ол жерлерде мешіт, медресе ашуда көп еңбек сіңірген. Одан басқа жаугершілік замандарда сырттан басып кірген дұшпандарға қарсы жергілікті халықты бастап барып, аянбай шайқасқан. Соның бір дәлелі, Үшқорған төңірегіндегі соғыста Жәлел ата басқарған жігіттер жаудың үлкен күшіне қарсы тұрып, жауды аяусыз талқандаған. Осындай жеңістерден кейін Жәлел ата манкенттіктерді қорғанның сыртына шығарып, егін егуге,бау-бақша тігуге кеңес береді. Жәлел атаның көптеген оқымысты ұрпақтары мен шәкірттерінің аты-жөні халық жадында сақталған.
Дайындаған Ә.МАРАТҰЛЫ.