ТҮРКІСТАНДА «ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫНА» ҚОРЫНЫҢ ҚЫЗМЕТІ ӨҢІРЛЕР ҮШІН» АТТЫ ЖИЫН ӨТТІ

Түркістан қаласында «Қазақстан халқына» қорының қызметі өңірлер үшін» атты жиын болып өтті. Басқосуға облыс әкімінің орынбасары Нұралхан Көшеров, «Қазақстан халқына» қоры төрағасының орынбасары Ләззат Шыңғысбаева, мәслихат депутаттары, қоғамдық ұйымдар мен жергілікті атқарушы органдар өкілдері қатысты.
Ләззат Шыңғысбаеваның айтуынша, бұл кездесу — өңірдің қайырымдылық бағдарламалары мен жобаларын іске асыру жөніндегі бастамаларды талқылау мен айқындау мақсатында өткізіліп отыр. Жиын барысында «Қазақстан халқына» қорының жүзеге асырған қайырымдылық бастамалары таныстырылып, Түркістан өңірінде іске асқан және жоспарланған қайырымдылық жобалар баяндалды. Сондай-ақ, кездесуде мемлекеттік органдар мен коммерциялық емес ұйымдардың басшылары бірқатар әлеуметтік жобаларды ұсынды.
— Қор төтенше жағдайлар кезінде зардап шеккен азаматтарға көмек көрсетеді. Қордың бағдарламалары елдің барлық өңірлерінде ауылдық елді мекендер мен шағын қалаларға баса назар аудара отырып іске асырылады. Ұйым Түркістан өңірі бойынша 15 қайырымдылық бағдарламасын жүзеге асырып отыр. Бүгінгі таңда 2,1 млрд теңгеге қайырымдылық көмек көрсетілді. Сонымен қатар, алдағы уақытта 2,7 млрд теңгеге қолдау көрсету жоспарланып отыр. Жалпы Қор қазақстандықтардың денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қолдау, мәдениет және спорт салаларындағы негізгі проблемаларын шешуге бағытталған 40-тан астам қайырымдылық бағдарламалар мен жобаларды қаржыландырады,- дейді Ләззат Шыңғысбаева.