ТҮРКІСТАН: ОБЛЫСТЫҚ «КҮЙ ҚҰДІРЕТІ» ЖАС КҮЙШІЛЕР БАЙҚАУЫНЫҢ ЖЕҢІМПАЗДАРЫ АНЫҚТАЛДЫ

Созақ ауданында Түркістан облысының 5 жыл толуына орай және Созақ ауданының 95 жылдығына арналған облыстық «Күй құдіреті»жас күйшілер байқауы өтті. Аудандық «Мыңжылқы» мәдениет сарайында ұйымдастырылған шарада алдымен аудан жетістіктері туралы бейнеролик көрсетілді. Содан соң күй өнері жайлы театрландырылған көрініс көпшілік назарына ұсынылды,  деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған oninfo.kz ақпараттық агенттігі.
Түркістан облыстық мәдениет және халық шығармашылығы орталығы директоры Мейіржан Алиакбаров байқауды ашып беріп, қатысушыларға сәттілік тіледі. Сондай-ақ күй сайысының мақсаты қазақ халқының күй өнерін бүгінгі жас ұрпақ арасында кеңінен насихаттау, дәстүрлі күй орындау өнерін дамыту және талантты жас күйшілерді анықтау, олардың шығармашылығына қолдау көрсету екенін жеткізді.
Облыстық «Күй құдіреті» байқауына 16 мен 35 жас аралығындағы 21 үміткер қатысты. Бірінші кезеңде Созақ ауданынан шыққан күйшілердің шығармаларын, екінші кезеңде еркін тақырыпта өздерінің қалаған күйлерін орындады.
Созақ ауданы әкімдігінің мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің «Мыңжылқы» мәдениет сарайының ұйымдастыруымен өткен байқауға ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, профессор, Созақ ауданының құрметті азаматы, күйші, композитор Жанғали Жүзбай, ҚР Еңбек сіңірген артисі, «Құрмет» орденінің иегері, Құрманғазы атындағы Ұлттық академиялық халық аспаптар оркестрінің солисті Құндыз Қаламбаева, дәстүрлі әнші, халықаралық байқаулардың лауреаты Табиғат Асқарова, күйші, Сүгір атындағы оркестр дирижері, ҚР Мәдениет саласының үздігі Шыңғыс Исаев, Созақ ауданы әкімдігінің мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің бас маманы Асхат Абилов төрелік етті.
Қазылар алқасының шешімімен Назерке Асқароваға (Созақ ауданы) бас жүлдеге ие болды. Жүлделі І орын Нұрлыбек Тұрлыбайға (Ордабасы ауданы), Жүлделі ІІ орын Алима Нұржанбаева (Созақ ауданы) мен Дінмұханбет Сұлтанға (Мақтарал ауданы), жүлделі ІІІ орын Ернар Сәтім (Арыс қаласы) мен Мұхамеджан Ермұратовқа (Отырар ауданы) бұйырды.
Сонымен қатар бірқатар күйші арнайы номинациялармен марапатталды. Атап айтқанда «Сүгір» атындағы арнайы жүлдеге Орынбасар Әбдірахман (Келес ауданы), «Жаппас Қаламбаев» атындағы арнайы жүлдеге Ақбота Орынбасарова (Бәйдібек ауданы), «Төлеген Момбеков» атындағы арнайы жүлдеге Нұртуған Қосаманов (Сайрам ауданы), «Генерал Асқаров» атындағы арнайы жүлдеге Саят Құлбек (Төлеби ауданы), «Созақ ауданы әкімінің» арнайы жүлдеге Мағжан Тойшыбай (Сауран ауданы), Түркістан облыстық мәдениет және туризм басқармасының арнайы жүлдесіне Кенжебек Пірмахан (Түркістан қаласы) ие болды.
Жеңімпаздарды Созақ аудан әкімінің орынбасары Қалдыбек Оразов құттықтап, арнайы дипломдармен және қаржылай сыйлықтармен марапаттады. Сонымен қатар өзге де қатысушы үміткерлерге қатысқаны үшін алғыс хат табысталды.