Болат Ақшолақов Президент кеңесшісі болды
Бұрынғы Энергетика министрі Болат Ақшолақов Президент кеңесшісі болды.
«Мемлекет басшысының өкімімен Болат Оралұлы Ақшолақов Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі лауазымына тағайындалды», — деп жазылған Ақорданың ресми сайтындағы құжатта.
Айта кетейік, Болат Ақшолақов 1971 жылы Атырау қаласында дүниеге келген. 1993 жылы Қазақ мемлекеттік басқару академиясын тәмамдаған. Мамандығы бойынша — экономист.
Еңбек жолын 1994 жылы бастаған. 1995-1997 жылдары Орталық Азия ынтымақтастық және даму банкінің активтерді басқару бөлімінің маманы, бөлім бастығы, директордың орынбасары қызметін атқарды.
1997-2003 жылдары «Қазақойл» ҰК» ЖАҚ Теңіз жобасы бойынша аға сарапшы, менеджер, департамент директорының орынбасары, Commonwealth & British Services Ltd. бизнес-талдаушысы, стратегиялық жоспарлау жөніндегі менеджері, қаржы директоры болып еңбек етті.
2003-2006 жылдар аралығында — «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ БК-да үлесті басқару жөніндегі атқарушы директор.
2006-2008 жылдары Қазақстан Республикасының Энергетика және минералды ресурстар вице-министрі болып қызмет атқарды. 2008-2011 жылдары — «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ басқарушы директоры, PSA ЖШС бас директоры, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ басқарма төрағасы болды. 2012-2014 жылдары — ҚР Мұнай және газ вице-министрі.
2014 жылдың қыркүйек айынан бастап — AlmexPetrochemical ЖШС бас директоры. 2016 жылдың ақпан айынан бастап — «KAZENERGY» Қазақстан мұнай-газ және энергетика кешені ұйымдарының қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің бас директоры.
2022 жылдың қаңтарынан бастап Энергетика министрі қызметін атқарды.
«Құрмет» орденімен марапатталған.
дереккөз: Ақорда