ШЫМКЕНТТЕ ТЕРРОРИЗМГЕ ҚАРСЫ ОҚУ-ЖАТТЫҒУ ӨТКІЗІЛЕДІ
27 наурыз күні Шымкент қаласының аумағында «Найза-терроризмге қарсы-2023» терроризмге қарсы оқу-жаттығуы өткізіледі.
Бұл туралы Шымкент қалалық терроризмге қарсы күрес жөніндегі жедел штабы мәлімдеді.
Аталған іс-шараның мақсаты — құқық қорғау және арнайы органдардың күштері мен құралдарының террористік сипаттағы түрлі қауіп-қатерлерге ден қоюға дайындығын тексеру. Жаттығу әр түрлі қиындық элементтерімен жауынгерлік жағдайларға мүмкіндігінше жақын.
“Осыған байланысты қалалық жедел штаб азаматтарды жүргізіліп жатқан оқу іс-шараларына, автокөлік пен халық қозғалысының ықтимал уақытша шектеулеріне түсіністікпен қарауға шақырады. Қала тұрғындары мен қонақтарынан қауіпсіздік шараларын сақтауды және мемлекеттік органдарға тартылған қызметшілердің заңды талаптарын орындауды сұрайды”, — делінген жазбада.