ТҮРКІСТАН: ОТЫРАР АУДАНДЫҚ АУРУХАНАСЫНДА КҮРДЕЛІ ОТАЛАР ЖАСАЛА БАСТАДЫ
Отырар аудандық ауруханасында әйелдерге бұрын-соңды жасалмаған күрделі оталар жасала бастады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес жоғары білікті медициналық көмекті дамытуға ерекше көңіл бөлініп келеді. Осыған орай облыстың білікті дәрігерлері денсаулық саласындағы бағыттарды жүзеге асыру мақсатында жұмыстар атқаруда.
Жақында Отырар аудандық орталық ауруханасында гинекологиялық патологиясы бар үш науқасқа ота жасалды.
Басты мақсат – тұрғындарға жедел әрі сапалы көмек көрсету, күрделі оталарды қажет ететін науқастарға отаны ауданда жасауға мүмкіндік туғызу және мамандарды даярлау. Осылайша, аудандағы емделушілерді облысқа әуре қылмай тегін кеңестер беру арқылы оталарды жасатуға да мүмкіндіктер туып отыр.
Облыстық клиникалық ауруханасында жасалатын күрделі оталарды ауданның дәрігерлеріне үйрете отырып, тәжірбие алмасу мақсатында білікті хирург Нұржан Махмудов әр аптаның бейсенбісі келіп, тұрғындарға тегін дәрігерлік кеңестер беруде.
Кезекті ота ауданның үш тұрғынына жасалды. Науқастардың бірінен лапароскопиялық әдіспен аналық безінің кистасы алынса, тағы бір тұрғыннан жатыр миомасы алынды. Ал үшінші науқасқа қынаптың төмен түсуіне байланысты ота жасалып, емделді.
Білікті дәрігермен бірге ауданның акушер-гинекологтары тәжірбие алмасу мақсатында отаға қатысып отырады. Барлық ота сәтті өтіп, қазіргі таңда науқастардың жағдайы тұрақты. Келешекте осындай тәжірбие алмасулардың нәтижесінде ауданның акушер-гинекологтары өздері жоғары деңгейде оталар жасауға ниетті.