ТҮРКІСТАНДА «TARMAQTAR» КІТАБЫНЫҢ ТАНЫСТЫРЫЛЫМЫ ӨТТІ

Облыс орталығындағы «Конгресс Холл» кешенінде Түркістан облысы әкімдігінің қолдауымен «Поэзия түні» әдеби-романтикалық кеш өтті. Кеш аясында «Тarmaqtar» кітабы таныстырылды. Көптің көкейінен шыққан шараға облыс әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев, облыстық мәдениет басқармасының басшысы Әзімхан Қойлыбаев, Қазақстан Жазушылар одағы Түркістан облыстық филиалының төрағасы Айдар Сейдазым, сондай-ақ зиялы қауым өкілдері мен өнерсүйер қауым қатысты.
– Түркістан тек киелі мекен ғана емес, өнердің, шығармашылықтың ордасы. Бұған бүгінгі кеш дәлел бола алады. Алғаш естіген сәттен бастап, бұл жобаны, лирикаға толы кешті қолдаймын деп шештім. Өйткені қазір өнер де заманауи бағытта дамуы қажет. Кітаптың дизайны, ондағы әрбір сурет пен тармақ, оның ішіндегі аудиопоэзияға жол ашатын QR код, барлығы жоғары талғаммен жасалғаны көрініп тұр. Ерекше форматтағы шара үшін ұйымдастырушыларға алғысымды білдіремін. Алдағы уақытта ашық аспан астында жалғасын табады деп сенем, – деген Бейсен Дәулетұлы арнайы сый-сияпат жасады.
– Бұл кітаптың шығуына көп адамның септігі тиді. Кітаптың қиындығы қанша көп болса, ішіндегі тосынсыйы да аз емес: Біріншіден, мазмұны, бет саны жоқ. «Мазмұндама» баспасының мазмұнсыз шығарған алғашқы кітабы шығар, әдейі осылай істедік. Себебі адам сезімінің реті, белгілі бір шеңбері болмаса керек. Сол үшін де біздің ішкі сезімдеріміз сияқты ию-қиюласып жатсыншы дедік. Әр беті картина. Сурет. Контент. Терең ой. Осылайша желідегі қазақ контентіне құбылыс әкелуді көздедік. Жақында ғана оқырманға жол тартқан туынды 1 жылдық еңбектің нәтижесі, – дейді кітапты жинақтап, шығарған авторлар Еламан Төлеутай мен Рысгүл Досжанова.
Кеш барысында танымал ақындардың өлеңдері оқылып, әуезді әндер шырқалды. Сонымен қатар ел ағалары ізгі лебіздерін білдіріп, жаңа кітаптың шығуымен құттықтады. Келген қонақтар арасынан да өлең оқушылар табылып, өнерлерін ортаға салды.