ТІКЕЛЕЙ ЭФИРДЕ ҒИМАРАТ ОПЫРЫЛЫП ТҮСТІ: ТҮРКИЯДА ТАҒЫ ДА ЖОЙҚЫН ЖЕР СІЛКІНІСІ БОЛДЫ
Түркияның орталық бөлігінде Астана уақытымен сағат 16:24-те магнитудасы 7,7 балдық жаңа жер сілкінісі тіркелді. Кейбір мәлімет бойынша, жерасты дүмпулері елдің шығыс бөлігінде де сезілген. Жер сілкінісі Түркия астанасы Анкарада сезілді. Одан бөлек, Кахраманмараш қаласынан 77 шақырым жерде магнитудасы 5,9 болатын тағы бір жер сілкінісі болды. Бұл туралы Еуропа-Жерорта теңізі сейсмологиялық орталығы хабарлады.
Айта кетейік, әлеуметтік желілерде Диярбакыр қаласындағы жаңа жер асты дүмпулері кезінде ғимараттың қалай құлағаны көрсетілген қорқынышты кадрлар пайда болды. Ғимарат опырылып түскен сәтте оның маңында құтқарушылар жұмыс істеп жатқан.
Еске сала кетейік, кеше түнде Түркияның оңтүстік-шығысында магнитудасы 7,5 бал болатын күшті жер сілкінісі тіркелді. Жерасты дүмпулері тек Түркияда ғана емес, көршілес Сирия мен Ливияда да сезілді.
Жер асты дүмпуі салдарынан ғимараттар қирады. Бұған дейін төтенше жағдай салдарынан кем дегенде 500 адам қаза тапқаны туралы хабарланған. Кейінірек жер сілкінісінен қаза болғандар саны 900-ден асып, бес мыңнан астам азамат зардап шеккені белгілі болды.
Айта кетейік, бұған дейін президент Қасым-Жомарт Тоқаев Түркия басшысы Режеп Тайып Ердоғанға жеделхат жолдаған болатын. Ол түрік халқына көңіл айтып, көмек көрсетуге дайын екенін мәлімдеді. Жақын арада Түркия үкіметінің өтініші бойынша зардап шеккен өңірлерге қазақстандық құтқарушылар мен дәрігерлер ұшады.
дереккөз: kaz.nur.kz.