ТҮРКІСТАН: 50-ГЕ ЖУЫҚ ЖАҢА БІЛІМ БЕРУ ҰЙЫМЫНА ЛИЦЕНЗИЯ БЕРІЛДІ
Түркістан облысында жаңадан ашылған 45 білім беру ұйымына лицензия және лицензияға қосымшалар берілді.
Бұл туралы Түркістан облысының Білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаменті басшысы міндетін уақытша атқарушы Жанар Қасымова брифинг барысында айтты.
Оның сөзінше, 2022 жылдың есепті кезеңінде лицензия және лицензияға қосымша алу туралы 320 өтініш түскен. Оның 92-і қанағаттандырылып, біліктілік талаптарына сәйкес келмеген 228-нен бас тартылған.
– Жаңадан ашылған 45 білім беру ұйымына лицензия және лицензияға қосымшалар берілді. Оның 2-і мемлекеттік, 43-і жекеменшік мектеп. Сондай-ақ, 37 лицензияға қосымша берілді. Лицензия және лицензияға қосымшаны қайта рәсімдеу бойынша 13 өтініш түсті. Оның 9-ы қайта рәсімделіп, 4-нен бас тартылды. Лицензия беруден бас тартудың негізгі себептерінің бірі — құжаттар тізбесінің толық ұсынылмауы. Сондай-ақ, 54 білім беру ұйымы, оның ішінде 32 балабақша мен 22 мектеп мемлекеттік аттестаттаудан өтті, — деді Жанар Сатыбалдықызы.
Сонымен қатар, «Жайлы мектеп» бағдарламасы бойынша 63 білім нысанына мониторинг жүргізілген. Жергілікті атқарушы органға құрылыстың орналасуы және бөлінген жер телімдері бойынша ұсынымдар берілді.
Сондай-ақ, педагогикалық әдеп және педагогтердің құқықтарын қорғау жөніндегі консультативтік-кеңесші органның жұмыс жоспарына сәйкес 17 мәселе қаралған. Оның ішінде білім беру ұйымдарының басшыларын тәртіптік жауапкершілікке тарту үшін жергілікті атқарушы органдарға ұсынымдар берілген. Атап айтқанда, 3 білім беру ұйымының басшылары тәртіптік жауапкершілікке тартылды.