ҮШ ЖҰРТЫМ ДА ТҮРКІСТАННЫҢ ТОПЫРАҒЫНДА ЖАТЫР
Тұманбай Молдағалиев – Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты:
«Өзінің туған елін ту ғып ұстап, өтіп кеткен бала күнін, жастық шағы, махаббатын жақсы жырлап жүрген ақынымыздың бірі Қ.Бегманов екенін бұрыннан білетінмін, ақын інімнің ақындығына, үлкен ағалары Әбілдаға, Қасымға жақындығына іштей қатты сүйсінетінмін. Мен дарынды ақын Қасымхан Бегмановтың жаңа кітабын қызыға оқыдым. Жасынан жүлделі тұлпардан шыққан биігін асықпай қызықтауға кірістім».
Өтежан Нұрғалиев – ақын, «Құрмет» орденінің иегері:
Бегмановты берген мынау – Түркістан,
Билесе – өрнек, айтылса – өлең, жазса – күй.
Азан айтар әр есікті ашсаң – үй,
Қасымханға бата берген бұл мешіт,
Әзірет Сұлтан Қожа Ахмет Ясауи!»
Темірхан Медетбек – ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты:
«Өткенмен сырласу кім-кімге де оңай болмаса керек. Өйткені өткеннің өкінішті қасіреті мен өзекті өртер қайғысы аса ауыр. Қасымхан ақын өткеннің сол өкінішті қасіреті мен өзекті өртер қайғысын тұла бойынан өткізе біліпті».
Қадыр Мырза Әлі – Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты:
«Қасымхан Бегманов поэзиясына үстірттік, асығыстық фрагменттік, салғырттық мүлдем жат құбылыс. Ол, нені болса да, жаны өртеніп, егіліп, төгіліп жазады. Ең соңғы тамшысына дейін сарқып, таусылып жазады. Сынаптай быт-шыт болып, шашырап, өте ұсақ деңгейге шейін бөліне біледі. Содан кейін, бәрін айтып болғаннан кейін, сол сынап тәрізді қайта бас қосып, бірігіп, тұтасып, түгелдене біледі. Бұл жалпы тіршілік жаратылысына тән, табиғи заңдылық. Поэзия үшін, әсіресе шынайы да құдіретті үлкен поэзия үшін аса қажетті қасиет».
Илья Жақанов – сазгер, жазушы, өнер зерттеуші:
«Лермонтов пен Қасымхан екеуінің арасындағы уақыт кеңістігі жер мен көктей. Екеуі ұшы-қиыры жоқ мезгілдің екі кезеңі… Бірақ, екеуінің жаратылысы бір, рухы бір. Екеуі де – ақын!
Ақын – Тәңір сиы!»
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Түркістан, Кентау қалаларының Құрметті азаматы, «Құрмет» орденінің иегері, республикалық «Дәстүр» журналының бас редакторы, көрнекті ақын Қасымхан Бегманов былтыр 60 жасқа толды. Содан бері сөз шеберінің мерейтойы түрлі шаралар төңірегінде аталып келеді. Бүгінгі күннің өзінде оның бірнешеуі облыстық, қалалық дәрежеде өтті. Біз де жерлесімізді айтулы мерекесімен тағы да құттықтай отырып, дара тұлғамен болған сұхбатты назарларыңызға ұсынып отырмыз.
– Қасымхан аға, «Түркістан» газеті өткен жылдан бері сіздің мерейтойыңыз туралы оқырмандарын құлағдар ете отырып, өтіп жатқан шаралар туралы жазып жатыр. Мерейтой жалғасуда. Біз де айтулы мерекеңізбен құттықтай отырып бірнеше сұрақ қойсақ деп едік?
– Рахмет! Бүкіл түркі жұртының рухани астанасы «Түркістан» қалалық газетінің тарихы терең. Түркістан атауының бүкіл түркі жұртына мәшһүр болуы, Қожа Ахмет Ясауи ілімінің таралуымен және Ақсақ Темір салдырған әйгілі Қожа Ахмет Ясауи кесенесімен байланысты. Яғни, «Түркістан» атауын иемденген бұл қалалық газеттің көтерер жүгі ауыр әрі өте жауапты деген сөз. Сонау жылдары қасиетті Түркістанның көзі, құлағы, һәм тілі болған «Түркістан» газетінде Темірхан Медетбектің, Өмірбай Сәуірбаевтың, Қаныбек Сарыбаевтың, Базарбай Оспановтың, Нұрмахан Назаровтың өлеңдері жиі шығып тұратын. Газет оқырманға ақпараттың мағлұматпен бірге көбіне рухани тақырыптарды қамтығандығымен де тартымды болатын. Бүгінгі күні «Түркістан» газетінің бетінде қандай айдарлар бар екенінен соншалықты хабарым жоқ. Түркістанға келгеніме бір жылдан асып бара жатыр.
Иә, алпыс жылдығым Түркістанның тарихи сәтіне тура келді. Поэзия құдіреті арқылы қазақ деген ұлы халықтың болмысы мен бітімінің ұлылығын дәріптеуді облыс басшылары сырт қалдырмады. Облыс орталығы дәрежесін алған Түркістанда алғашқы мерейтой иесі болғаным да кездейсоқтық емес деп білемін.
– «Рухани астанамыз» деп өзіңіз айтып қалдыңыз, осы тұрғыда «Рухани жаңғыру» тақырыбы аясында төрт томдық кітабыңыз шығыпты. Осы жөнінде ой бөліссеңіз.
– Бұл еліміздің рухани дамуын, ұлттық сананың серпілуін көтерген бағдарламалық мақала. Демек, салт-дәстүрімізді, мемлекеттік тіліміз бен әдебиетімізді, мәдениетімізді, қазақи рухымызды жаңғырту. Қазір ақпараттық технологиялар ғасырында әдебиетін, мәдениетін, руханиятын жоғалтудың сәл алдында тұрған дамыған елдер қаншама?! Руханиятын жоғалтып алмау үшін, оны қайта түлету үшін олар жанталасып бағуда. Жаһандану дәуірінің соңынан ілесеміз деп, ұлттық құндылықтарын мүлдем жоғалтып алып жатқан елдер де баршылық екен. Осы тұста, біз – ру-хани байлықтарымызды арнайы бағ-дарлама арқылы түгендеп жатқанымыз қуантарлық жайт. «Рухани жаңғыру» бағдарламасында көрсетілген ұлттық құндылықтар – салт-дәстүр. Салт-дәстүрді насихаттап келе жатқан басылым, ол – республикалық ұлттық-этнографиялық «Дәстүр» журналы екенін білесіздер. «Дәстүрдің» жарық көргеніне де он жылға жуықтап қалды. Содан бері үзбей шығып келе жатыр.
Негізі, сіз айтып отырған «Дәстүр: кеше, бүгін, ертең» атты төрт томдығым халық этнографиясының көрнекті өкілі Жағда Бабалықұлының туғанына жүз жыл толуына орай ұйымдастырылған болатын. Жоғарыда айтқанымдай, «Рухани жаңғыру» – ол тұнып тұрған салт-дәстүр емес пе? Тақырып қабысып кетті.
«Арманым жоқ, тәуелсіздік таңының жарқырай атқанын көрдім, мәңгілік болуын тілеймін», – деген еді ұлтын шексіз сүйген абыз Жағда Бабалық. Бұл адамға көп ой салатын сөйлем! Менің төрт томдығым да сол, «тәуелсіз елімізге не бере аламыз?», -деген ойдан туындаған болатын. Негізі жобаның аясы өте кең: еліміздегі этнографиямен айналысып жүрген ғылым кандидаттары мен докторлары, ізденуші-магистранттар, халық этнографтары күрмеуі мол күрделі сауалдарға жауап береді, өз ойларын ортаға салады. Жоба аясында қаншама ғұламалармен, абыздармен кездестім, сұхбаттастым, сырластым. Олардың мәнді де мағыналы әңгімелерін тыңдау, ұлағатты сөздерін таспаға жазып алу, ақ ниетпен ақтарыла сыр бөлісу бақыты пешенеме жазылғанына іштей шүкіршілік етемін.
Әрине, төрт томдықтың арқалаған жүгі өте ауыр. Өйткені, бұл кітаптарда көтерілген тақырыптар мен қойылған сұрақтар халықтың сұранысынан туындаған болатын.
– Төрт томдықты оқырман жылы қабылдағанын, көптеген ғалымдар-дың тұщымды пікір білдіргенін баспасөз беттерінен көрдік. Бірақ таралымы аз болды ма, кітап дүкендерінен кездестіре бермейміз.
– Мың данамен жарық көрді. Бұл әрине, қалың оқырманға жетпесі белгілі. «Ұлттың қажетін өтейтін, халықтың көкейіндегісін тап басатын, болашаққа қызмет ететін, жас ұрпақтың таным-түсінігін қалыптастыратын, көңіл көкжиегін кеңейтетін құнды басылым болды» деп оқырманның пікірлерінен кейін нық айта аламыз.
– Томдықтың жанры да өзгеше екен. Бұл оқырман тартудың бір қыры сияқты?
– Иә, төрт том да толық сұхбаттарға құрылған. Сұхбат – деректі проза жанры үшін де берері көп, адамның ойын қаз-қалпында әрі ұғынықты етіп жеткізер оңтайлы әдіс-тәсіл. Ең бастысы, бұл әдістің оқырманға әсері мол. Таңдауымның сұхбатқа түскені де сондықтан еді. Қазіргі таңда сұхбат жанрының мән-маңызы ерекше артты. Бұл қажеттіліктен туындап отыр. Бұл сұхбаттарда қазақ этнографиясы мен тарихы, оқу-білім, мәдениет және өнер, ұлттық қадір-қасиеттер мен тәлім-тәрбие, ар-намыс, дін, салт-дәстүр, әдет-ғұрып, жөн-жоралғылар, ырымдар мен тыйымдар туралы кең көлемде әңгіме болады. Сұхбат беруші әр ғалым, тұлғалар, этнографтар өз саласы бойынша жүйелі сөз айтып, жеткен жетістіктері мен кеткен кемшіліктерін сөз етеді. Бүгінгі күні шешімін күткен көкейкесті мәселелер мен түйінді мәселелер туралы да сөз болып, оларды шешу жолдарына да тоқталып, жаңа бағыт сілтеп, бағдар береді. Сонымен қатар, кітаптарда сын-ескертпелер де айтылады.
– Сіздің мамандығыңыз инженер. Бірақ туа бітті ақынсыз. Бұл жолда шыққан биіктеріңіз аз емес…
– Ата-бабам, мені аялап өсірген асыл әжелерім, ардақты әкем, аяулы анам, аға-апаларым, үш жұртым да, түп-түгел киелі Түркістанның топырағында жатыр. Сондықтан ба екен, қаршадайымнан қасиетті Құранның сүрелері санам мен сүйегіме сіңіп кеткен. Анамыздан қазақ болып жарық дүниеге келдік, қазақ болып, уақытша аманатқа берген жанын Жаратушыға абыроймен тапсыру – парызымыз екендігін ес жиып, етек жапқалы бір сәт те есімнен шығарған емеспін. Халқымыздың озық ойлы перзенттерін өзіме ұстаз тұттым. Сондықтан болар, қабырғамыз қатпай жатып күңіреніп өлең жаздым. Қазақ политехникалық институтының студенті кезімде атақты ақындар Жұмекен Нәжімеденовтің рецензиясымен, Өтежан Нұрғалиевтің редакторлығымен алғашқы жыр кітабым жарыққа шықты. Содан бері де арада қырық жылға жуық уақыт өте шығыпты. Бүгінгі күні біраз жыр жинақтарым жарыққа шықты. Соңғы жылдары Алашорданың тоқсан жылдығынан бастау алған, өзім ұйымдастырған «Мұстафа Шоқай жолымен» атты экспедициясының аясында сегіз мемлекетті аралап, «Мұстафа Шоқай жолымен» атты көлемді сапарнамалық-зерттеу кітабым мен осы аттас төрт сериялы деректі фильмім жарық көрді. Деректі фильмім орта білім беру орындарында тарих пәніне қосымша электронды оқулық ретінде министрлік тарапынан бекітілді. Сапарнамалық-зерттеу кітабым мемлекеттік тапсырмамен жарық көрді. Соңынан, «Шерлі Түркістан» мен «Алашорда аманаты» атты екі бірдей поэмам жарық көрді. Бұл поэмаларым 2014 жылы жарық көрген «Күреңбел» жыр жинағымның ішіне енді.
– Аға, Сіздің замандастарыңыз-дың қайсысымен сөйлессек те «Қа-сымхан Түркістаннан шетелге рес-ми барған алғашқы адам» деп жата-ды. Қайта құру кезеңінде Түркістан-ның мәдениетін басқарған екенсіз. Көп қиындықтар болған шығар?
– Иә, ондай оқиғаның болғаны рас. Ол кезде Түркістан қалалық мәдениет бөлімінің меңгерушісі болатынмын. Осы бөлімге қарасты «Яссы» фольклорлық ансамблімен Мәскеу арқылы Куба еліне бір айға концерттік бағдарламамен бардым. Әрине А. Жақыпбеков, У.Үргенішбаева, Ә.Қолдасбеков, Ф.Мархабаева, Қ.Жаубасаров, Ә.Нұрпейсов, Ұ.Мұстафаева, Р.Абдуллаева, Қ.Тілеубаев, М.Күнболатов, К.Сейтқасымова, Ж.Есенбеков, А.Бердалиева сынды өнер саңлақтары да бар. Әлі есімде, бізді сол кездегі қаланың жаңа басшысы Нұридін Балқияев шығарып салды. Ол кісі ата-бабаларымыздың аяғы жетпеген Бостандық аралы – Куба жайлы айта келіп «Кеңес одағындағы қазақ деген халықтың бар екендігін танытып қайтыңдар. Кубаның белгілі жазушы Э.Хемунгуейдің мәңгілікке дамылдап жатқан жері, өзіндік салт-дәстүрі бар мемлекет. Мәдениеті мен өнері қалыптасқан орта, соны танып қайтыңыздар», – деп, ақ жол тіледі. Ол қоғамда Куба, жалпы шет ел туралы мәліметтер тым аз болатын. Бірақ, біз асқан сезіммен барып, абыроймен қайттық. Қасымдағылар өнердің саңлақтары ғой. Олар біздің, қазақ елінің бар екендігін барынша көрсетті.
Иә, тура сол жылдары халқымыздың рухани орталығын түлету жөніндегі ұсыныстар енді-енді айтылып, көтеріліп жатқан кез болатын. Осы жылдары Әзірет Сұлтан қорығы құрылды, ескі Түркістанның орнына археологиялық-қазба жұмыстары жүргізіле бастады. Сол кезде әйгілі Күлтөбені қазған ғалымдар Түркістанның 1500 жылдық тарихы бар екенін дәлелдеген болатын. Бауырлас ел түріктермен алғаш келісім-шартқа да осы жылдары отырған болатын. Ертеңге деген сенім – ең алдымен, өткен тарихымызды терең білуден туындайтынын осы жылдары сезіндім. Бүкіл түркінің берекесі сияқты болған «Тайқазанды» қайтару сынды тарихи сәттің басы-қасында жүрдім. Сонау отызыншы жылдары қазіргі Санкт-Петербор қаласында өткен «Иран өнері» атты халықаралық көрме үшін деп алынған Тайқазан, 1989 жылы Түркістанға, құтты мекеніне қайтарылды. Бірақ Эрмитаж көрмесінде алпыс үш жыл тұрған қазанды қайтару да оңай болған жоқ. Сол кездегі Түркістан қаласының бірінші хатшысы Нұридін Балқияұлы бәріміздің атсалысуымызбен қазан елге аман-сау жеткен соң, енді Тайқазанның орнына орналастырылу шарасының ашылу салтанатын рухани саланың бір көрнекті өкіліне кестіру керек екенін айтты. Мәдениет саласын басқаратын болған соң, мұны өз қолыма алдым. Сөйтіп менің айтуыммен академик Зейнолла Қабдолов ағамызға лентасын кестіріп, салтанатты ашылу рәсімін өткізген болатынбыз. Зейнолла ағай апаймен бірге келді.
– Жұрт сізді тек ақын ретінде ғана емес, мемлекетшіл азамат ретінде жақсы таниды. С.Ерубаевқа, М.Шоқайға, Жағда Бабалыққа қатысты жасаған игі істеріңізді қалың оқырман жақсы біледі. Осы ретте көне Түркістанда жасалып жатқан тіршіліктер жөніндегі ойларыңызды білсек деп едік.
– Иә, қазіргі Түркістандағы қызу жұмыстар, атқарылып жатқан мың сан маңызды шаралар сонау сексенінші жылдардың аяғы мен тоқсаныншы жылдардың басындағы біз бастаған, атқарған еңбегіміздің жалғасы сияқты көремін. Өйткені алғаш рет қатты тозып бара жатқан Ахмет Ясауи кесенесін жаңғырту туралы жарлыққа қол жеткізген болатынбыз. Сол тұста Арыс-Түркістан каналының суы жерасты арқылы кесененің астына келіп жатқаны айқындалған болатын. Сөйтіп, шұғыл шаралар қолданылды. Содан бері Түркістанның сұсы, киесі болған кесене түрленіп келеді.
Сонау жиырмасыншы ғасырдың жиырмасыншы жылдарынан бастап түркі жұрты Түркістан бірлігі аясына бірігуі керек, олар бөлшектенбеген ел болуы керек деп жар салған, өмірінің соңына дейін сол идеясына берік болған Мұстафа Шоқайдың арманы, кешегі тоқсаныншы жылдары Өзбекәлі Жәнібеков Түркістанның облыс орталығы болуы керек екенін айтқанын білеміз. Міне, заманы туып, облыс орталығына айналған қастерлі шаһар енді ұлтымыздың рухын көтеретін, түркі жұртының бірігіп, келелі пікір айтатын – рухани астанасы болып отыр. Бұған бүгінгі Түркістанда болып жатқан іс-шаралар мен атқарылып жатқан жұмыстар куә.
Ал, Саттар Ерубаевқа қатысты атқарылған істі толығымен баяндап берейін. Өйткені, мен елдің бәріне Алматы жаққа жолдарыңыз түссе, Саттар Ерубаевтың басына соғып, Құран бағыштай кету қаперлеріңізде жүрсін, оның соңында қалған баласы болмаса да, Алматыда Райымбек батырдың кесенесіне қарсы, үлкен бейітке кіре берісте, ұлы Әуезов жатқан атақты қорымда жарқырап тұрған моласы бар. Асыл ағамыздың әрдайым, туған қасиетті Түркістаны жақтан бір жылы хабар күтіп, елеңдеп жатарына біздің күмәніміз жоқ деп, айтып жүремін.
Алматыда Саттар Ерубаев атындағы ассоциация құрылып, соны өз қызметіме қосымша ретінде басқардым. Сөйтіп, Саттар Ерубаевтың 80 жылдық мерейтойына қызу дайындалып жатқан бір кезімізде академик Зейнолла Қабдоловпен сөйлескенмін. Ол кісі маған: «Саттардың мерейтойына байланысты оның еңбектерін кейінгі ұрпаққа насихаттап келесің. Саттардың тойы әр он жыл сайын тойлану керек. Сол Саттардың тойы халыққа не береді?», – деп сұрады. Сонда: Аға, сіздің не айтқыңыз кеп отырғанын толық түсінбей отырмын, ойыңызды тарқатып айтыңызшы?», – дегенімде: -Сен жазушы ағаң Қалаубек Тұрсынқұловқа барып жолық, сол Саттар туралы саған халық білмейтін бір мәлімет береді, – деді.
Қалаубек Тұрсынқұловқа осы мәселемен жолыққанымда, ол кісі академик Сәбит Мұқанов өмірден өтерінде қатты науқастанып жатып, 1971 жылы Қалаубек Тұрсынқұловты ауруханаға шақырып алып айтқан сөздерін жеткізді.
Жазушылар Қалаубек Тұрсынқұлов пен Сәбит Мұқановтың арасында мынандай сөз болады. – Қалаубек Тұрсынқұлов: Сәбе, сіздің қандай арманыңыз бар, қандай өкінішіңіз бар? – дегенінде: – Сәбит Мұқанов: «Менің дүниедегі ең үлкен өкінішім – осы Алматыдағы Райымбек батырдың зиратының жанындағы ескі автовокзалдың астында Саттар Ерубаевтың сүйегі қалып қойғандығы екенін Қалаубек саған айтқым кеп жүр еді.
– Оны сіз қайдан білесіз? Сонда Сәбит Мұқанов: – Менің енем, жұбайым, біздің үйдегі жеңгелерің Мәриямның шешесі қайтыс болғанда тура сол Саттардың қасына жерлеген едік. Кейін өкімет арнайы қаулы шығарып, сол ескі бейіт бұзылып, орнына жаңа автовокзал салынуына байланысты Райымбек даңғылының бойында біз жеңгелеріңнің анасын, енемді жаңа бейітке қайта жерлеген едік. Сол кезде Саттардың іздеушісі болмай Саттар сол ескі зиратта, автовокзалдың астында қалған жерде қалып қойғаны көп жылдар есімнен шықпай жүр еді, – дейді.
Осы деректі естігеннен кейін қатты жүрегім ауырып, қалталы азаматтармен ақылдасқанымда ешқайсысы қимылдай қоймады. Тәуекел деп сол тұста маған мынадай ой келді. Адамның артында баласы болмаса оны Алла бермеген шығар, ал моласы болмау ол енді өте қиын нәрсе ғой деген. Мен де сол Саттардың баласының бірімін деп арнайы өз қаражатымды бөліп, Қасым Аманжолов, Мұхтар Әуезов секілді алыптар жерленген жерден жер сатып алып марқұм Ғафу Қайырбеков бастаған жүзге жуық ақын-жазушыларды шақырып, бір малды сойып, имамға Құран оқытып, Саттар Ерубаев жатқан жерден бір уыс топырақты ақ шүберекке түйіп, қайта жерлеуді ұйымдастырдық. Арнайы ескерткіш орнатып, астына Саттардың «Өмір деген өксігімді баса алмаған жан едім» деген өлең жолдарын жазып, жақсы ескерткіш қойдық. Жерлеу рәсімдерін ұйымдастыратын мекеменің бастығы қазақ жігіті екен. Сол кісі: «Қасымхан аға, Саттар Ерубаев менің жақсы көретін жазушымның бірі, оның «Менің құрдастарым» романын кезінде оқып қатты ұнатып едім. Бірақ, мен бір нәрседен қатты қорқамын. Ертең менің орныма қазақтың тілін түсінбейтін, қазақ жазушыларының қадірін білмейтін басқа біреу бастық болып келетін болса, бұл зиратта Саттардың сүйегінің жоқ екенін білетін болса, бұл ескерткішті бұзып, жерді басқа біреуге қайта сатып жіберуі мүмкін ғой» деді. Сөйтіп Саттардың артында ұрпақ болмағандықтан «Бұл ескерткішті қойған «Саттар Ерубаев» жас әдебиетшілер ассоциациясының төрағасы Бейбіт Қойшыбаев пен ақын Қасымхан Бегманов» деп өз есімдерімізді жазып қойдық.
– Қасымхан аға, биыл Түркістан қаласының облыс орталығы мәртебесін алғанына да бір жыл толып отыр. Бұл туралы да, болашақ жоспарларыңыз бойынша да ойыңызбен бөлісе отырсаңыз.
– Өзімнің шығармашылық жұмыстарымнан басқа, Алла қолдаса, болашақта Мұстафа Шоқай мен жары Мария Шоқайдың, халық этнографиясының өкілі Жағда Бабалықтың ескерткіштерін Түркістан қаласынан орнатуға ниеттеніп отырмын. Бұл ескерткіштер бүгінгі түлеп жатқан Түркістанның архитектектуралық бас жобасында көрсетілген Түркістанға ғана тән ежелгі дәуір архитектурасының шынайы келбеті бола алар еді. Бұл ескерткіштердің жанынан тарихи музей-үйлерін де ашпақ ойым бар.
Сонымен қатар, біз жастардың тәрбиесін бірінші орынға қоюымыз керек. Мұхтар Әуезов: «…Қазақты жуырда жетілдірмейтін тағы бір себеп: діни фанатизм, надандық, ескі ғұрып», – депті. Ал, Елбасы: «…Бізге төзімсіздік немесе діни фанатизм жат…», – деген болатын. Бұл қазіргі діни сауаты жоқ бола тұра, ауызекі естіген әңгіме мен әлеуметтік желі арқылы шала-пұла оқып алған әңгімесінің ауанына елітіп, дін дегеніміз осы екен деп шариғат қайшылықтарына қарамастан немесе оны білместен жат ағымдардың жетегіне ілесіп, айтқанын істеп жүрген қандастарымыз бен жастардың істерінен туындаған сөздер. Осы орайда, Түркістан жастарын жат қылықтардан тыйып, олардың рухани жауһарларымызбен терең сусындап өсуіне мұрындық болуымыз керек. Ол үшін осы басылым арқылы қызықты мәліметтер беріп, оны жеткізу жолдарын қарастырғанымыз абзал. Яғни, сұхбатымыздың басында айтқанымдай, «Түркістан» газеті осындай үлкен істердің ұйытқысы болса екен. Әрине, сонымен қатар, елді – ел, ұлтты – ұлт ететін де, бойына қан жүгіртіп, өзегіне нәр беретін де сол ұлттың өзіне ғана тән салт-сана, әдет-ғұрыптарын насихаттау. Ырым-тыйымдарымыз – тәрбиенің бастауы екенін бүгінгі психолог мамандар да айтып жүр. Мұндайда «жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, халқымыздың болашағы үшін осынау игілікті шаруаны бүкіл ел бірігіп көтергені жөн.
Бүкіл түркі жұртының идеясының тоғысқан жері, рухани астанасы – Түркістан қаласы қазақ халқының мәртебесін әлі де көтере береді деп білемін. Осы мәртебесінің жаңғыруы облыс орталығы статусын алды. Қалада қаншама игі шаралар атқарылып, көз алдымызда Түркістанның түлегенінің куәсі болып отырмыз. Алғашқы мерейтой құтты болсын!
– Сұхбатыңызға рахмет! Мерейтойыңыз жалғаса берсін!
Сұхбаттасқан:
Әсем ОРАЗБЕКҚЫЗЫ.