ШЫМКЕНТ ӘКІМІ ҚҰРСАЙДАҒЫ ОЙЫН АЛАҢШАСЫНЫҢ ҚҰРЫЛЫСЫМЕН ТАНЫСТЫ

Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов Құрсай шағынауданында орналасқан балалар ойын алаңшасының құрылысымен танысты, деп хабарлайды oninfo.kz ақпарат агентті қалалық әкімдіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Шаһар басшысы Қарнақ көшесінде орналасқан ойын алаңшасында болды. Бұл жердегі балалар алаңы «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында, тұрғындардың ұсынысымен салынуда.

Алаңды абаттандыру жұмысы мамырдың соңында басталған болатын. Қазір ойын елементтерін орналастыру жұмысы жүргізілуде. Мердігер мекеме жуырда қолданысқа беру жоспарлап отыр. Мұнда балалар алаңынан бөлек демалуға арналған бастырма (беседка), орындықтар, қоқыс жәшіктері және ойын элементтері қойылады. Алаңша тұрғындар серуендеуге және дене шынықтырумен айналысуға мүмкіндік береді. Спорт элементтерімен бірге, балаларға да арналған құрылғылар орнатылуда. Жоғарыда аталған алаңшалардағы ойын және спорт құрылғылары Шымкент қаласында өндірілген.

Абай ауданында биыл «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында 17 ауланы абаттандыру және 10 спрот алаңшасын салу жұмыстары жүргізілуде. Қазір барлық аумақтағы құрылыстың 85 пайызы аяқталып, жуырда ел игілігіне беріледі. Құрсай шағын ауданына инженерлік-инфрақұрылым тарту жұмыстары жүзеге асуда. 8 мыңға жуық тұрғыны бар шағын ауданды сапалы ауыз сумен қамту үшін құрылыс жұмыстары 2021 жылы басталған. Жалпы ұзындығы 336,5 шақырымды құрайтын су жүйесін тарту жұмысы 2 кезең бойынша жүзеге асырылып жатыр.

Қала әкімі М.Әйтенов аумақта атқарылып жатқан жұмыстар барысымен танысты. Бірінші нысандағы 185,5 шақырымды құрайтын ішкі орамдық жүйенің 72 пайызы орындалған. Құрылысты аяқтау мерзімі осы жылдың қараша айына жоспарланған. Нысан пайдалануға берілгенде 17 мыңнан астам адам сапалы ауыз суға қол жеткізеді. Екінші кезеңдегі су жүйелерінің ұзындығы 151 шақырым. 2021 жылы басталған құрылыс, биылғы жылдың соңына дейін қолданысқа беріледі. Қазір бұл нысанда жұмыстың 74 пайызы аяқталған.