Жібек жолының жаңа бағыты: ауылды дамытуға бағытталған нақты жобалар таныстырылды
2025 жылдың бірінші жартыжылдығында Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров Жібек жолы ауылдық округінің тұрғындарымен есептік кездесу өткізді. Ашық диалог форматында өткен жиында ауылдың әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері, инфрақұрылым жағдайы мен алдағы жоспарлар кеңінен талқыланды. Тұрғындар өз ұсыныс-пікірлерін ашық білдіріп, бірқатар өзекті мәселелерді ортаға салды.
Кездесу барысында округ әкімдігі тарапынан атқарылған жұмыстар бойынша мәлімет берілді. 2025 жылдың қаңтар–мамыр айлары аралығында:
- 22,76 млн теңге бюджет қаражаты игерілген;
- Салықтық түсімдер 4,96 млн теңгеге жеткен;
- 1 505 гектар жерге ауыл шаруашылық дақылдары егілген;
- Мал басы 12 мыңнан асып, ауылда 59 шаруа қожалығы тіркелген.
Ауылдық округте өндіріс пен кәсіпкерлікті қолдау бағытында да ілкімді жобалар қолға алынуда:
- 5 гектар жерге өндірістік аймақ құру жұмыстары басталған;
- 10 гектар аумақта мал бордақылау алаңы ашылады деп жоспарланып отыр.
Бұл бастамалар ауылдағы жұмыс орындарын көбейтуге, кәсіпкерлікті дамытуға және өнімдерді ішкі-сыртқы нарыққа шығаруға негіз болмақ.
Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров ауылдың даму әлеуетін жоғары бағалап, инфрақұрылымдық жобалар, ауыл шаруашылығын қолдау, білім беру, медицина, тазалық және абаттандыру салаларында жұмыстар жалғасатынын атап өтті.
Кездесуде тұрғындар жол жөндеу, ауыз су жүйесі, әлеуметтік нысандарды қалпына келтіру, жұмыспен қамту, санитарлық тазалық сынды мәселелерді көтерді. Аудан басшысы әрбір сұраққа жауап беріп, оларды кезең-кезеңімен шешу үшін тиісті іс-шаралар жоспарына енгізілетінін жеткізді.
«Жібек жолы – даму қарқыны бар округ. Тұрғындармен бірлесе отырып, әр салада нақты нәтиже көрсету – ортақ міндет. Әр ұсыныс ескеріліп, шешу жолдары қарастырылады», – деді аудан әкімі.