ЖЕТІСАЙДА «БАЛА ҚАУІПСІЗДІГІ – ҚОҒАМНЫҢ БАСТЫ МІНДЕТІ» АТТЫ СЕМИНАР-КЕҢЕС ӨТТІ

Жетісай ауданы әкімдігінің мәжіліс залында «Салауатты болашақ» жобасы аясында «Бала қауіпсіздігі – қоғамның басты міндеті» тақырыбында аудандық семинар-кеңес болып өтті,  деп хабарлайды аудан әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған oninfo.kz ақпараттық агенттігі.
Аудан әкімінің орынбасары Марат Айнабеков модераторлық еткен кеңесте балалардың өмір қауіпсіздігі туралы мәселені талқылау, ата-аналардың бала өмірінің қауіпсіздігіне және болашағына байланысты міндеттерін күшейту, дені сау, ұлттық сана-сезімі оянған, рухани ойлау дәрежесі биік, мәдениетті, парасатты, ар-ожданы мол, еңбекқор, білімді азаматты тәрбиелеу, балалар мен жасөспірімдер арасында құқықбұзушылықтың, зорлық-зомбылықтың, ерте жүктіліктің, өзіне-өзі қол жұмсаудың (суицид) алдын алу, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, ата-аналармен ақпараттық түсіндіру жұмыстарын жүргізу, бір-біріне деген қарым-қатынасты нығайту мәселелері кеңінен талқыланды.
Жиынға аудан прокуратурасының прокуроры Нұрхан Аштархан, аудандық полиция бөлімі бастығының бірінші орынбасары, полиция майоры Марат Кадырқұлов, облыстық бала құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілі Гулжан Вероцкая мен Түркістан облыстық ата-аналар қауымдастығының төрайымы Ақбаян Төлбасықызы, аудандық білім бөлімі басшысының міндетін уақытша атқарушы Асқар Татеев пен ауданы әкімдігі жанындағы қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде сервистік тәсілді енгізу жөнінде ведомствоаралық топ мүшесі Бекмырза Абдурахманов, барлық мектеп директорлары мен директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары, педагог-психологтары қатысты.
Түркістан облысының бала құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілі, психология ғылымдарының кандидаты Гүлжан Вероцкаяның физикалық, психологиялық, эмоциналдық зорлық-зомбылықтарды анықтау және алдын алу туралы жан-жақты зерттеулер жүргізген баяндамасы оқылды. Семинар соңында кері байланыс орнатылып пікірлер мен ұсыныстар айтылды. «Бейбіт елде әр бала бақытты болуға, қауіпсіз ортада өсуге, дамуға, өмір сүруге құқығы бар» деген қорытынды жасалды.