Жері құнарлы, диқандары еңбекқор Сауран ауданы

Жер ананы емген диқандар үшін биылғы жыл несібесіз емес. Саурандық еңбекқор диқандар да бұйырған өнімін жинап, шығынын өтеп отыр. Аудандағы ауылшаруашылық саласында ілкімді тірлік бар. Ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы Сәкен Оразбаевтың берген мәліметіне сүйенсек, ауданға биыл осы саланың негізгі капиталына тартылған инвестициялар көлемі 11 млрд. 332 млн. теңгеге тапсырма беріліп, 8 айдың қорытындысымен 3 млрд. 973 млн. теңгеге орындалды. Жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 6 есеге артып отыр. Ағымдағы жылы 44 080 гектар жер игеріліп, өткен жылдың тиісті кезіңімен салыстырғанда 2057 гектарға артығымен орындалды.
44 080 га жердің 11 666 гектарына шаруалар мақта еккен. Соның бірі «Дінмұхамед» шаруа қожалығы. Астана мен Алматыдан келген блогерлер мақта алқабымен танысты. Шаруақожалық 418 га жерге мақта еккен. Санаулы күндерде мақтаның алғашқы терімі басталады. Шаруақожалық төрағасы Ділмұрат Қорғанбаевтың айтуынша «гектарына 35-40 центнерден өнім аламыз» деп отыр. Биыл мақтаның жағдайы орташа. Өнім көл көсір болмаса да диқанның маңдай терін ақтайды.
Бүгін аудан орталығы Шорнақ ауылында ауыл шаруашылық өнімдерінен Агро фестиваль өтті. Оған ауданға қарасты 12 ауыл округтің шаруалары 60 тонна өнім әкелді. Ауыл тұрғындары өнімдерді арзан бағада сатып алды.