Жеке қабылдау: Сауран тұрғындарының маңызды мәселелері тыңдалды
Бүгін Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров тұрғындармен жеке қабылдау өткізді. Кездесу барысында ауданның әртүрлі елді мекендерінен келген азаматтар өздерін толғандырған мәселелер мен ұсыныстарын ортаға салды.
Қабылдауға қатысқан 5 азамат жалпы 8 түрлі сұрақты көтерді. Олар арасында тұрақты жұмысқа орналастыру, ауылішілік жолдарды жөндеу, көшелерге жарық шамдарын орнату, ауылдық жерлердегі қауіпсіздік, жер учаскелерінің заңдық рәсімделуі, инвестиция тарту мәселелері, электрмен қамту және басқа да инфрақұрылымдық сұрақтар болды.
Аудан әкімі әрбір өтінішті жеке-жеке қарап, тиісті жауапты органдарға нақты тапсырмалар жүктеді. Барлық ұсыныстар мен талаптар мұқият бақылауға алынып, заң шеңберінде шешім табуына ерекше назар аударылады деп айтылды.
Мақсат Таңғатаров мұндай жеке қабылдаулар тұрғындардың мұң-мұқтажын тікелей тыңдап, оларды шешуге мүмкіндік беретін маңызды платформа екенін атап өтті. Қабылдаулар алдағы уақытта да жүйелі түрде ұйымдастырылып, тұрғындармен тұрақты кері байланыс орнату жұмыстары жалғасатын болады.