Жастардың қатысуымен “Ерлікке тағзым” атты іс-шара өтті
Жастарды отансүйгіштікке, шынайы патриоттылыққа тәрбиелеу мақсатында Түлкібас ауданы, Арыс ауылдық окгугіне қарасты Керейт ауылының тұрғыны, Таулы Карабах ұрыс іс-қимылдарына қатысқан Алмас Тоғызбаевты еске алуға арналған “Ерлікке тағзым” атты іс-шара өтті, деп хабарлайды аудан әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған oninfo.kz ақпараттық агенттігі.
Іс-шара ең алдымен Ағыбайұлы атындағы жалпы орта мектебінде бастау алып, Алмас Тоғызбаевқа арналған ескерткіш тақтайша ашылды. Аталған шараға Түлкібас ауданы әкімінің аппарат басшысы Фархат Байтуғанов, ҚР Карабах ардагерлерінің Республикалық қоғамдық бірлестігі төрағасы Ерғали Базарбаев, Таулы Карабах ұрыс іс-қимылдарына қатысқан ардагерлер, қоғамдық кеңес пен ардагерлер кеңесі және Алмас Тоғызбаевтың туған туыстары мен ауыл тұрғындары қатысты.
Сонымен қатар, Арыс ауылдық округы клубында еске алу кеші өтіп, Фархат Тастайбекұлы аудан әкімі Нұржан Ізтілеуовтың алғыс хатымен осы шараның ұйымдастырылуына мұрындық болған Ерғали Рузимұлы мен Бахтияр Сейдаханұлын марапаттады. Бұл кеште аудандық мәдениет үйінің өнер майталмандары өз өнерлерін ортаға салып жан тебірентерлік қойылымдары мен арнайы бейнероликтерімен жиналған жұрттың жүрегіне жылу сыйлады.
Кеш соңында, Алмас Тоғысбаевтың жұбайына, қарулас жолдастары мен осы шараға ұйытқы болған біршама азаматтар мен азаматшаларға арнайы ордендер мен алғыс хаттар және қазақтың салт-дәстүріне сай ұлттық шапандар тарту етіліп, Керейт ауылының мешітінде Таулы Карабах ұрыс іс-қимылдарына қатысқан Алмас Тоғысбаевтың рухына құран бағышталып, ас берілді.