Жастар үшін мол мүмкіндік

Жуырда Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбаев биыл президенттік жастар кадрлық резервіне кезекті іріктеу жүргізілетінін айтты. Оның атап өтуінше, еліміздің барлық өңірінде өңірлік жастар кадрлық резерві құрылған. Іріктеуге жасы 35-тен аспаған, жоғары білімі және кемінде 3 жыл жұмыс өтілі бар жастар қатыса алады.
Еске сала кетсек, президенттік жастар кадрлық резервін құру қажеттігін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылы «Сабақтастық. Әділдік. Өрлеу» атты өзінің сайлауалды бағдарламасында айтқан болатын. Дарынды жастар үшін ашық әрі тиімді әлеуметтік лифтіге айналуы тиіс бұл бастама бірден жүзеге асырылды. Сол 2019 жылы – Жастар жылының аясында қыркүйекте тіркелу басталып, 13 мыңнан аса қазақстандық жобаға қатысуға ниет білдірді. Соған орай ұлттық комиссия құрылды. Үміткерлердің теориялық білімін тестілеу, жастардың көшбасшылық қасиеті, сын тұрғысынан ойлау деңгейі, стратегиялық көзқарасы, уәждемесі мен құндылықтарын бағалау сынды алты кезеңнен тұратын іріктеуден сүрінбей өткен 300 жас таңдап алынды.
Белгілі болғанындай, үміткерлердің білім-білігін, қабілет-қарымын әділ әрі шынайы бағалау үшін адам ресурстарын басқару саласындағы білікті мамандар жобаға жұмылдырылады. Жалпы, іріктеу кезеңінде әртүрлі сала сарапшылары қатысушылардың жеке деректерін, атап айтқанда, олардың аты-жөндерін көре алмайды. Деректердің бәрі жасырын болады, арнайы шифрланады. Соның нәтижесінде олар тек сандар мен әріптер жиынтығын ғана көреді. Әр кезеңде сарапшылар алған идентификатор бірегей болады. Басқаша айтқанда, бағалаушылар үшін мысалы, кімнің жұмысы екендігі беймәлім болып қала бермек.
Ал, 2021 жылы Ұлттық комиссия отырысының қорытындысы бойынша президенттік резервке 50 кандидатты қабылдау туралы шешім қабылданды.
Президенттік жастар кадрлық резервін жасақтау елдегі билік жүйесіне білікті жас буынды бекіту, озық ойлы жаңа лекті жасампаз жаңғыру өзегі ретінде мемлекеттік басқару ісіне икемдеуді көздейді. Бастаманың басты мақсаты да сол, білікті басшылардың жаңа буынын қалыптастыру және жастар үшін әлеуметтік сатының ұтымды жүйесін құру. Яғни осы кадрлық резерв арқылы жастар үшін мемлекеттік басқару және квазимемлекеттік сектор жүйесінде басшылық қызметке тұруға бірегей мүмкіндік ашылмақ. Жоғары әкімшілік және саяси лауазымдар босай қалған жағдайда, ең алдымен президенттік резервке іріктелген жастардың кандидатурасы қаралады.
«Ең бастысы, жоба діттеген жеріне жетіп, жастардың үмітін үзбесе екен. Сонымен қатар «Болашақ» сынды мемлекеттік бағдарламалар аясында шетелде білім алып келген жастарға басымдық беріліп, өзге жастар шетқақпай көріп қалмаса екен деп тілейміз» деп күмән білдірушілер де болмай қалған жоқ. Десе де, бүгінде республикамыздың түкпір-түкпіріндегі жалынды жастардың басын біріктірген жоба мемлекеттік саясатта өз орнын тауып, талай жастың еңбек жолында ілгерілеуіне жол ашып үлгерді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Egemen Qazaqstan» газетіне берген сұхбатында «Жастардың лайықты білім алуына, алаңсыз жұмыс істеуіне теңдей мүмкіндік берілуі қажет. Ауыл мен қаладағы жас азамат үшін де, лауазымды, ауқатты немесе қарапайым шаруа отбасының баласы үшін де әлеуметтік лифттің есігі кедергісіз ашық болуы керек. Айналып келгенде, әлеуметтік теңдік дегеніміз – осы. Біз осыған қол жеткізуге тиіспіз. Мемлекеттік қызметке тағайындау барысында меритократия принципін ұстанған жөн. Азаматтарды тек біліміне, қабілетіне қарай тағайындау талабы қағаз бетінде қалмай, іс жүзінде орындалуы қажет» деді.
Дегенмен, резервке ену фактісінің өзі мемлекеттік лауазымға тағайындалу кепілдігін бермейді.Тиісті бос орын болған жағдайда бұл қызметке Жастар кадрлық резерві жөніндегі ұлттық комиссия резервте тұрған тұлғаны ұсына алады. Бүгінге дейін 258 адам жұмысқа орналасты. 23-і саяси мемлекеттік қызметте, 10-ы «А» корпусында лауазымды қызмет атқарады.
Мемлекеттік қызмет істері агенттігі  Президенттік жастар кадр резервін жетілдіру бойынша үнемі жұмыс жүргізіп келеді. Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасының орынбасары Азамат Жоламановтың айтуынша, биыл  жастар Президенттік кадр резервіне 8 бағыт бойынша іріктеледі. Ол бірінші резервті жинағанда салалар бойынша нақты талап қойылмағандығын айтады. Енді үшінші резервте салалардың қажеттілігі бойынша іріктеу мәселесі тұр.
«Резервшілерді жұмысқа орналастыру барысында түрлі қиындықтармен бетпе-бет келетіндігімізді мойындау қажет. Кейбір мемлекеттік органдарға 10 резервші тағайындалса, енді бір органда бірде-бір резервші тағайындалмаған. Әлеуметтік маңызы бар денсаулық сақтау, энергетика, білім беру сынды салалардағы резервшілердің саны тым аз» дейді Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбаев.
Былтыр желтоқсанда резервтен шығару тәртібін қарастыратын құжат қабылданды. Соған сәйкес өз еркімен өзге елдің азаматтығын алған, Қазақстанның азаматтығын жоғалтқан, жұмыстан теріс қылықтары бойынша босатылған өкілдер резервтен шығарылады.
Азаматтар кадрлық резервке 3 жылдық мерзімге алынады. Және іріктеуге мемлекеттік саяси қызметшілер қатыстырылмайды. Сол 3 жыл мерзім ішінде тиісті бос жұмыс орны анықталған жағдайда резервтегі кадр қызметке ұсынылады. Яғни жедел шешім қабылдауға қабілетті, кез келген құбылмалы жұмыс жағдайларына икемді, мемлекеттің жоғары басқарушылық қызметтеріне әлеуетті үміткерлерді біріктіретін Президенттік жастар кадрлық резервінің жастар үшін пайдасы орасан.
Б.Дарғожина