ЖАСТАР САЛАУАТТЫ ӨМІР САЛТЫН ҚОЛДАЙДЫ
Сауран ауданы, Бабайқорған ауылдық округіндегі «Бабайқорған» жалпы орта мектебінің оқушылары арасында «Жастар—салауатты өмір салтын қолдайды» атты спорттың волейбол түрінен жарыс өтті. Оқушылар арасында құралған командалар өзара сынға түсті.
Мақсаты — жастар арасында салауатты өмір салтын қалыптастыру, достық қарым-қатынас орнату, жастардың уақытын тиімді пайдалану. Оқушылар жарысқа жоғарғы деңгейде қатысты. Айта кетейік, Қазақстанда алғашқы жарыс 1926 жылы Қызылордада ұйымдастырылды. Қазақстан волейболы 20 ғасырдың 60-жылдары жақсы дамыған. Ол спорт шебері, КСРО-ның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Октябрь Жарылғаповтың есіміне тікелей байланысты. Оның құрған «Буревестник» ерлер командасы 1969 жылы КСРО-ның, 1970 – 71 жылы Еуропа чемпиондарының кубогін жеңіп алды. Қазақстанда тәрбиеленген Валерий Кравченко, Олег Антропов, Надежда Смолеева 1968 жылы Мексикада өткен 19-Олимпиялық ойындардың, 1969 жылы Жәнібек Саурамбаев Еуропаның чемпионы атанды. Мұндай табысқа 1988 жылы Сеулдегі 26-Олимпиялық ойындарда Ольга Кривошеева, Елена Чебукина, Татьяна Меньшовалар жетті. Алматының АДК әйелдер волейбол командасы 1984 жылы КСРО-ның чемпионы атанды. Волейболшылардың халықаралық одағы 1924 жылы құрылған; 1992 жылдан осы одаққа Қазақстан Республикасының Волейбол федерациясы мүше.
Жарысқа жастар тарапынан төрт команда қатысты, орын алған командалар мен үздік ойын көрсеткен жастар ауыл әкімінің алғыс хатымен марапатталды.