Жастарға баспана керек

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауын ерекше ықыласпен оқып шықтым. Президентіміз еліміздің толыққанды дамуы үшін жасалатын қадамдарды атап-атап тұрып айтты. Әсіресе, маған ұнағаны үйсіз-күйсіз, баспанасыз жүрген қазақстандықтардың  жағдайына көңіл бөлгені. Президент «Отбасы банк» басты назарды облыс орталықтарына ғана емес, аудандар, моно-қалалар және ауылдарға да аударғаны жөн екенін айтып өтті. Бұл өз кезегінде кезек күттірмейтін мәселелердің бірі екенін жеткізді. Себебі, елімізде қаншама жастар, жас отбасылар, көп балалы отбасылар баспана тауқыметін тартып келеді. Отбасы құрған жастар үшін баспана мәселесі бірінші кезекте тұрғанын ұмытпайық.  Мемлекет осы мәселелерді шешу үшін «Отбасы банк» қызметін жүйелендіріп, халыққа тиімді бағдарламаларын ұсынады деген сенімдемін.
Жігерген ауылдық ардагерлер кеңесімен бірге осы кеңес жанынан құрылған әжелер алқасы Президент Жолдауын талқылап, пікір алмасты.
– Мемлекет басшысының Жолдауын терең ұғынып, көтерілген ауқымды тапсырмалардың жүзеге асуына жұмыла кірісеміз, – деді ауылдық  ардагерлер кеңесінің төрағасы Балтабай Жүнісов.
Әділетті Қазақстанды жаңғырту жолында бірлік танытып, туған жердің жасарып, жайнауына әжелер алқасының мүшелері де бір кісідей атсалыспақшы.
Б.РЫМБЕКОВА,
Жігерген ауылдық ардагерлер кеңесі жанындағы әжелер алқасының төрайымы.
Қазығұрт ауданы.