Жас келсе іске…
Кез келген саланың абырой-беделін ісіне мығым, мамандығына адал азаматтар асырады. Оларды жұртшылық өзіне етене жақын тартады, сыйлайды, құрмет тұтады. Бағалы бастамаларын үнемі қолдап, жақсы жұмыстарын жария етіп жүреді. Сондай азаматтардың бірі – Шардара ауданы, Жаушықұм ауылдық округінің әкімі Нұрбақыт Нұрсейітов.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы тиянақталды. Онда әкімдердің барлық азаматтардың өтініштеріне жедел жауап беріп, тиімді әрекет етуі міндеттелген. Бұл орайда, әсіресе, ауыл әкімдері халықпен өзара іс-қимылда болуы керек. Ауыл әкімінің тұрғындармен байланыс орната алу қабілеті, тұрғындардың өзекті мәселелері бойынша дер кезінде шешім қабылдай білуі көп мәселені шешеді. Мемлекеттік қызмет агенттігі жергілікті өзін-өзі басқаруды дамытуға және жергілікті маңызы бар мәселелерді тиімді шешуге үлес қосқан, жұмыста жоғары практикалық нәтижелерге қол жеткізген үздік ауыл әкімдерін анықтауға және көтермелеуге бағытталған «Үздік ауыл әкімі» республикалық конкурсын жариялаған болатын. Нұрбақыт Нұрсейітов республикалық конкурста суырылып алға шығып, осы номинацияның иегері атанды. Бұған тағы бір қосарымыз, ауыл тұрғындары оны аттай қалап, екінші рет ауыл әкімі етіп сайлап алды.
Жалпы, алты жылда ауылдық округке 15 миллиард 990 миллион теңгенің инвестициясы тартылған. Соның ішінде инфрақұрылым жұмыстарына, атап айтқанда, ауыз су, абаттандыру, көгалдандыру, жол жөндеу, құрылыс және газ тарту жұмыстарына 1409 миллион теңге жұмсалыпты. Жаушықұм алқабындағы 12194 гектар алқапты нәрлендіру үшін 11 миллиард 778 миллион теңгеге канал тартылған.
Қ.Орманов, М.Мәметова, Ә.Жанкелдин көшелері асфальтталған. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында А.Құнанбаев, І.Ілесов, Е.Ақынбеков көшелеріне орта жөндеу жұмыстары жүргізілген. Бес көше 35 миллион теңгеге жарықтандырылыпты. Бұдан бөлек, балалар алаңшалары салынған. Кіші футбол алаңшалары абаттандырылып, қоршаулары сырланған. Ауыл орталығындағы 5 көше бойында «Жасыл аймақ» бар. Мал түспес үшін әрі көшеге көрік беріп тұру үшін «Жасыл аймақ» түгелдей сәнді шарбақтармен қоршалған.
Бүгінде ауылдық округ орталығында заманауи үлгідегі Мәдениет үйі бой көтеріп келеді. Жаушықұм ауылдық округі әкімдігінің ғимараты күрделі жөндеуден өткен. Ауылдық округ Жаушықұм, Құйған, Қалғансыр, Бағыскөл атты төрт елді мекеннен тұрса, солардың барлығы газбен, ауыз сумен және жарықпен қамтылған. Биыл Жаушықұм көшесіндегі алаңшаға сахна орнатылып, орталық саябаққа абаттандыру жұмыстары жүргізілген.
Ауылдық округте 2202 гектар суармалы жер бар. Ауыл диқандары мен егіншілері биыл 67200 тонна бақша өнімдерін, 600 тонна жоңышқа, 2280 тонна пияз, 6480 тонна қызанақ, 5780 тонна қияр, 11520 тонна картоп жинаған. Биыл ауылда жылыжай көлемі 2,12 гектарға ұлғайды. 155 гектар жер тамшылатып суару әдісімен нәрлендіріледі. «Мәдина» фермерлік қожалығы 90 гектарға қарқынды бау, 58 гектар алқапқа бақша өнімдерін еккен. Осы қожалық жеміс-жидек, бақша өнімдерін сақтауға арналған сыйымдылығы 2 тонналық қойма салып алған. «Тұрар», «Қанат», «Мәдина» қожалықтары техникаларын жаңалаған. «Қаныбек» фермерлік қожалығы 224 миллион теңгеге жаңбырлатып суару агрегатын сатып алыпты.
«2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба» аясында 113 адам жаңа кәсіп ашқан. «Бастау-бизнес» бағдарламасымен жоспарланған 7 адамның орнына 31 адам оқып, олардың басым көпшілігі бүгінде кәсіпкерлікпен шұғылдануда.
Жаушықұм ауылдық округінің тұрғындары мен мекеме қызметкерлері өз туған ауылдарының жарқырап тұруына үлкен мән береді. Бұл орайда ауылдық округ әкімі аппараты қызметкерлері мен бюджеттік мекеме қызметкерлеріне көшелер бекітіліп берілген. Биыл санитарлық тазалау және көркейту бойынша алты айда 18 рет сенбілік ұйымдастырылған. Оған 520 адам тартылыпты. Сенбілікте 1200 метр арық тазаланып, 32 текше метр қоқыс арнайы полигонға төгілген. «Жасыл аймаққа» 220 түп ағаш отырғызылған.
Ауыл кәсіпкерлері қайырымдылық шараларына да тұрақты атсалысып келеді. Алты айда 31 отбасыға көмек көрсетіліпті. Мұнда бұдан басқа да көпшілік іс-шаралар тұрақты түрде өтіп тұрады. Мерекелік, спорттық шаралардан жастар тыс қалып көрген емес.
«Жаушықұм» мектеп-лицейін биыл 58 түлек бітірсе, соның екеуі «Алтын белгі» иегері атанған. Бір түлек – үздік аттестат иегері. «Жауқазын», «Жәмила ана» балалар бақшаларында жүзден астам балдырған тәрбиеленуде. Балабақшаға қосымша 100 орынды ғимарат салынып жатыр. Округте 1 дәрігерлік, 1 медициналық пункт тұрғындарға қызмет көрсетуде.
Ауылдық округте бірнеше кәсіпкерлік нысан жұмыс істейді. Бірнеше дүкен, жанар-жағармай құю бекеттері, көлік жөндеу стансалары, шаштараз, кірпіш құю цехтары жергілікті тұрғындардың игілігінде.
Міне, осы шаруа қожалықтары мен кәсіпкерлердің, бюджеттік мекемелердің жұмыстарын үйлестіріп, жергілікті тұрғындардың ынтымағын сақтау – ауыл әкімінің тікелей міндеті. Жігерлі жас, жергілікті тұрғындардың қалаулысы Нұрбақыт Дәулетбекұлы Жаушықұмның жасарып, жайнай беруі үшін әр күні тыным таппайды. Республикалық байқауда «Үздік ауыл әкімі» аталымымен марапатталған ол осы атағына кір келтірмеуді де жадынан шығармайды. Сондықтан да ол қашанда қағылездігінен танбайды, жергілікті тұрғындармен, ауыл ақсақалдарымен бірлесіп, түйінді мәселелерді шешуге кірісіп кетеді. Онымен болған аз ғана уақыттың өзінде біз осыған көз жеткізіп қайттық.
Иә, дана қазақ «Жас келсе іске…» деп бекер айтпайды…
С.Олжабай
Шардара ауданы.