Жалған ақпараттың жазасы ауыр

Осы аптада бас прокурор Берік Асылов биыл төрт айда 29 қазақстандық блогердің әлеуметтік желідегі ақпаратының дұрыстығы тексерілгенін, желілерде Қылмыстық кодекстің 274-бабы жалған ақпарат тарату фактілері бойынша 29 соталды тергеуде анықталғанын айтты. «Оның ішінде тек бір іс сотқа жіберілді. Қылмыс анықталмағанына байланыс­ты 8 іс тоқтатылды. Қосым­ша тағы 8 қылмыстық іс бойынша да сотқа дейінгі тергеп-тексеру мерзімі тоқтатылды (қыл­мыстық құқық бұзушылықты жаса­ған тұлға анықталмады). Қазіргі таңда 12 іс қаралып жатыр», – деп түсіндірді Берік Асылов. Иә, жалған ақпарат шығарушылар да, таратушылар да ісі дәлелденсе жауап­сыз қалмайды. Бүгінде Қазақстан Респуб­ли­касының Қылмыстық кодексінің 274 бабы Қылмыстық жауапкершілік жалған мәліметтерді таратқан адамдарға қарас­тырылады. «Бұл бап бойынша, қоғамның тәртіпті бұзу, азаматтардың немесе ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделеріне, қоғам­ның немесе мемлекеттің заңды қор­ғалатын мүдделеріне елеулі зиян келтіру қаупін төндіретін жалған ақпарат тарат­қандарға 1000 АЕК мөлшерде айыппұл салынады. Болмаса түзету жұмыс­тарына 400 сағатқа дейінгі қоғамдық жұмыстарға тартылады. Немесе бір жылға дейін бас бостандығынан айыру көзделген. Атап айтар болсақ, адамдар жалған ақпаратты қауесеттерге сене қалады да, соны таратуды үрдіске айналдырып бара жатыр. Жалпы кез келген мәліметтерді тексермей, оларды жариялауға ешкімнің құқығы жоқ екенін еске саламын. Себебі көптеген адам заңнан бейхабар болған соң, туыстарына, достарына жіберіп, өздеріне қиянат жасап алуы мүмкін. Ақпарат шындыққа сай келмей, оны тексермей, ол қандай да бір ақпараттық көздермен расталмай жатып, азаматтар мұндай іс-әрекеттерден аулақ болған жөн. Қоғамда көбіне жалған ақпаратты тарататын адамдар заңнан бейхабар, желсөзге құмар, агрессияға дайын­ тұратын адамдар осы нәрселерді пайдалану арқылы өзіне ұпай жинаймын деп ойлайды да, өзінің өміріне тікелей зиян келтіретінін білмейді. Мұндай ақпараттар қоғамға үрей тудыру мүмкіндігін немесе ол ақпараттың астында қандай да бір үгіт-насихат жатқанын, қоғамға қауіп төндіретін үндеу жатуы мүмкін екенін, жалған ақпарат­тың артында үлкен зардап барын түсініп, бұл ақпараттарды тексермей жатып таратудан аулақ болу керек. Естіп тұрса да, оған қатысты дерек, пікір білдіруден сақ болу қажет. Жалған ақпарат таратуға қарсы жаза БАҚ өкілдеріне де, қарапайым халыққа да бірдей заңмен қарастырылады», – дейді заңгер Камиша Есмұхамедқызы. Сонымен қатар адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен, адам өзінің қызмет бабын пайдалана отырып және бұқаралық ақпарат құралдарын немесе телекоммуникациялар желілерін пайдалана отырып таратылған жалған ақпарат үшін – 3 мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға, не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не 800 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не 3 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жаза көрсетілген. Қылмыстық кодекстің дәл осы 274-бабының бірінші немесе екінші бөліктерінде көзделген, азаматқа, ұйымға немесе мемлекетке ірі залал келтіруге немесе өзге де ауыр зардаптарға әкеп соққан іс-әрекеттер – 5 мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға, не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не 1200 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не 5 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады. Сонымен қатар төтенше жағдай кезінде немесе ұрыс жағдайында немесе соғыс уақытында не жария іс-шаралар өткізу кезінде жасалған іс-әрекеттер – 3 жылдан 7 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланатыны туралы аталған баптың бірінші, екінші немесе үшінші бөліктерінде көзделген.