Жалған ақпаратты шынайыдан қалай ажыратуға болады?
Қай қоғамды алып қарасаңыз да жалған ақпараттың тарауы заңды құбылыс. Жалған ақпарттың таралуына белгілі бір мүдделі топ себепші болып жатады. Оны тарату арқылы өз пайдаларын қанағаттандырады. Жалған ақпарат неге тез тарайды және оны қалай ажыратуға болады?
Фактчекинг ресурстары болғанымен, кейде жалған ақпаратты толық зерттеу мүмкін емес. Сол себепті жалған ақпаратқа өзіміз зерттеу жүргізіп, ой елегінен өткізіп, жеке талдау жасауымызға тура келеді. Фейк ақпараттар деп бұқаралық ақпарат құралдарындағы, әлеуметтік желілердегі және арналардағы әдейі таратылған жалған жаңалықтарды атайды.
Жалған ақпаратты анықтаудың 100%-дық әдісі жоқ, бірақ дұрыс жұмыс істейтін бір ереже бар: сіз неғұрлым көп тексеру құралдарын пайдаланып, көпдереккөзді қамтысаңыз, жалған ақпаратты анықтау ықтималдығы соғұрлым жоғары болады.
Сонымен жалған ақпаратты қалай анықтауға болады? Оның бірнеше әдісін қарастырып көрейік.
- Тек тақырыбын ғана емес, ақпаратты түгел оқып шығыңыз.Кейде мақаланың тақырыбы айғайлап тұрғанмен, ішінде мардымды ақпарат болмауы мүмкін.
- Ақпаратты немесе мақаланы кім таратып жатқанын анықтап алыңыз.Ақпарат таратқан сайтты толық зерттеңіз. Онда жазылған мақалаларға көңіл аударыңыз. Сайттың қашан ашылғанын ерінбей қарап шығыңыз. Өйткені, танымал сайттардың атын пайдаланып немесе соларға ұқсайтын дизайнмен шығып жатқан жалған ақпарат тарататын сайттар бар.
Бұл мәселе әлеуметтік желідегі ресми парақшаларға да қатысты. Себебі бір әріпін өзгертіп, ресми парақшаларға ұқсатып шығарып жатқандар да кездеседі.
- Ақпараттың алғашқы дереккөзін табыңыз.Оқиғаны кім хабарлады, қандай дереккөздерге сілтеме жасағаны маңызды. Кейде мақалада анонимді куәгерлер кездесіп жатады. Аты-жөні жазылмаған куәгерлерге сақтықпен қарау керек. Жеке тәжірибеден алынған дәлелдер болған оқиғаның шынайылығына мүлдем кепілдік бермейді және болып жатқан жағдайдың жалпы көрінісін сипаттамайды.
- Егер ақпарат шетелдік дереккөзден болса, түпнұсқаны тексеріңіз. Өйткені аударма қате болуы немесе дұрыс түсіндірілмеуі мүмкін. Кейде тіптен аударманы әдейі қолдан бұрмалап аударып беріп жатады. Ол кейбір топтардың жеке мүдделері үшін аса қажет.
- Мақаланың, ақпараттың авторына назар аударыңыз.Егер мақала авторы көрсетілсе, оның өмірде бар адам екендігіне көз жеткізіңіз. Оның тағы қандай материалдар жазғанын, осы салада білімі қандай деңгейде екенін жан-жақты тексеріңіз. Оның қаншалықты беделі бар екендігі де маңызды.
- Басқа да дереккөздерді қарап шығыңыз. Бұл туралы жазып жатқандар бар ма? Бұл ақпаратты ресми бұқаралық ақпарат құралдарында немесе кәсіби ақпарат агенттіктерінде, соның ішінде әлемдік деңгейдегі ақпарат құралдарында расталған ба? Әлде бұл еш жерде жарияланбаған мәлімет пе? Осы сұрақтардың толық жауабын іздеген жөн.
- Әлеуметтік желідегі жаңалық болса, алдымен ақпаратты бөліскен адамды анықтап алыңыз. Егер қандай да бір жаңалықты немесе фотосуретті миллиондаған қолданушы әлеуметтік желіде бөліссе, бұл оның шынайылығына кепілдік бермейді. Жүргізілген сауалнамалардың нәтижесінде, адамдар расталған ақпаратқа қарағанда, жалған жаңалықтарды лезде таратуға бейім болады екен.
- Әлеуметтік желіде ақпаратпен шұғыл бөлісіңіз деген үндеулер жиі ұшырасады.Оның рас-өтірігін тексерместен біз де асығыс тарата саламыз. Ал ол осылайша желі қолданушылары арасында тарап, дүрбелең тудыруы мүмкін. Сол себепті бөлісуге асық болмаңыз.
- Егер ақпарат әлеуметтік желіде жазылған жазба (пост) түрінде болса, желі қолданушының аккаунтын тексеріп өтіңіз.Өйткені бұл бот болуы мүмкін немесе сол адамның әлеуметтік желі парақшасын біреулер бұзған болуы мүмкін. Оның қашан тіркелгенін, өзі туралы не жазып жүргенін, қанша жазылушысы бар екенін, қандай фотосуреттер мен видео жүктегенін қарап шығыңыз. Боттар мен жалған аккаунттар көбінесе тек репост жасаумен шектеліп жатады.
Жоғарыда келтірілген кеңестердің барлығы сізді жалған ақпараттан барынша сақтайды. Жалған ақпараттың таралуына жол бермеу үшін барынша сақ болғаныңыз жөн. Әсіресе ақпарат ағыны көп заманда сақтық артық етпейді. nege.kz