Жалған ақпарат қоғамға қалай әсер етеді?

Қоғам дамыды, қоғам тұтынатын техникалық құралдар дамыды. Қазіргі қоғам осыдан 20 жыл бұрынғы қоғаммен салыстыруға келмейді. Ақпаратты тарту және оны қабылдау түсінігі де өзгерген.

Бүгінгінің адамы кез келген ақпаратты алысқа бармай-ақ таба алады. Ол үшін қолындағы телефонға үңілсе жеткілікті. Қолданыстағы гадежеттерге күніне қаншама ақпарат келіп түсетінін барлығы жақсы біледі. Жаңалықтан хабардар болу үшін газет ақтарып, теледидардың алдында телмірмейді. Қазір бұқаралық ақпарат құралдарының өзі жұмыстарын электронды нұсқада жүргізеді.

Күнделікті келіп түскен ақпараттардың арасында жалған ақпараттардың болуы әбден мүмкін. Ақпараттың көптігінен оларды қорытып үлгере алмай жатамыз. Тіпті кейде олардың ақ-қарасын ажыратпастан сол күйінде таралып кететіні тағы бар. Қазір бір ақпараттың әлемге таралуына 10 секундтың өзі жеткілікті. Айшылық алыс жерлерден, жылдам хабар аламыз. Мұның өзі техниканың жетістігі. Десе де зияны да жоқ емес. Сонымен жалған ақпарат қоғамға қалай әсер етеді?

Жалған ақпартты қазіргі тілмен «фейк» деп те атайды. Фейк жаңалықтар бұрыннан қалыптасқан стереотиптерді өзгертіп, миллиондаған адамның қоғамдық пікіріне әсер ете алады. Ғаламтор кеңістігінде жалған ақпарат өріп жүр. Олай болуының да өзіндік себебі бар. Өйткені қоғам сенсацияға, елді елең еткізетін ақпаратқа құмар. Кейде адамдардың сұранысына жауап беретін, білгісі келетін ақпараттарды бұрмалап жіберу оңай.

Бұқаралық ақпарат құралдары да қоғамды манипуляциялау үшін жалған ақпарат ойлап тауып жатады. Өйткені «сенсация» қоғамның қызығушылығын оятады. Дәстүрлі БАҚ-та ақпарат объективті, шынайы, нақты дәлелді және дер кезінде болуы керек деген қатаң ережелер болатын. Егер бұрын суреттер, видеолар алдамайды деп сенсек, қазір оны да қолдан жасап алуға болады. Мысалы, суреттерді өңдеу арқылы жасап, видеоларды монтажбен кесіп, өзіңізге қажеттіні қосып алу оп-оңай. Сол себепті мамандар фото-видеоның өзі жалған болып шығуы ғажап емес дегенді алға тартады. Олай ету әп-сәтте. Тек техниканың тілін біліп, монтаж, фотошоптың құлағында ойнасаңыз жетіп жатыр. 

Бұқаралық ақпарат құралдарынан бөлек, әлеуметтік желінің өзі ақпарат айдынында үлкен күшке ие. Қазір адамдардың 90 пайызы жаңалықты, түрлі ақпаратты әлеуметтік желілерден алады. Бұл үлкен көрсеткіш. Сол себепті елде жалған ақпараттардың таралуына тосқауыл болатын Заң жобалары әзірленген. Әр мемлекетте жалған ақпарат үшін өз Заң нормаларына сәйкес жаза қолданылады.

Жалған ақапарат мемлекеттер арасындағы соғыс кезінде де көп тарайды. Ол да қоғамға әсер етудің бір құралы. Әр елдің билігі өз халқының ақпараттық кеңістігін бақылауда ұстап, тек өз мүдделеріне сай ақпараттарды таратып отырады. Бұл кейде мүдде үшін жалған ақпарат та болуы мүмкін дегенді білдіреді.

Фейк ақапарат әрқашан қандай да бір қақтығыс негізінде жасалады. Әлемде болып жатқан соғыстар, ұлттық немесе діни негіздегі текетірес, ішкі саяси қақтығыстар – мұның бәрі көбінесе осы оқиғаларға түрткі болған жалған ақпаратқа негізделген.

Жаһандық соғыстар, шиеленістер, қылмыс, лаңкестік және жойқын климаттық өзгерістер, саяси, әлеуметтік немесе экономикалық жағдайлар кезінде таратылған ақпарат теріс пиғылда мақсатына жетеді. Біз адам өмірін жеңілдетуі тиіс ғылыми жаңалықтардың өзін манипуляция құралы ретінде қолдана бастаймыз.

Жалған ақпарат таратудағы басты мақсат – халықтың назарын аудару, адамдарды өтірікке сендіру, қоғамда тұрақсыздық тудыру. Сонымен қатар, фактілерді табу жалған ақапаратқа қарсы тұрудың құралы. Алайда нақты фактіге қол жеткізу қиын. Өйткені олар негізінен ғаламтор арқылы таратылады және ол жерден дереккөзді табу кейде мүмкін болмайды.

Бүгінгі таңда көптеген әлеуметтік желілер мен ақпараттық сайттарда таралып жатқан жалған жаңалықтардың аудиториясы екі түрге бөлінеді. Кейбіреулер көңіл көтеретін, сенсациялық сипаттағы ақпараттарға мән бермесе, басқалары жазылғанның бәріне сенеді, тіпті барлық ақпаратты өз тарапынан таратады. Өкінішке қарай оны тоқтату мүмкін емес. 

Пандемия кезінде де жалған ақпараттар көп тарады. Мұндайды көрмеген халық есеңгіреп, әрнәрсеге сенгіш болды. Бұл жағдайды да өз мүддесіне пайдаланғандар кездесті. Коронавирустық пандемия біздің әл-ауқатымызға, жұмыс істеу, оқу, қарым-қатынас жасау, тіпті басқа да қажеттіліктерімізді қанағаттандыру — эмоционалдық, әлеуметтік, мәдени, діни, рухани қажеттіліктерімізге әсер етті.

Адам күніне қаншама ақпаратқа қанығады. Оның қаншасы жалған екендігіне де көз жеткізбей жататындар көп. Өйткені біз қарым-қатынас жасау үшін, өмір сүру үшін ақпаратқа тәуелдіміз. Ақпарат қоғамның санасына әсер ету үшін аса қажет қару. Сол үшін шынайы, дер кезіндегі және дұрыс жеткізілген ақпаратты ғана қабылдау маңызды.