Жалған ақпарат: Анық-қанығын қалай анықтаймыз?
Қашан болсын, қай қоғамды алып қарасаңыз да жалған ақпараттың тарауы заңды құбылыс. Оған белгілі бір мүдделі топ себепші болып жатады. Оны тарату арқылы өз пайдаларын қанағаттандырады. Фейк ақпараттар бұқаралық ақпарат құралдарында да, әлеуметтік желілер мен арналарда да тарауы бек мүмкін. Жалған ақпаратты анықтаудың 100 пайыздық әдісі жоқ, бірақ дұрыс жұмыс істейтін бір ереже бар: Сіз неғұрлым тексеру құралдарын пайдаланып, көп дереккөзді қамтысаңыз, жалған ақпаратты анықтау ықтималдығы соғұрлым жоғары болады. Сонымен, жалған ақпарат неге тез тарайды және оны қалай ажыратуға болады? Бүгінде кеңінен айтылып жүрген фактчекинг деген не? Жалған ақпаратты шығарушылар мен таратушыларға заңда қандай жаза қарастырылған? Бүгін осы сұрақтардың жауабын іздеп көрдік.
Фактчекинг – ақпараттық сауат
Фактчекинг ресурстары болғанымен, кейде жалған ақпаратты толық зерттеу мүмкін емес. Ақпарат жылдамдығының дамыған заманында кез келген хабар мен мәлімет бұқараға оңай әрі жылдам тарап кете алады. Оның дұрыс-бұрыстығы анықталмай жатып, көпшілікке жария болып жататын орта – әлеуметтік желілер мен мессенджерлер. Жалған ақпараттың тез таралып, талқыға кең көлемде түсуі қоғамдағы резонансқа, соңғы шыққан жаңалыққа тікелей байланысты. Егер ақпарат мазмұны үндеу, үгіттеу, сақтық, агрессиялық сипатта болса, адам миы оны қабылдауға, сенуге дайын тұрады. Бүгінде елімізде Factcheck.kz жобасы жұмыс істейді. Бұл ресурс қоғамдық маңызы бар және резонансты жаңалықтарды, фактілерді, сандарды, сондай-ақ көпшілік алдындағы тұлғалардың мәлімдемелерін рас, не өтірік екеніне мониторинг жасайды және тексереді. Сонымен қатар деректерді тексеру әдіснамасын сипаттап және деректер келтіре отырып, «жалған», «шындық», «шындыққа жақын», «манипуляция», «үкім жоқ» деген сияқты редакция шешімін жариялайды. «Фактчекингтің негізгі міндеті – ашық ақпаратқа негіздей отырып, жасалатын журналистикалық фактіні, жалпы кез келген ашық ақпаратты тексеру. Былайша айтқан кезде, ақпарат неғұрлым ашық болса, соғұрлым жалған ақпаратқа қарсы иммунитет пайда болады. Жалған ақпаратты жеңуге болады. Фактчекинг – ақпараттық сауаттың бір бөлшегі. Оның өзі төрт бөліктен тұрады. Жарияланған ақпараттың рас-өтірігін тексеру, шенеуніктердің уәдесін тексеру, мифтерді сейілту, бұл қоғамда қалыптасқан стереотиптердің, мифтердің рас-өтірігін анықтай отырып, күдіктен сейілту. Одан кейін соңғы дүние, «пропаганданың деконструкциясы» деп аталады. Яғни қандай да бір пропаганданың себебін анықтап, түсіндірумен айналысады. Негізі жалған ақпараттың ең басты белгісі – кез келген жалған ақпаратта эмоция болады. Яғни сіз бен біз жалған ақпаратты оқығанда оны эмоциямен қабылдамауымыз керек. Жалпы «менің туысқаным сөйтті, көршім бүйтті, танысым сөйтті» деген сияқты дүниелер көп кездеседі. Сондықтан осындай нәрсеге басты назар аудару керек. Тағы бір айта кететін дүние, жалған ақпараттағы назар аударатын мәселелер манипулипті, эмоциялық аспектілер. Яғни эмоция мен манипуляция болады», – дейді Factcheck.kz бас редакторы Думан Смақов. Фактчекинг жасау барысында ең басты қағиданың бірі — ақпараттың түпкі көзін тауып және оның растығын білу үшін бірнеше дереккөзден іздеу. Ақпараттың қайнар көзін тексеру — кәсіби және жауапкершілікті жоғары сезінетін журналист үшін басты талап. Одан кейін қолдағы бар ақпарат жайында өзге тараптар не айтып жатқанын білу қажет. Келесі мәселе, эмоцияға ерік беру — фактчекер үшін кешірілмейтін «күнә». Өз жұмысында журналистер бұқараның көңілінен шығуы үшін барын салады.Кей медиаресурстар фактоидтарды көп жариялайды, себебі ол аудиторияның сұранысына ие. Бұл фейк ақпараттың таралуына жол ашады. Сонымен қатар әлеуметтік желі журналистер мен редакторлардың жұмысын жеңілдететін бірден-бір құрал. Әлеуметтік медиа арқылы ақпаратты верификациялау (растығын тексеру) — кейінгі жылдардағы негізгі және маңызды трендтің біріне айналған.
Фейк туралы кейстер
Тәуелсіз журналист Халима Тәжіқұл фактчекинг жасау үшін сол айтылған деректерді, мәліметтерді тексеретінін айтады. Тексерудің өз тәсілдері бар. Оның айтуынша, Қазақстанда фактчекерлерді даярлайтын курстар өтіп жатыр. Курсқа қатысқандар тәсілдерін, механизмдерін біліп шығады. «Жалпы фактчекингтің өзі жалған ақпараттарды тексеру және оны әшкерелеу. Көп жағдайда саяси айла-амалды, өзекті әлеуметтік тақырыптарды көтеріп, өз мақсатында пайдалануды көздегендерді әшкерелеуге арналған бір құрал деуге болады. Жоғарыда аталған сайтта саясаттағы шенеуніктердің айтқан мәліметтеріне, келтірген деректеріне фактчекинг жасалады. Сосын қоғамда, ел арасында манипуляцияға толы дүниелер тарап жатады. Соларға фактчекинг жасап отырады. Бізде көп жағдайда «журналистер фактчекинг жасамайды, оны білмейді» деген сын айтылып жатады. Бірақ журналистер жариялайтын материал әлі жарық көрмеген болса, онда фактчекинг жасамайды, ол кезде верификация жасайды. Бізде осы екі нәрсені шатастырып жатады. Фактчкинг деген жарияланып қойған, жарық көріп қойған мәліметке, дерекке жасалады. Ал верификация әлі жарық көрмеген деректерді тексерудің тәсілі», – дейді Халима Тәжіқұл. Маманның айтуынша, фактчкинг кезінде тексеруге болатын және тексеруге болмайтын ақпараттар болады. Мысалы, біз деректерді, мәліметтерді, видео және фото, түрлі тұлғалардың мәлімдемелерін тексере аламыз. Оған фактчекинг жасалады. Ал біреудің жеке пікірі, көзқарасы болса, сонымен қатар WhatsApp желісінде тарайтын аудиожазбаларға фактчек жасай алмаймыз. Өйткені оны таратқан адамдың аты-жөні айтылмайды, фактілер келтірілмейді. «Ал нақты тексеретін нәрселер: деректер, мәліметтер, мәлімдемелер және фото-видеолар. Видеода адамдардың түр-тұлғасы, оқиға болып жатса, оқиғаның орналасқан жері сияқты визуализациясы көрініп тұрады ғой, сондықтан оған фактчек жасауға болады. Фотоларды монтаждауы мүмкін, қиылуы мүмкін, бір адамның денесіне басқа адамның басын қоюы мүмкін, сондай фотоларды тексеріп, жасалған фото екенін анықтауға болады. Фактчек жасалған кезде нақты ашық дереккөздерге сүйенеді. Яғни сол ашық дереккөздер негізге алынады. Себебі фактчек жасалған кезде мәліметтердің сілтемесі беріледі. Яғни фактчек жасалған материалды оқып отырған адам сол ашық дереккөздегі сілтемесін ашып өзі де көре алады. Ақпараттың шын немесе өтірік екенін, манипуляция екенін, дәлелденбеген ақпарат екенін білу үшін өзі де ашып қарауы керек. Оған қатысты шындық, жалған, манипуляция, дәлелденбеген деген үкімдер болады. Кез келген жалған ақпаратты анықтау үшін, бірінші кезде оны таратып отырған адамға, мекемеге, топқа немесе сол жалған ақпарат жарық көрген ресурсқа (порталға, сайтқа, газетке) назар аудару керек. Олар сенім туғыза ма? Ол таратып отырған тұлғаның репутациясы қандай? Соны бірінші тексеру керек. Содан кейін егер статистикаға қатысты ақпараттар берілген болса, онда ұлттық статистика бюросынан сол мәліметтерді тексеріп көруге болады. Әрине, ең бірінші кез келген ақпаратты оқыған кезде адамның сыни пайымы жоғары болуы керек, сыни көзқарас тұрғысынан оқыған абзал. Манипуляциялық материалды көп жағдайда байқамай бөлісіп жібереміз, әсіресе әлеуметтік желіде. Оның жалған ақпарат екенін біле қоймаймыз. Өйткені жалған ақпараттар, фейк ақпараттар көп жағдайда адамның эмоциясына тікелей әсер етеді. Біз эмоциямызға ие бола алмай қалған кезде, ондай материалды бірден бөлісіп жібереміз. Бірден бөліспеу үшін, 30 секунд ойлануға өзіңізді үйретсеңіз, ақпаратты оқыған кезде 30 секунд сыни пайымға уақыт берсеңіз, материалдағы мәліметтерге, ақпараттарға күмәнмен қарай бастайсыз. Және бір-екі дерек тексергеннен кейін оның күмән туғызатын, манипуляцияға толы және жалған немесе бұрмаланған ақпарат екеніне көзіңіз жетеді», – дейді Халима Тәжіқұл. Ең бастысы, оның пікірінше, жалған ақпаратты таратпау үшін адам өзі дағдылану, машықтануы қажет. Бірінші кезде стереотип ойлаудан алыс болу керек. Көп жағдайда қалыптасқан стереотиптер эмоция туғызады, сондай қалыптасып қалған стереотиптер қосылған ақпараттар болса, эмоцияға ерік беріп, материалды бөлісіп жібереміз. Сондықтан ең бірінші стереотиптен арылып, пікір мен фактіні, пікір мен ақпаратты ажырата алу керек. Бізде көп жағдайда пікірі мен фактіні ажырата алмайды. Сондықтан адам жалған ақпаратты таратуға, бөлісуге бейім келеді. «Кез келген ақпаратты оқыған кезде, логикаға салып, сын тұрғысынан қарау керек. Сыни ойлауды дамытып, үнемі күмәнмен, күдікпен қарап отырған жөн. Қазір журналистикада ең керек дүние – дата журналистиканы меңгеру. Деректермен жұмыс істей білу керек. Яғни оқыған ақпараттағы деректерді сіз ресми деректерден, ашық дереккөздерден, сенімді дереккөздерден тексеріп көрсеңіз бірден белгілі болады. Фото-видеоларды да тексерудің тәсілдері, алгоритмдері жасалды. Ең бірінші айтатыным, кез келген ақпаратқа күмән келтіру. Ол ақпаратты мейлі депутат, мейлі министр, мейлі президент айтсын, кез келген адамда адами фактор, статистикалардың бұрмалануы болады. Сондықтан оны ресми және ашық дереккөздерден тексеріп, ақ-қарасын анықтаған абзал. Менің өз тәжірибемде мемлекеттік деңгейдегі шенеуніктердің баяндамаларында манипуляциялық және бұрмаланған ақпараттар кеткенін анықтаған кездерім болған. Бір тәжірибеммен бөлісейін. Facebook әлеуметтік желісінде Stories бөлімінен үнемі бір видео айнала беретін. Қарасам, банктердің өнімін жарнамалайды. Жарнамалаған кезде Kaspi.kz басшысы Михаил Ломтадзенің бір стартап жұмысты жарнамалап жатқан сияқты бір видеосын көрсетеді. Олар Ломтадзенің басқа жерде жарық көрген сұхбатынан үзінділер жұлып-жұлып алып, бұл өте тиімді жоба, сізге табыс әкелетін жоба деген сияқты сөздерін алып пайдаланған. «Kaspi Profit өніміне біздің Қазақстан үкіметі кепіл болып отыр және тұрақты әрі жоғары табыс әкелетініне Парламент те сенім білдіреді» деген сөздер бар. «Осы жерде акция сатып алып немесе инвестиция құйып, сол инвестициядан айына 2000 $ кіріс алып жатырмын» деген манипуляцияға толы жарнама жасалады. Сосын бір адам «мен осы жобаға қатысқаныма қуанамын, бақытты сезінемін, қазір табысқа кенеліп жатырмын» деп, екінші адам «екі-үш айда пәтерлі болдым» деп жарнамалайды. Содан кейін маған күмән тудырды. Сосын мен Kaspi.kz-тің ресми парақшасына барып, банктік сервистерді қарап шықтым. Ол жерде Kaspi Profit деген өнім жоқ. Ол жерде «табысқа кенеліп жатырмын» деп жарнамалаған акушер-гинеколог Аэлита Мұстафаеваның видеосы көрсетіледі. Оны скрин жасап алып, Google-дің картина тексеретін ресурсын пайдаланған кезде ол шыға қойған жоқ. Сосын Яндекске салып тексеріп көрдім. Ол кісінің суреті шықты, суретінің астында YouTube-ден видео шықты. Видеоны ашып қалсам, ол мүлдем басқа медициналық орталық ашып, содан табысқа кенеліп, халыққа пайдасы тиіп жатқаны туралы сұхбат берген. Ал қаржы алаяқтары сол видеодан үзінділер қиып алып, өздеріне пайдаланған. Сосын Айнұр деп сөйлеген адамның суретін алып, оны да тексеріп көргенде, ол ешқандай да Айнұр емес, Ресей азаматы Мария болып шықты. Яғни бұл Kaspi.kz атын жамылып жасап отырған қаржы алаяқтарының жобасы екеніне көзім жетті. Егер сіз сол жердегі толығырақ деген батырманы бассаңыз, сізге келесі сілтемелерге өтуге кеңес береді. Ал одан өтсеңіз, сіз барлық ақпаратты оларға беріп, қаржы алаяқтарының қақпанына түсесіз. Осыдан кейін мен банктің ресми өкіліне хабарларыңыз бар ма деп хабарластым. Ол оны қауіпсіздік қызметіне тапсыратынын, мұның жалған ақпарат екенін айтты», – дейді Халима Тәжіқұл. Мұндай фактілерді тексеруді кез келген адам қолға алса, меңгеріп кете алады. Тіпті, мемлекеттік органдардың атын пайдаланып фейк тарататын ресрустар болады. Журналистің айтуынша, мұндай фейктер пандемия кезінде, Қаңтар оқиғасы кезінде көп болыпты. «Мысалы, 42 500 теңге жәрдемақы алу кезінде осындай жайттар орын алды. Одан кейін «2022 жылы қаңтар кезінде Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі 50 мың теңгеден ақша таратып жатыр» деген ақпарат шықты. Ол WhatsApp желісінде видео форматта тарады. Ол үшін мынадай қадамдарды орындауыңыз керек, сілтемеден өтіп тіркеуден өтесіз, орындағаннан кейін 30 секундқа ашып қоясыз, администратор сіздің деректеріңізді тексереді деп қадам-қадам бойынша нұсқаулық береді. Сіз оның бәрін орындай берсеңіз, барлық деректеріңізді осы фишинг парақша ашқан алаяқтар пайдаланады. Мен соны тексеріп көргенде, оны таратқан домен 2022 жылы 12 мамырда тіркелген, тіркеу иесі АҚШ-тың Аризона штаты, Финикс қаласында тұратыны анықталды. Яғни алаяқтар осындай таңбалардың кездейсоқ комбинациясын білдіретін домен атауларының тұтас жиынтығын пайдаланады. Оны Еңбек министрлігі емес, кездейсоқ комбинациялардан тұратын домен жасап шығады. Ол домендер бір күнде бір адамның атына ғана тіркеледі және күнделікті ауысып отырады. Сонда 50 мың теңге сыйақы туралы хабарламаның Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігіне ешқандай қатысы жоқ екенін білдім. Яғни фишинг сайттарға жатады. Ондай нәрселерге көп адамдар алданып қалады. Былай қарасаңыз, шынымен сенім туғызатын сияқты көрінеді, бірақ шын мәнінде ол жалған дүние», – дейді Халима Тәжіқұл. Журналистің айтуынша, қазір Украина мен Ресей арасындағы соғыс кезінде де ақпараттық соғыс өте қатты жүріп жатыр. Әсіресе, соғыс басталған кезде, мысалы, Киев мэрі Виталий Кличконың Instagram парақшасының көшірмесі жасалған. Сол клон-парақшада мынадай сөз жазылады: «Киев қаласы қоршауда қалды, қала тұрғындарын эвакуациялау мүмкін болмай жатыр». Осы ақпаратты Украинаның Telegram каналдары да бөліседі. Олардың ешқайсы клон-парақшада 6 ғана жазылушысы бар, өзі 19 адамға ғана жазылғанына, бұған дейін мүлде ақпараттар, жазбалар жарияланбағанына мән бермейді. Бірақ көп ұзамай Киев мерінің әкімшілігі «бұл ресми парақша емес» деп бірден жоққа шығарып, бұл парақша блокқа қойылды. «Мұндай кейстер өте көп. Түркиядағы зілзала кезінде фейк ақпараттар да көп тарады. Қаңтар оқиғасы кезінде де фейк ақпараттар болды. «Тау мен тасты су бұзады, адамзатты сөз бұзады» деген сияқты, жалған ақпараттардың өзі адам арасын салқындатып қана қоймай, белгілі бір дүниеде мемлекеттердің де арасына от салатын дүние. Сондықтан дәл қазір ақпарат ағыны қатты жүріп тұрған кезеңде бізге өте сақ болып, кез келген ақпаратқа күмәнмен қарап отыру керек. Тағы бір мысал келтірейін, бір баяндамада «біз дағдарысқа қарсы жедел шаралардың екі топтамасы қабылданды. Уақытша табыссыз қалған 4,5 млн азаматымыз 42 500 теңге мөлшерінде көмек алды. Бұған 450 млрд теңгеден астам қаражат жұмсалды. Осындай жәрдем көршілес елдерде, басқа ірі мемлекеттерде берілген жоқ» дейді. Бұл жердегі соңғы сөйлем таза манипуляция және жалған сөз. Әрине, қазақстандықтар бұл көмекті алды. Оған 450 млрд теңге жұмсалған болуы мүмкін, өйткені Президентке есебін беріп отыр ғой. Ал «Осындай жәрдем көршілес елдерде, басқа ірі мемлекеттерде берілген жоқ» деген манипуляция, ал шын мәнінде ашық дереккөздерден қарайтын болсақ, көптеген мемлекеттер табыссыз қалған азаматтарға қаржылай көмек берген. Мен мұны бірнеше ашық дереккөзден таптым. Бұл жерде баяндаманы дайындайтындар манипуляцияға ерік беріп қойды және оны тексерген жоқ. Мысалы, экономикалық ынтымақтастық ұйымының ресми сайтында Ковид-19 кезінде Орталық Азияда және Ресейде табыссыз қалғандарға қандай көмек көрсетілді деген тақырыпта баяндама жазылған. Халықаралық еңбек ұйымының ресми сайтында 4 млрд адам табыссыз қалғаны, сол кезде әлем мемлекеттері табыссыз қалған адамдарға қандай көмек берді деген баяндама жазылған», – дейді Х.Тәжіқұл. Ақбота МҰСАБЕКҚЫЗЫ, «Ana tili»