Жаңалықтың бәрі ақиқат емес
Ағылшынның fake сөзі бүгінде қолданысқа кеңінен еніп кетті. Яғни жалған, бұрмаланған, жаңылыстыру үшін жасалған нәрсені фейк деп атайды. Қазіргі ақпараттың көбі – фейк. Өйткені ақпарат та бизнес. Сондықтан ақша табу үшін фейк ақпарат ойлап табу әлдекімдерге өте тиімді. Мысалы, әлеуметтік желілерде «Вакцина алған соң өліп кетті», «Вакцина алғандар ұрпақсыз қалады екен. Қарсы шығайық!», «Бұл не масқара! Таратайық», «Ұшақпен вирус шашып жүр», «Вакцина салған жеріне магнит жабысып қалды» деген тақырыптағы сілтемелерді еріксіз басасыз. Осылайша ақпараттың оқылымын арттырасыз әрі жалған ақпарат таратушылардың қаржы табуына «көмектесесіз». Ешқандай дәлелденбеген ақпараттарға имандай сенудің арты вирустың өршіп, үшінші толқынына әкеліп соққанына куә болып отырмыз. Ал мұның ең үлкен зияны – вакцинаны жақтайтындар және вакцинаға қарсылар болып халықтың екіге бөлінуі.
Кейде «қытайлар жерімізге рұқсатсыз кіріп жатыр, жол бермейік» деген мағынада тарайтын ақпараттар да жүреді. Оған «арыстандай ақырып, өлі әруақты шақырып» дайын тұратын «патриоттар» реакция білдіріп, дәл қазір көшеге шығып кеткісі келеді. Өтірік ақпаратқа сеніп, мемлекетін төңкеріп тастаған елдер бар екенін тарихтан жақсы білеміз. «Қарусыз майдан қандай болады?» десеңіз, қарусыз майдан – осындай: жалған ақпарат ойлап табу арқылы қоғамды билеу, ықпал жасау, баю. Мысалы, АҚШ-та фейк ақпараттар халықтық сипат алып, президенттерді тақтан, шенеуніктерді тұғырдан тайдыруға дейін барады. АҚШ президенті Байденнің өзі фейк ақпараттың құрбанына айналды. Қарсыластары ол туралы неше түрлі жалған ақпарат таратып, қоғамда жағымсыз бейнесінің қалыптасуына ықпал етті. АҚШ-тың оған дейінгі президенті Дональд Трамп та президент болып сайланар кезде фейк жаңалықтардан зардап шекті. Ол жақта фейк ақпарат жасап, таратумен айналысатын арнайы агенттіктер жұмыс істейді. Сәйкесінше, оларды қаржыландыратын ұйымдар да бар.
Ақпараттардың рас-өтірігін анықтаумен айналысатын маманды фактчекер деп атап жүрміз. Қазір әр журналист фактчекер бола алады. Ал алдына келген ақпаратты талғамай қабылдай беретін әр тұтынушы фактчекер бола бермейді. Сондықтан ресейлік сыни ойлау мектебінің негізін салушы Никита Непряхиннің айтқандарын ұсынып отырмыз:
1-қадам. Мақаланы тұтас оқып шығыңыз.
Жаңалықтарды ешқашан тақырыптарына қарап бағаламаңыз. Мақсатты аудиторияның назарын аудару үшін мақалалардың тақырыптары арандатушы, жанжалды болуы мүмкін. Барлық жаңалықтарды мұқият оқығанда, тақырыппен еш байланысы жоқ болып шығады.
2-қадам. Ақпараттың негізгі дереккөзін табыңыз.
Негізгі дереккөзге сілтемелер бар ма? Бастапқыда бұл оқиға туралы кім хабарлады: ресми органдар ма, беделді ұйымдар ма немесе күмәнді жасырын куәгерлер ме? Басқа ақпарат көздерінен растау бар ма? Осыған көз жеткізіңіз.
3-қадам. Авторды тексеріңіз.
Бұл мақаланың авторы бар ма? Ол тағы қандай мақалалар жазған? Интернетте ол туралы ақпарат бар ма? Ол бұрын не туралы жазды?
4-қадам. Жағымсыздық пен жеке мүдде туралы ойлаңыз.
Мәтін эмоцияға толы болса, фейк немесе үгіттің алғашқы белгісі екенін ұмытпаңыз… Бұл жаңалықтың мақсатты аудиториясы қандай? Оны таратуға мүдделі біреу бар ма? Бұл жаңалықтың растығы немесе жалған екені сізді қаншалықты қызықтырады?
Фейк тек жаңалықтарға ғана қатысты емес, ойдан құрастырылған фотосуреттер, видеолар, аудиомәтіндер, керек десеңіз, белгілі бір жобалар да фейк болуы мүмкін. Мысалы, ұшақпен егістікке дәрі шашып жүрген ұшақтың видеосын «қазақтың даласына вирус шашып жүр» деп шығарып алғандар болды. Ол ұшақ қазақтың даласында ма, әлде Италияда ұшып жүр ме, салыстырып қарауды ойлай бермейді. Америкалық азамат Элизабет Холмс бір тамшы қан арқылы адамның бүкіл диагнозын анықтауға болатын құрылғы ойлап таптым деп, жылдар бойы өтірік жобасымен қаншама инвесторды алдаған. Табыстың астында қаламыз деп ойлаған бизнесмендер Элизабеттің компаниясына қаржы құя берген. Соның арқасында Элизабеттің құрған компаниясы миллиардтаған доллар табыс тапқан. Күндердің күнінде бір тамшы қан арқылы диагноз қойылмайтыны әшкере болып, Элизабет Холмс түрмеден бір-ақ шықты. Жалған ақпараттарға сеніп қалып, зардабын тарту біздің қоғамда да жиі кездеседі. Сондықтан ақпаратты таратпас бұрын оған сыни көзбен қарап, анализ жасай білген абзал.
Жалған ақпарат таратушылар заңмен қудаланатынын жақсы біледі. Ал қарапайым ақпарат тұтынушы Қазақстанда Stopfake.kz, Factcheck.kz сайттары жұмыс істеп тұрғанын білген жөн. Мұның бәрі медиасауатқа тіреліп тұрған соң, 9-11 сыныптарға арналған Медиа және ақпараттық сауат оқулығы енгізілуі мүмкін. Қазір сараптамадан өтіп жатыр.
Тақырыпқа тұздық
АҚШ-тың Мичиган штаты университетінде «Болашақ» бағдарламасымен оқып келген журналист Жолдас Өрісбайға осы тақырып бойынша сұрақтар қойдық.
1. Фейк ақпаратпен күресуде қандай шетелдік тәсілдерді білесіз?
2. Жалған ақпаратқа халық неге көп сенеді деп ойлайсыз?
3. Жалған ақпарат тарату кімдерге тиімді?
1. Онлайн коммуникация құралдары көбейген қазіргі заманда фейк ақпаратпен күресу күн сайын қиындап келеді. Әсіресе, ашық демократиялық қоғамда мұнымен күресу өте күрделі. Десе де батыс өркениеті, соның ішінде АҚШ-та жалған ақпаратпен күресуді мақсат еткен коммерциялық емес ұйымдар мен журналистердің инновациялық практикалары дамып келеді. Жалған ақпаратпен күресу қазір АҚШ-та қызу талқыланып жатыр. Күні кеше бұл елдің президенті Байден де Фейсбуктегі ковид жайлы жалған ақпараттың таралуына қатысты «олар адамдарды өлтіріп жатыр» деп жауап қатты. Бүгінде, АҚШ аумағында ковид жайлы жалған ақпараттың басым бөлігі вакцина алу мәселесіне қатысты болып отыр. Азаматтардың вакцина алудан бас тартуы пандемияның үшінші толқынына алып келді. Мысалы, Pew Research орталығының соңғы зерттеуіне орай, америкалықтардың 30 пайызы вакцина алмайтынын білдірсе, тағы 17 пайызы алуы мүмкін екенін мәлімдеген. Ал тағы 32 пайызы алуды жоспарлап отыр және қалған 19 пайыз кем дегенде бір дозасын алып үлгерген. Ғалымдардың айтуынша, халықтың 77 пайызы вакцина алған қоғамда пандемия жойылуға тиіс. Ал америкалық қоғам бұл көрсеткішке жету үшін не істеп жатыр? Соны анықтап көрейік. Вакцинаға сенбейтін азаматтарды медиасауатсыз деп айту қиын. Расында, олардың басым бөлігі үкіметке және медиаға сенбейді. Сәйкесінше, үкімет пен медиа құралдар тарататын ақпаратты да қабылдамайды. Билік пен медиа институттарына сенім төмендеген сайын, балама ақпарат ресурстарына жүгіну көбейе түседі. Мысалы, Оксфордтағы Рейтер институтының (Digital News Report 2021) зерттеуінше, америкалықтардың медиа институтқа деген сенімі тарихи минимумға жеткен. Халықтың небәрі 29 пайызы медиаға сенетінін білдірген. Дәстүрлі медиа институтына сенбейтін америкалықтардың 56 пайызы «журналистер әдейі халықты алдау үшін фейк ақпарат таратады» деп сенсе, 58 пайызы медиа ресурстардың саяси идея арқалайтынына сенетінін білдірген. Зерттеуге кіріктірілген 46 елдің ішінде АҚШ орын алыпты. АҚШ-та дәстүрлі медиаға сенімсіздіктен фейк ақпараттар дәуірі жүріп тұр. Онымен күресу үшін үкімет деңгейінде де, медиа институттар тарапынан да түрлі тәсілдер жасалып жатыр. Мысалы, 2016 жылдан бері АҚШ үкіметі Facebook, Twitter және Google (Youtube) сынды алып компаниялардан өз платформаларында таралатын фейк ақпараттарға қатысты белсенді күрес жүргізуді талап етіп келеді. Осы IT-компаниялар дезинформация бойынша дербес сарапшы компанияларды іске тартып, фейк дерегі бар болуы мүмкін контентті алып тастауды немесе арнайы белгімен көрсетіп қоюды дұрыс деп шешті. Бірақ The New York Times газетінің зерттеуінше, мұндай тәсілдер аса оң нәтижесін беріп жатқан жоқ. Америкалық мейнстрим медиа мен ғылыми институттар жалған ақпаратпен күресуді жан-жақты дамытуға тырысып келеді. Мысалы, медиа нарықта FactCheck.org, PolitiFact (Tampa Bay Times), Snopes, Fact Checker (The Washington Post), Lead Stories, PunditFact (Poynter Institute) сынды фактчек ресурстар бар. Ал ғылыми институттар халықтың медиаға деген сенімін арттыруға және медиа сауатын жоғарылатуға арналған жобалармен айналысады. Мысалы, Bot Sentinel дейтін уеб-ресурс Туиттердегі жалған аккаунттарды анықтайтын тегін ресурс болса, Botometer Туиттердегі аккаунттардың контентін анализ жасау арқылы оның шын немесе бот екенін анықтайды. Сондай-ақ, америкалық нарықта медиа сауаттылықты оқытатын Checkology, CrashCourse Media, CrossCheck, Digital Polarization Initiative дейтін жобалар бар.
2. Адам баласының түрлі конспирологиялық фейк ақпараттарға сенуіне оның белгілі бір саяси идеологияға деген сенімі, санасының когнитивті ойлау қабілеті және ақпаратты қабылдау психологиясы әсер етеді. Мысалы, либералды идеологиялық көзқарастағы америкалықтар Трамп әкесінің Ку-клукс-клан мүшесі болғанына сенеді. Ал консервативті көзқарастағы америкалықтар Трамптың демократтар бастаған педофилдер кабаласына қарсы жалғыз күресіп жатқанына сенеді. Осы екі конспирология өткен жылы ең көп тараған жалған ақпараттар тізімінде болды. Одан бөлек, жалған ақпарат сіздің өмірлік құндылықтарыңыз бен сіздің ойлау шеңберіңізге икемделген болса, оның рас не өтірігін тексермей бөлісу ықтималдығы артады. Содан соң, адам баласы желіде көрген ақпараттың шын не өтірігін және ресурстың қаншалықты сенімді екенін анықтай алмаса, ол қабылдау психологиясына, яғни сол мақалада көрсетілген барлық дерекке тікелей сену процесіне жүгінеді. Адамдардың жалған ақпаратқа бірден сенбеуі үшін екі бағытта жұмыс істеуіміз керек. Адам баласының сыни ойлау қабілетін арттыру, яғни желідегі кез келген ақпаратқа скептикалық тұрғыдан қарап, ондағы деректерге фактчекиң жасауды үйрету керек. Сондай-ақ азаматтардың медиа мен билікке сенімін арттыру қажет. Ол үшін медиа барынша кәсіби әрі объективті, ал басқарушы органдар барынша әділ әрі ашық жұмыс істеуі тиіс. Бұл, әрине, утопиялық көзқарас, бірақ біздің ұмтылатын биік сол болуға тиіс.
3. Жалған ақпарат таратушылар әдейі немесе өзі білмей таратушылар болып екіге бөлінеді. Өзі білмей тарататындар қатарына өз жұмысын кәсіби деңгейде істемейтін журналистерді және ақпаратты тексермей бөлісе салатын азаматтарды кіріктіре аламыз. Ал әдейі таратушылар түрлі мотивтермен әрекет етеді. Мысалы, әдейі жалған ақпарат тарататындардың саяси мотиві болуы мүмкін. Діни көзқарасы басым консерватор америкалықтар Трамптың билікке келгенін тікелей Құдайдың бұйрығы деп сенеді және олар Трамптың жалғыз өзі шайтанға бағынатын педофилдер тобына қарсы күресіп жатқанына да сенеді. Бұл Qanon конспирологиясы атауымен белгілі. NPR ресурсының 2020 жылғы сауалнамасының нәтижесіне орай америкалықтардың 17 пайызы жоғарыдағы конспироло-гияға толық сенетін болып шықты. Бұл олардың саяси әрі діни идеология-сының жалған ақпаратпен сәйкес келуінен болып отыр. Мұндай азаматтар өз мүддесін, яғни жоғарыдағы сенімін таратуды өз өмірлік миссиясы деп тауып, соны барынша таратуға күш салады. Вакцинаға қарсы үгіт-насихатпен айналысатын азаматтар идеологиялық тұрғыдан өздерінің бет алған бағытын дұрыс деп біледі және өз көзқарасына сай емес барлық деректерді жоққа шығарады. Яғни олардың вакцинаға қарсы ойын өзгерту мүмкін емес дерлік. Жалған ақпарат таратуға адамдарды итермелейтін өзге де мотивтер бар. Біреулер әзіл аралас пранк үшін жалған ақпарат таратса, тағы біреулер өзіне көптің назарын аудартқысы келіп сол әрекетке барады. Сонымен қатар сатиралық бағыттағы медиа ресурстар да ақпаратты ойдан құрастырып таратады. Оны шын не өтірігін анықтамайтын азаматтар оқып, жалған ақпаратты одан әрі таратуға үлес қосады.
Дайындаған Б.МҰРАТҚЫЗЫ