Жаңа өзгерістер өмір сапасын жақсартуды көздейді

Шымкент қаласындағы «Тассай» индустриялық аймағында орналасқан «Mega SMART» ЖШС – жиһаз өндірісіне маманданған кәсіпорындардың бірі. Компания басшылығының айтуынша, Жаңа Конституция жобасы азаматтардың құқықтарын қорғауға, сондай-ақ еңбеккерлерге әділ әрі қолайлы еңбек жағдайын қалыптастыруға бағытталған маңызды құжат болып табылады. Қазіргі таңда кәсіпорында 150-ге жуық адам еңбек етеді.
«Mega SMART» ЖШС МДФ жылтыр плиталарын өндірумен және кеңсе жиһаздарын шығарумен айналысады. Елімізде баламасы жоқ бірегей өндіріс орны 2016 жылы іске қосылған. Кәсіпорын заманауи Оңтүстік Корея технологиясымен жабдықталған. Бүгінде өндіріс орны жылына 100 мыңнан астам МДФ плитасын нарыққа шығарып, ішкі нарықты сапалы өніммен қамтамасыз етіп келеді.
Кәсіпорынның бас директоры Руслан Бабатаевтың айтуынша, Жаңа Конституцияда қарастырылған өзгерістер әлеуметтік мемлекеттің негізін нығайтып, еңбек адамдарының құқықтарын қорғауға бағытталған.
«Жаңа Конституциядағы өзгерістер арқылы әлеуметтік мемлекеттің іргетасын нығайту аса маңызды. Қабылданатын жаңа стандарттар халықтың өмір сапасын арттырудың негізгі тетігіне айналуы тиіс. Жалпы алғанда, жаңа өзгерістер еңбекті қорғау, жұмыскерлердің құқықтарын сақтау және әділ еңбекақы төлеу жүйесін қамтамасыз етуге бағытталған. Біз ұжым болып Жаңа Конституция жобасын қолдай отырып, барша азаматтарды осы тарихи өзгерістерге бейжай қарамай, белсенді болуға шақырамыз», – деді кәсіпорын басшысы.
Бүгінде кәсіпорын ұжымы өндірістік процестерге заманауи технологияларды енгізіп, халықаралық стандарттарға сай жұмыс жүргізуде. Алдағы уақытта да әлеуметтік әділеттілік қағидаттарын басшылыққа ала отырып, өндіріс көлемін ұлғайту және жаңа жұмыс орындарын ашу жоспарланып отыр.