Жүгерінің өнімділігін арттыруға арналды

Отырар ауданында «Дәндік жүгері дақылының өнімділігін арттыру» жөнінде семинар-кеңес өтті. Семинарға Ө.Оспанов атындағы қазақ топырақтану және агрохимия ғылыми-зерттеу институты мен Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ғалымдары, кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің мамандары, аудан шаруалары қатысты.
Жиынды аудан әкімі Сәкен Сұлтанханов ашып, аграрлық саладағы әлемдік заманауи ғылымның даму үрдісін үлкен тәжірибемен ұштастыра отырып өнім көлемін арттыру жолдарын игерудің маңыздылығын атап өтті.
Семинар барысында Ө.Оспанов атындағы қазақ топырақтану және агрохимия ғылыми-зерттеу институтының бөлім меңгерушісі Мақсат Пошанов топырағы тұзданған егістік алқаптарда дәндік жүгері дақылының өнімділігін арттыру мақсатында қолданылатын агротехникалық, агрохимиялық іс-шаралар туралы баяндаса, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті гео-графия және экология кафедрасының қауымдастырылған профессоры Шахислам Лайсханов Отырар ауданындағы ауыл шаруашылығы жерлері топырақтарының тұздану жағдайы және жүгері дақылының өнімділігіне әсері туралы ғылыми жұмыстарын таныстырды.
Сондай-ақ, отырыста Түркістан облысы ауыл шаруашылығы басқармасының бас маманы Әлім Сайдалиев өңірімізде ғылым негізіне сүйеніп жетістікке жеткен шаруалардың аз емес екенін айтса, «Explanta» ЖШС-нің сату менеджері Дәурен Жайдақбаев пен «Төребек» ЖШС төрағасы Төребек Дайрабаев бірлесе атқарған жұмыстарының нәтижесінде өнім көлемін арттырудағы тәжірибелерімен бөлісті.
Шаруалардың қызығушылығын арттырған семинар жұмысына қатысушылар көкейдегі сауалдарын қойып, жан-жақты мәліметтер алды.
Отырар ауданындағы топырақ тұздылығының жүгерінің өсіп- өнуіне әсерін зерттеу және дақылдың өнімділігін болжаудың ғарыштық әдісін әзірлеу жұмыстары арнайы жинаққа енгізілген болатын. Іс-шара барысында «Отырар ауданының агроландшафттары» атауымен жарыққа шыққан кітаптың лентасы қиылып, шаруаларға таратылып берілді.