Жүгері – үлкен табыс көзі
Облыста «дала аруы» атанған жүгері дақылына деген сұраныс жыл санап артып келеді. Өңірлік ауыл шаруашылығы құрылымдары да жүгері алқаптарын ұлғайтуға басымдық беруде. Соның нәтижесінде сапалы элита тұқымына сұраныс туындап, жүгері тұқымымен айналысатын шаруашылықтар құрыла бастады.
Өңіріміздегі жүгері кластерін дамыту аясында ауқымды жобалар қолға алынған. Соның нәтижесінде Отырар ауданындағы жүгері алқабы 10 мың гектардан асқан. Отырар ауданының Ақтөбе ауылындағы жеке кәсіпкер Нұрғали Мұрат жетекшілік ететін «Оңтүстік Алтайыр» ЖШС-і жүгері кептіру және құрама жем шығаруды қолға алмақ.
Бүгінгі таңда кәсіпкер 320 гектарға, оның ішінде 220 гектар тың алқапқа түрен салып, жүгерінің жаңа «Lexus FAO-700», «Sygenta Gladuis» сортын еккен. Жаңа сорттың өнімділігі де өзге жүгері сортына қарағанда мол болып, әр гектарына өнімділік 150 центнерге жетіп отыр.
Нұрғали Мұрат Түркияның 5 қаласында болып, шаруалармен тәжірибе алмасқан. Сондай-ақ, су тапшылығының алдын-алу, жаңа технологиялармен жүгері егудің әдістерін де үйренген. Бұл жобаларды келер жылы жүгері егуде қолданып, жүзеге асыратынын айтады.
Тағы бір айта кетерлігі, кәсіпкердің қолға алған бастамаларының бірі – құрама жем шығару кешені. Мал бордақылауға таптырмайтын жемнің құнары да ерекше болмақ. Себебі, жемнің құрамында қараот, жусан, жүгері, бидай бар.
Расында да, шаруаның қолға алған тірлігі айтарлықтай ерекше. Тынымсыз еңбектің арқасында талай жетістікке жетуге болады. Осылайша жаңа өніммен көріне берсе «Отырарда шығарылған» жаңа бренд қалыптасып, үлкен нарыққа жол тартпақ.