Заманауи медиа және бүгінгі журналистиканың келбеті
Еуропа көшелеріндегі «таңғы жаңалықтар, газета!» деген балалардың дауысы адамзат баласын ақпарат әлеміне алып келді. Турасында осылай, бұрындары қала көшелерінде ілінетін хан жарлықтарынан бастап, ел ішіндегі ауыс-түйіс жаңалықтар арнайы ақпарат парақтары болып бірігіп, «газет» атауымен бұқараға ұсынала бастады. Сол уақыттан бастап ақпарат әлемі дүркін-дүркін өзгерістерге ұшырап, жаңалықты жеткізу құралдары да, беру тәсілдері де тым қатты өзгерді. Бір уақыттары дауыстық хабарлама таратуға мүмкіндік берген радионың өмірге келуі де ескірместей көрінген еді. Алайда ақпаратқа аш қоғам үшін тек дауысын тыңдап қою жеткіліксіз болды. Өнертапқыштар бейнелі, сұлбалы ақпарат таратуды көздеді һәм мақсатына жетті. Бұл теледидардың өмірге келген тұсы еді. Ал бүгінде медиа кеңістік үшін жаңалық – масс-медиа.
Бүгінде елімізде журналистика саласы жаңа платформаларға бет бұрып, заманауи технологияларды қолдануда. Нақтырақ айтқанда, телеарналар тек көк жәшікпен ғана халыққа ақпарат таратпай, әлім желідегі ресми парақшалары арқылы да көрерменге жедел жаңалықтар таратуда. Бұл ретте, Digital marketing бойынша бүкіл мүмкіндіктер қарастырылып келеді. Журналистердің күнделікті жаңалықтар жариялап, ақпарат беріп, репортаж таратуына және бөлісуіне ғаламтор көп мүмкіндік берді. Осы тенденцияның дамуы арқылы төртінші билік өкілдері әмбебап журналистке айналуда.Қазір әлемде журналистер мен аудитория арасын Facebook, Twitter және Instagram секілді қосымшалар байланыстыруда. Ал елімізде бұл тізімге Tik Tok желісі қосылады. Сонымен қатар, Telegram желісі де қарқынды өсіп, белсенді желілердің біріне айналды.
Түркістан облысында өткен Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев масс-медианың дамуына ерекше көңіл бөлу керектігін тілге тиек етті.
«Ақпарат саясатының тиімділігін арттыру, креативті индустрияны дамыту. Масс-медиа – елімізді жаңғырту ісіне ерекше ықпал ететін сала. Сондай-ақ, билік пен қоғам арасындағы пәрменді байланыс құралы. Қазір батыс елдерінде «анти-инфлюенсер» деген қозғалыс бірте-бірте қалыптасып жатыр. Бұл қозғалыс интернет басылымдар арқылы азаматтарға, жастарға тарайтын барлық ақпаратқа, деректерге, әсіресе, жалған мағлұматтарға, яғни, fake news-қа зор күмәнмен қарайды, яғни адамдардың санасын жаулап жатқан, тіпті, оларға имандай сенуге болатын идеология секілді құбылыстарды жоққа шығарады. Біздің елімізде де жалған ақпарат тарататын басылым-сымақтар бар. Бұл – құпия емес. Олардың артында нақты қалталы адамдар, тіпті, ықпалды елдер бар.Ал, жаңа қозғалыстың негізгі мақсаты – дәстүрлі құндылықтарды дәріптеу, ең алдымен, бұл әдебиеттегі, сондай-ақ ақпарат саласындағы дәстүрді сақтау. Сондықтан, біз де әлемде болып жатқан осы жаңа үрдіске назар аударғанымыз жөн. Бұл үрдістер бүгінде түрлі ақпаратпен идеологиялық тұрғыдан уланып жатқан қоғамды сауықтыратын күшке айналуы әбден мүмкін», — деді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев.
Осы тұста, сапалы және сары басылымның ара жігін ажырататын оқырман санын көбейту маңызды. Өйткені, сары басылымдар айқайлаған тақырыппен жалған ақпараттың арқасында оқырман жинап, басылым жұмысын жүргізіп отыр. Қалай айтсақ та, «сары басылымдар» туралы белгілі тұжырым немесе анықтама жоқ. Бүгінде ақпараттың ағыны толассыз ағып жатқанда шынайы және жалған жаңалықтарды ажырату қиынға соғуда. Ал фактчекинг дәл әрі нақты мәліметті айшықтап береді. Ақпаратты сүзгіден өткізу, саралау — медиа саласындағы қызметкерлер жұмысының құрамдас бөлшегі болғанымен де, фактчекинг қабілетін меңгерудің маңызы артып, медиасауаттылықтың ажырамас бөлгешіне айналды.
Заманауи медианың тағы бір жаңалығы — GPT CHAT жасанды зияты шықты. «Ақысын» төлеп, бес-ақ минутта белгілі бір тақырып бойынша кішігірім мақала жазып береді. Алгоритімі де қарапайым. Жазу керек мақаланың тақырыбын теріп бересіз. Тақырыпқа сай интернетте бар ақпаратты құрап ұсына қояды. Әзірге ағылшын тілінде жетілдіріп жатыр. Бес жылда GPT CHAT дейтініңіз қазақша үйреніп алып, «сәлеметсіз бе!» деп тұрса таңғалмаңыз. The Guardian-ның ресми ақпаратына сүйенсек, ChatGPT аудиториясы 2023 жылдың ақпанында 100 миллион адамды қамтыды. ChatGPT іске қосылғаннан бес күннен соң 1 миллион адам, ал іске қосылғаннан кейінгі бірінші айда чат-ботты 57 миллион адам пайдаланған. Мамандардың айтуынша, осы қарқынмен жалғаса беретін болса атаулы бағдарлама миллиардтардың жүрегін оңай жаулайды-мыс.
Адам сияқты жаза алмайды дейтін шығарсыз. Жасанды интеллект ақпаратты тез өңдеп, керегін жаттап алады. Стилім бөлек десеңіз стиліңізді де қайталап береді. Қуанатын әрі ойға батыратын тенденция. Жасанды зият қолдағы смартфонда инстаграм мен тик-токтан нені көп көрдіңіз, фейсбуктан қандай постты жиі оқисыз. Тіпті телефон арқылы сөйлескенде не айттыңыз, нені тыңдадыңыз бәрін де өзіне сақтап алып, сол инстаграм мен тик-токта яки фейсбукта сіз әңгіме қылып айтқан тақырыпта шығара береді. Байқамадыңыз ба? Тексеріп көріңіз. Теледидардан жаңалық көретіндер азайды десек те әлемдегі 9 миллиард адамның тең жартысы телміріп отырғанын да ойлап қойған жөн. Қазақ телевизиясында үрдіс қалай жүргені есте шығар. Кеңес заманында кәсіби журналистер суфлерді оқыса, 90 жылдардың аяғы мен 2000 жылдардың басында дауысы әдемі, түрі келіскен деп әртістерге орын берді. Кейінгі уақытта телевизияға баяғының «тірі аңыздары» келіп, тағы түрленді. Қазір жас журналистер көп.
GPT CHAT жасанды зиятымен қатар ДипФейк тележурналистермен таласа бастады. АҚШ-та Дипфейкті саясаткерлерге көп қолданады. Нағыз медиақару деуге болады. Мысалы, АҚШ тың экс-президенті Дональд Трамптың түр-әлпетін қиып алып, ірі денелі қызыл галстук таққан біреудің бетіне монтажбен қоя салып, «ойыңа» келген әңгімені айтқыза аласың. Яғни адамның келбетін қиып алып, кез-келген денеге қою арқылы «пропаганда» құралына айналдыруға болады. Тележурналистерге де қаупі зор. Қазақтың «Айтпағанды айтқызды» дейтіні енді болады. Енді үшінші әрі соңғы мәселені де жазу керек. Ол — «робот».
Мәселе екені рас. GPT CHAT жасанды зияты мен дипфейк бар жерде робот та болады. Кейінгі уақытта роботты қызмет көрсету саласынан бастап телевизияға да әкелді.Робот тілші кез келген уақытта жұмсаған жерге барады. Керек материалды айтқан ракурста түсіріп, автоматты түрде жасанды зият арқылы жолда монтаждап береді. Ауырып қалмайды, тамақ ішпейді, айына айылық төлеп, шығынданбайсың. Абайдағы орман өртінде робот журналист барып репортаж жасағанда өртенген орманның ішін көретін едік. Себебі жанбайды, суға салсаң батпайды. Әлемдегі қақтығыс болып жатқан жерге барып, «өліп» қаламын демей түсіре берер еді. Роботты құрастырар кезде сұлу қыз, келбетті жігіт те етіп, жасай алады. Робот зейнетке де шықпайды. Дейтұрғанмен, әлгі пақырыңыз кешегі қазақ журналистикасының қайталанбас тұлғасы, публицист Шерхан Мұртаза секілді ақиқатты шындықтан айырып айта алады ма екен? Бейсен Құранбек секілді «Арма ағайын» деп ақтарыла сөйлеп, айтқысы келген бір ауыз сөзбен мыңдаған көрерменнің жүрегіне жеткізе алады ма? Сауық Жаханова апамыз секілді дауысы қазақ радиосының алтын қорына сақталады ма екен? Әрине, адам орнын белгілі көлемде ауыстырғанымен, түбегейлі өзгерте алмасы сөзсіз.
Дегенмен, жасанды интеллект қанша дамыса да, журналистика саласының негізі сол қалпында қала бермек. Төртінші биліктің статусы мен жұмысына бәсекелесе алмайды, журналистика саласының өзектілігін жоғалтпайды. Не дегенмен, журналистің жүрегінен шыққан сөз жүрекке жетеді, сараптап жазған сөзі салмақты болады.
М.ІСКЕНДІРҚЫЗЫ