ЗАЙЫРЛЫЛЫҚ – ТАРИХИ ТАЛАП

Дәстүрлі емес конфессияларды жабу керек, құрту керек дейтін сәуегөйлер мен дақпырт жасаушылар құқықтық-демократиялық негіздерді мойындаған әлемдік үрдіс-зайырлы мемлекеттік ұстаным шеңберінде көп конфессионалды жағдайдағы елдерде діни төзімділік пен тағаттылық таныта бейбіт қатар өмір сүруді үйрену керек-ақ. Бұл әрине көп ерік-жігер мен түсіндіруді қажет ететін ыждағаттылықты талап ететін байыпты-күрделі кешенді жұмыс. Иә, ел арасында жерімізде бұрын-соңды болмаған  діни ұйымдар жайлы әңгіме бола қалса, «атойлап, аттандап» шыға келетін кетеу пайым немесе солай болып көріну арқылы біреулермен жеке есебін айырғысы келетін «пасықтар» аз емес. Мұндайға Абай хаким: «Көпте ақыл жоқ, ебін тапта жөнге сал»,-деген ғой. Әлемдік геосаяси ықпалдастықтар аясы кеңіп, қоғамда түрлі қарым-қатынастардың күрделенген тұсында жаңа заманның талап-үрдістерін ескеруіміз қажет екенін естен әсте шығара алмаймыз. Сондықтан да мемлекеттің ішкі-сыртқы саяси-экономикалық, әлеуметтік-мәдени, рухани-діни құрылымдарының жұмыс атқару стилі мен бағдарлық жоба-нұсқаулары ұлт-мемлекет тұтастығына нұқсан келтіретін жат мүдденің ортада орын алмауы үшін халықаралық келісім фактілеріне, конвенцияларына жіті мән беріп, халық, ел, мемлекет қауіпсіздігін қамтамасыз ету шараларын атқарады. Оның негізгі бір бас тетік-құралы зайырлылық болып тұр.

     Еліміздің Конституциясының 1-бабының 1-тармағында «Қазақстан Республикасы өзін зайырлы, құқықтық мемлекет ретінде орнықтырады» деп бекітілген және бұл мемлекетпен оның түрлі наным-сенім, әдет-ғұрып, діни ұстанымдағы азаматтарының құрған қоғамдық ұйымдарының арақатынасын реттеу жолы. Алайда, зайырлы мемлекеттің классикалық үлгісі дегенде бір көзбен өлшеп-пішу талабы жоқ. Әр мемлекет өз азаматтарының тарихи-мәдени ортадағы қастерлі құндылықтарының тарихи мәні мен ел, ұлт тұтастығының негізі саналатын қазықтан адастырмайтын жол іздейді. Ғасырлар бойғы жинақталған орасан зор тәжірибелер мен қоғам дамуы талаптары тудырып отырған басты өлшем-қасиетті Құранда дәріптелген әділдік, адамгершілік, азаттық, теңдік, заңдылық аясында ғана әрекет етіп, өмір сүру!  Құқықтық мемлекеттің негізгі прициптері азаматтардың дініне, тіліне, нәсіліне, үлкен-кішісіне, тіпті азаматтығы бар-жоғына қарамай-ақ оның өміріне қауіп төндіретін қызмет атқару, демалу, білім алу, танысу мүмкіндіктеріне қайшы келетін жат пиғылдарға тыйым салынуы қажет. Зайырлылық кездейсоқ пайда бола қойған жоқ. Ол адам баласына Алланың берген азаттығын, қалау еркіндігін Алланың әділ жолын іздеу барысындағы талпынысының нәтижесіндегі жеткен жетістігі. Зайырлылықтың түрлі үлгісі бар. Бұрынғы ұстаным-үлгілерде дінге, тыйым салып, құдайсыз қоғам құру мақсатындағы мысалдар оның көне, жабайы түрлерінің бірі болса, бүгінгі үлгі адамзат қоғамын түрлі текетірестер мен қырғи қабақ соғыстардан сақтай алатын жол. Мұны біздің алдымыздағы ұрпақтар да білген.

Қазақ қоғамында да өзге әлем діндарлары арасындағы сияқты діни зерде ақыл-ой, сенім, ғибадат, тәрбиелік мәні зор асыл мұра саналып, оған ұлттың зиялы қауымы жанашырлық сипатта ғана емес одан әсте биік әрекетшіл парасат деңгейінде қарай алғанына тарих куә.

Бүгінгі этносаяси ықпалдастықтар аясында оның бір жарығы осы зайырлылық принципіне сүйенген ұлыстар мен ұлттар, барша азаматтарды надандық, қараңғы қасам жолдан құтқару әрекеті болып отыр. Оның бүгінгі алғашқы көрінісі мен қадамдарына мына төмендегілерді де жатқызуға болады. Еліміз Егемендік алуымен ислам қайта өрлеу кезеңінен өтті. Оған елімізде мешіттер мен діни оқу орындары көптеп ашылуы дәлел бола алады. Сонымен қатар, мемлекет басқа діндер мен конфессиялардың да бейбіт қатар өмір сүруіне мүмкіндік жасады. Бұған еліміздегі сенім бостандығына байланысты қабылданған либералды заңды айта аламыз. Дәстүрлі емес діни ағымдар, оның ішінде ислам атын жамылған теріс ойлы діни-саяси топтардың мұсылмандар арасына сыналып енуін алғашқы кезең мұрсат беріп қойды. Олардың діни топтар ретінде көптеп таралуына себеп болды. Исламның дамуына радикалды және экстремистік топтардың жат идеяларды уағыздауы кесірін тигізді. Осы жағдайларға байланысты елімізде дәстүрлі ханафи бағытындағы исламның дамуына үлкен орын берілуіге көңіл бөлінуде. Және солай болуы да керек.

Қазақстан Республикасының жас мемлекет ретіндегі қалыптасу кезеңін барынша тиімді зерттеп, өздерінің арамза пиғылдарын  жүзеге асырғысы келетін шетелдік жат, жау күштер алғашқы жылдардағы тәжірибеміздің аздығын пайдаланып, діни ахуал мен сезімге, көңіл – күйге барынша әсер етуге талпынып, түрлі жолдарды пайдаланды.

Елімізге тәуелсіздіктің 30 жылында жымысқы мақсаттарын бүркемелеп, арамза пиғылмен енген діни ұйымдар мен ағымдар үшін осы өтпелі кезеңде қадағалаудан тыс қалған әлеуметтік топ үгіт-насихат жүргізетін негізгі обьектіге айналып, талай адамдарымыз алдау мен арбауға түсіп үлгерді.

Мұнымен біз күресті дер кезінде бастап, жүргізіп отырмыз. Н.Назарбаев айтқандай: «Діни экстремизммен күрес, дінмен күреске айналып кетпеуі тиіс». Бұл-зайырлы мемлекеттің тұғырлы идеясы және тарихи дәуір талабы болып табылады.

  

Шымкент қаласы дін істері басқармасының мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы бойынша «Асыл мұра» қоғамдық бірлестігі әзірлеген