«Тоғжанның» тындырымды тірлігі

Ауыл тұрғындарының әл-ауқатын жақсарту және әлеуметтік мәселелерін шешу мақсатында «Ауыл аманаты» жобасы іске қосылған болатын. Бүгінде аталған жоба бойынша 21 жастан 35 жасқа дейінгі жастарға конкурс негізінде жылдық мөлшері 2,5 пайызбен шағын несие берілуде. Сөйтіп кәсібі бар немесе кәсіп бастағалы жүрген ауыл жастарына үлкен жауапкершілік жүктелді. Берілетін қаржының 85 пайызы мал шаруашылығы саласына бағытталуда. 
Ордабасы ауданының жастары да түрлі мемлекеттік бағдарламалар аясында өз кәсіптерін бастап, ел экономикасына елеулі үлес қосып келеді. Осындай жастың бірі – Тоғжан Қаныбекова Шұбар елді мекенінде тұрады. «Ауыл аманаты» бойынша  мемлекеттен 2,5  пайызбен жеті жарым миллион теңге жеңілдетілген несиеге 16 бас бұқа сатып алып, бордақылауда. Жас келіншек алғашында жеке кәсіп ашып, мал шаруашылығымен айналысуға жүрексінген екен. Алайда, қайын атасы Ербол мен ері Бейбіттің қолдауымен батыл қадам жасайды. Сөйтіп, Тоғжан жеке кәсіпкерліктің құжаттарын дайындап, «Тоғжан» шаруа қожалығын ашады. Бизнестің қыр-сырын, қаржылық сауатын дамыту үшін түрлі курстарға қатысып, білімін жетілдіреді. Сөйтіп, жас кәсіпкер шаруашылығын нығайту мақсатында «нартәуекел» деп бес жылға несие ресімдейді. Жалпы, қандай істе болсын, отбасының қолдауы өте керек. Бұл тұрғыдан Тоғжанның жолы болған екен. Қайын атасы да талай жыл мектепте ұстаздық ете жүріп, үйде мал ұстап, күнкөрістік нәпақасын осы шаруашылықтан айырып отырған.
Мал бордақылау ісі үлкен жауапкершілікті талап етеді. Шаруашылық менің атымда болғанымен, қорадағы қара малдың суын, жем-шөбін уақтылы беру және тазалығына дейін атам өзі атқарады. Кейде барып көмектескім келсе: «Қызым, ештеңеге алаңдама, басқа шаруаларыңды реттей бер. Малдарға қарауды маған тапсыр» деп шығарып салады. Қазіргі кезде мемлекет кәсіпкерлерді қолдау аясында түрлі бағдарламалар ұсынып отыр. Әсіресе, оның ішінде жастарды өмірге бейімдеу тұрғысында жұмыс істеудің, кәсіп бастаудың түрлі тетіктерін қарастырған. Олар өз шаруасына өзі қожалық ете жүріп дамиды және бұл еліміздің адами капиталын дамытуға үлкен үлес қосады. Жастарға жеңілдетілген несие беру – кәсіпкерлікке құлшынып жүрген олар үшін тамаша қолдау деп білемін, – дейді Тоғжан Ерболқызы.
«Тоғжан» шаруа қожалығы қорадағы қара малдарды Қызылорда облысының  Жаңақорған ауданынан алдырған. Мал бордақылау ісін жетік білетін Ербол Сұлтанның айтуынша, бұлар алған малдың тұқымы жергілікті малдарға ұқсамайды және алып келгеннен бергі екі айдай уақытта бұқалар қоң жинап қалған. «Кезінде мұндай жағдай жасалмады. Мектепте талай жыл ұстаз болып, зейнеткерлікке шыққаныма екі жыл болды. «Қандай тірлікпен айналыссам екен?» деп жүргенімде ұлым мен келінім мал шаруашылығымен айналысуға болатынын, үкімет қолдайтынын айтты. Келінім ауылдық мектепте ағылшын тілі пәнінен сабақ береді және жеке оқу орталықтың жұмысымен тыным таппайды, одан қала берсе екі кішкентайы бар. Бәріміз ақылдасып, оған көмектесейік әрі отбасылық кәсіпті жүргізейік деп шештік те, жұмысты бастап кеттік. Мемлекеттің көрсетіп отырған көмегі әрбір отбасының шайқалмауына және бос жүрген жастардың әлеуетін көтеріп, еңбек етуіне зор ықпал ететіні анық. Бұйыртса, бордақыдағы малдардың күйі келсе, сойып базарға сатуға ниеттіміз. Түскен қаржыға тағы мал алып, көбейтсек деп отырмыз» дейді ол.
А.Пайысхан
Фото Қ. ШЕРІМ.